BGR сайтының материалының негізінде Aikyn.kz тыңшылық бағдарламаны анықтау жолдарын түсіндіреді.
iPhone-ның батарея қуатын бұрынғыдан әлдеқайда тез жоғалтуы қауіпті белгі болуы мүмкін. Фото batista70phone.com сайтынан алынды
Apple-дің iOS жүйесі қауіпсіз саналса да, хакерлер ондағы осалдықтарды жиі пайдаланады. Мысалы, зиянды сілтемеге өту, жалған құжатты жүктеу немесе белгісіз хабарламаны ашу жеке деректеріңізге қауіп төндіруі ықтимал.
Тікелей адресті шабуылдар көбіне саясаткерлер, журналистер және танымал тұлғалар сияқты лауазымды адамдарға бағытталады. Өйткені мұндай шабуылдар қымбатқа түсіп, кейде пайдаланушының iPhone-ына физикалық қол жеткізуді талап етеді. Дегенмен егер біреу сіздің iPhone-ды бақылайды деп күдіктенсеңіз, сақ болыңыз. Біздің айтқан белгілер үлкен қатерлерден сақтайды.
Батареяның әдеттен тыс тез таусылуы
Айталық, сіздің iPhone бұрын әрдайым жақсы жұмыс істейтін. Енді батарея қуатын бұрынғыдан әлдеқайда тез жоғалтады. Мұның себебі – сіздің орналасқан жеріңіз туралы деректерді қаскөйлерге үздіксіз жіберіп тұратын «шпиондық» қолданбалар болуы мүмкін.
Бұны тексеру үшін «Баптаулар» қолданбасындағы «Батарея» бөлімін ашып, қай қолданбалар әдеттегіден көп қуат жұмсап жатқанын қараңыз. Егер күдікті нәрсе байқасаңыз – жойыңыз. Бұдан да маңыздысы – Apple енгізген жаңа құпиялылық көрсеткіштері. Экранның жоғарғы бөлігінде кездейсоқ индикаторлар көрінсе, бұл камераның (жасыл), микрофонның (қызғылт сары) немесе орналасқан жердің (көк) сіздің рұқсатыңызсыз қолданылып жатқанын білдіруі мүмкін.
Зиянды бағдарламалар iPhone-ды қыздырады. Фото certosoftware.com сайтынан алынды
iPhone-ның қызып кетуі
Зиянды бағдарламалар немесе жасырын қолданбалар құрылғыны пайдаланбаған кезде де үнемі қыздырып тұрады. Өйткені күрделі тыңшылық бағдарламалар әрдайым жұмыс істейтін «тұрақтылық модульдерін» қолданады. Бұл мәселені де «Батарея» бөлімінен тексеруге болады. Әсіресе «Фондық белсенділік» деректеріне назар аударыңыз. Ол құрылғыны пайдаланбаған кезде қандай қолданбалар қуатты жеп тұрғанын көрсетеді.
iPhone-ның қызып кетуі құрылғыны қуаттаудан, ойын ойнаудан, видео ағынын көруден, навигациядан немесе әлеуметтік желілерді пайдаланудан болуы да мүмкін. «Фото» қолданбасын индекстеу немесе iCloud көшірмесін жасау сияқты Apple-дің өзінің фондық процестері де қызуға себеп болуы ықтимал. Ол жағын да ескеріңіз.
Қалқып шығатын күдікті терезелер мен белгісіз конфигурация профильдері
Сіз iPhone-да әдеттен тыс қалқып шығатын терезелерді байқасаңыз (веб-сайттағы жарнамалардан басқа), бұл алаңдатарлық белгі. Хакерлер жалған сайттар, зиянды QR-кодтар немесе күрделі фишингтік шабуылдар арқылы құрбандарға зиянды конфигурация профильдерін орнатқызуы мүмкін.
Егер сіздің iPhone-да күдікті профиль орнатылған болса, бұл құрылғыңыздың бақыланып отырғанын білдіруі мүмкін. Өйткені мұндай профильдер сертификаттар орнатып, құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Осылайша зиянды қолданбалар орнатылып, деректеріңізді ұрлауға болады.
Өзіңізді қорғау үшін «Баптаулар» → «Негізгі» → «VPN және құрылғыны басқару» бөліміне кіріңіз. Егер жұмысыңызға немесе таныс VPN қызметіне қатысы жоқ бірдеңе байқасаңыз – дереу жойыңыз. Бірақ абайлап тексеріңіз: кейде бұл ресми компания немесе оқу орнының профилі болуы мүмкін.
Күтпеген жерден қайта жүктелу
Күрделі тыңшылық бағдарламалар iOS жүйесінің істен шығуына және iPhone-ның өздігінен қайта жүктелуіне де себеп болады. Мұндай жағдай көбіне iMessage немесе WhatsApp арқылы келетін эксплойттардан туындайды. Бұл жағдайда ең дұрыс шешім – iPhone-ды толық қалпына келтіру. Ол үшін «Баптаулар» → «Негізгі» → «iPhone-ды көшіру немесе қалпына келтіру» → «Барлық мазмұн мен баптауларды өшіру» тармағын таңдаңыз. Дегенмен мұндай мәселе ескі батареяға, iOS бета-нұсқасын қолдануға немесе тіпті аналық плата ақауларына байланысты да болуы мүмкін. Бұндай аппараттық зақымдану болса, Apple-дің қолдау қызметіне жүгінген жөн.
iPhone-ды қорғаудың жолдары
iPhone-ды қаскөйлердің бақылауы және шабуылдауы – өте маңызды қауіп. Бірақ олардың көбінің алдын алуға болады. Әрқашан қолданбаларды тек App Store-дан орнатыңыз, белгісіз профильдер мен сертификаттардан сақтаныңыз және қай қолданбалар батареяны тауысып жатқанын тексеріп тұрыңыз.
Егер сіз бизнесмен, журналист немесе мен саясаткер болып, қауіп тобына жатсаңыз, онда Apple-дің арнайы ұсынылатын «Блоктау режимін» қосып алыңыз. Ол «Құпиялылық және қауіпсіздік» бөлімінде қолжетімді. Бұл режим қосылғанда кейбір қолданбалар мен функциялар шектеледі, бірақ тыңшылық бағдарламалардан қорғану деңгейін арттырады.
Сонымен қатар, әрдайым iPhone-ды жаңартып отыруды ұмытпаңыз. Жаңа үлгілерді қолдану да қауіпсіздікті күшейтіп, қажетсіз бақылаудан қорғайды. Бұл енді экономикалық мүмкіндікке тірелетін басқа әңгіме. Қауіпті смартфонның қаржылық, әлеуметтік зардаптары одан да қымбат екенін де ұмытпаңыз.Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.