in

KAZTALOV-INVEST: жаңа мүмкіндіктер бастауы

Жолдаудан туындайтын міндеттерді қолдау және жүзеге асыру мақсатында Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында KAZTALOV-INVEST І аудандық инвестиция­лық форумы өтті. Форум аясында құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды.

Ауданда алғаш рет өткен форумға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Қаюпов, БҚО кәсіпкерлік және индустриал­дық-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Нұр­жан Өтеп­баев, AQJAIYQ әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорация төрағасы Ержан Дос­маков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша аймақтық филиалы басшысы Тарас Шальга, «СММ Бизнестех» ЖШС директоры Жанаргүл Дүйсенова, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім және ме­кеме басшылары, округ әкім­дері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

– Алдымен, сіздерді об­лыс әкімі Нариман Төреғали­ұлының атынан ауданда өтіп отырған алғашқы ин­вес­­тиция­лық форумның ашы­луымен шын жүректен құт­тық­­­таймын! Бұл форум – ау­­да­нның әлеуетін танытуға, жаңа жобаларды іске асыруға және инвесторлармен тиімді әріптестік орнатуға арналған үлкен алаң. 8 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауында еліміз үшін жаңа инвестициялық кезеңнің бас­талғаны айтылды. Енді негізгі басымдық өңдеу өнеркәсібін, жоғары технологияларды және жасыл экономиканы дамытуға берілмек. Осы бағытта облыс әкімдігі ауданмен бірлесе отырып, инвесторларға барлық жағдай жасауға дайын. Қазталов ауданы – ауыл шаруа­шылығына қолайлы жері бар, еңбекқор халқы бар, табиғи мүмкіндігі мол өңір. Бұл әлеуетті дұрыс пайдалану арқылы біз ауданның да, облыстың да дамуына серпін бере аламыз. Осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 393,4 млрд теңгені құрап, 2024 жыл­дың сәйкесті кезеңімен са­лыс­тырғанда 5,4% артып отыр (2024 жылдың 8 айында – 355,3 млрд теңге). 2025-2029 жылдарға аудан бойынша агроөнеркәсіп кешен саласында және қызмет көрсету саласында жалпы құны 1,8 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асыру жоспарда бар,  – деген облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Ерсайұлы форумның жұмысына оң бағасын берді.

Форумды аудан әкімі Асланбек Сар­құлов тізгіндеп, айтулы іс-шараның маңыз­дылығын атап өтті.

– Бүгінгі басқосуымыз елі­міздің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа мүм­кін­діктерге жол ашуға бағытталған маңызды шара болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұ­мысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс» деп атап өткен еді. Бұл – біздің баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін айқын бағдар. Өйткені инвестиция – тек қаржылық құйы­лым ғана емес, ол жаңа жұ­мыс орындары, заманауи технология, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі. Сондықтан бүгінгі форум – ауданымыздың әлеуетін танытып, жаңа серіктестіктерге жол ашатын, ортақ мақсатқа қол жеткізуге арналған тиімді алаң болмақ, – деді аудан әкімі.

Форумда шара қонақтары­мен қатар Қазталов ауданында кәсіпкерлік саласының дамуы жөнінде  аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, «Даму» кәсіпкерлікті дамы­ту қоры» АҚ арқылы кәсіпкер­лерге көрсетілетін қолдау ша­­ра­­лары туралы «Даму» кә­сіп­керлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша аймақтық фи­лиалы қаржылай қолдау бө­лімінің менеджері Бағдат Утебалиева, егістік алқаптарда биотыңайтқыштарды енгізу технологиясы жөнінде «Олжа Сервис» ЖШС директоры Ерғазы Дүйсенов, екпелі шөп өсіру жұмыстары жөнінде «Ер-Қожа» шаруа қожалығының жетекшісі, облыс­тық мәслихат депутаты Самат Хасанов, «Даяр» жеке кәсіпкерлігінің негізін қалап, белсенді еңбек етіп, нарық сұранысына сай өнім түрлерін осы бағыттағы тәжірибесімен бөліскен жеке кәсіпкер Жанайдар  Сағынғали, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып құс шаруашылығын дамытып отырған азамат Манас Тоқкужинов, ауданда туризм саласын дамыту жөнінде жеке кәсіпкер Сұлтан Сартаев баяндама жасады.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы өз сөзінде форум­ның жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Форум аясында облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Қаюпов, салалық басқарма және мекеме басшылары аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.  Форумның өтуіне «AMANAT» партиясы да қолдау көрсетті.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, 

Батыс Қазақстан облысы