Жиында компания жетекшілері өткен жылдың қорытындысын айтып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттерді талқылайды. Биыл да компания үшін табысты болған 2025 жылдың нәтижелері сараланып, 2026 жылға қойылған негізгі міндеттер айқындалған болатын. Компания өкілдері атап өткендей, қол жеткізілген рекордтық көрсеткіштердің артында, ең алдымен, кәсіби мамандардың еңбегі тұр.
Өткен жыл елдің электр энергетикасы үшін қарқыны жоғары кезең болды. Ел аумағында жарыққа деген сұраныс 3,8 пайызға өсіп, 124,6 млрд кВт сағатқа жеткен. Сәйкесінше, электр өндіру көлемі де көбейіп, 123,1 млрд кВт сағатты құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға артық.
Атап айтсақ,18 желтоқсанда елдің энергетикалық жүйесіне түсетін жүктеме ең жоғары деңгейге жетіп, 17 724 мегаватты құраған еді. Яғни, тұтыну рекордтық деңгейге жеткен күндердің өзінде елдің энергожүйесі жұмысын жалғастырып, халық пен өндіріс орындарын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алды.
Компанияның қаржылық көрсеткіштері де көңілге қонымды. KEGOC-тың таза пайдасы 70,8 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда, 19 пайызға артқан. Алдағы жылдың болжамы да жоғары деңгейде: 2026 жылы компанияның таза табысы тағы өсіп, шамамен 77 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.
– Электр энергиясын тұтынудың артуы және ең жоғары жүктемелердің өсуі бізден жоғары тәртіпті, технологиялық дайындықты және Ұлттық электр торабын жүйелі дамытуды талап етеді. 2025 жылы компания Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, рекордтық қаржылық нәтижелерге қол жеткізді. 2026 жылы біз ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, цифрлық трансформацияға және өндірістік қауіпсіздікті арттыруға басымдық береміз, – деп атап өтті KEGOC АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.
Отандық энергожүйе операторының жетістіктері халықаралық деңгейде де назардан тыс қалған жоқ. Әлемдік рейтингтік ұйымдар компанияның қаржылық тұрақтылығы мен сенімділігін жоғары бағалап отыр.
Сонымен қатар компания әлеуметтік жауапкершілігін де жоғары деңгейде атқарып келеді. Осылайша, KEGOC-тың әлеуметтік тұрақтылық индексі 88 пайызды құрап, «Самұрық-Қазына» портфельдік компаниялары арасында үздік үштікке енуіне мүмкіндік берді. ESG рейтингі бір жыл ішінде 7 балға өсіп, 62 балға жетті. Тіпті, экологиялық жобалар аясында 4 780 ағаш отырғызылып, қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген. Мұның бәрі KEGOC-тың ел энергетикасын дамыту ғана емес, қоғамға пайдалы бастамаларды да қатар жүзеге асырып отырғанын көрсетеді.
Биыл компания өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге, 2026-2031 жылдарға арналған тарифтер мен инвестициялық бағдарламасын бекітуге, сондай-ақ жасанды интеллект жобаларын енгізуге басымдық бермек. Бұдан бөлек, жөндеу жұмыстарын уақытында өткізу, күзгі-қысқы кезеңге дайындықты қамтамасыз ету және қаржылық тиімділікті арттыру да негізгі міндеттердің қатарында.
– Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту үшін 2035 жылға дейін бірқатар ірі жобаны іске асырып жатырмыз. Бұл бастамалар электр энергиясын өндіру жоспарларымен толық үйлестірілген. Қазірдің өзінде оңтүстік аймақтың желілерін күшейту және Батыс өңірді Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобалары жүзеге асырылуда, – деді Нәби Айтжанов.
Алдағы жылдары тағы бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынады. Солардың бірі – Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тұрақты ток желісін салу. Бұл жоба іске асса, электр энергиясын тасымалдау мүмкіндігі 2000 мегаваттқа дейін артады. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Сондай-ақ елордада жаңа цифрлық «Астана» қосалқы стансасын салу жоспарланған. Жалпы алғанда, алдағы уақытта шамамен 7 мың шақырым жаңа электр беру желілерін іске қосу жоспарлануда.
Компания басшысы бұл жобалардың ел экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы тұрақты ток желісін салу – болашағы зор ірі жобалардың бірі. Ол транзиттік өткізу қабілетін едәуір арттырады. Сонымен қатар жаңа цифрлық «Астана» қосалқы стансасының құрылысы елорданың электрмен жабдықтау сенімділігін бірнеше есе күшейтеді, – деді Нәби Айтжанов.
Бұдан бөлек, компания цифрландыру бағытында да бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. Осы уақытқа дейін енгізілген жүйелердің арқасында 16,6 млрд теңге көлемінде экономикалық тиімділікке қол жеткізілген. Бұл – қосымша электр стансаларын жүйеге қосу, энергожүйені бақылау мүмкіндігін арттыру және желінің өткізу қабілетін көбейту нәтижесінде мүмкін болған көрсеткіш.
Қазір диспетчерлік басқару жүйесін жаңғырту және энергожүйені бақылау жүйесін кеңейту жобалары іске асырылып жатыр. Ал алдағы кезеңде электр қуаты ағындарын тиімді басқару мен жүйедегі жүктемені алдын ала болжауға бағытталған жаңа цифрлық шешімдер енгізу жоспарланып отыр. Мұның бәрі Қазақстанның электр желілерін одан әрі тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бермек.
Компания филиалдарына өндірістік қауіпсіздік пен су тасқынына қарсы шараларды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
– Біздің алдымызда үлкен әрі күрделі міндеттер тұр. Оларды тек бірге, бір мақсаттағы команда болып қана жүзеге асыра аламыз, – деді компания басшысы.
Нәби Айтжанов сондай-ақ 2026 жыл еліміз үшін маңызды кезең екенін атап өтті, өйткені дәл осы уақытта елде Конституцияның ауқымды реформасын жүзеге асыру басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда ауқымды конституциялық реформа жүргізіліп жатыр. Басты мақсаты – елдің Ата Заңын жаңарту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру.
– Бүгін Қазақстанның болашағы қалыптасып жатыр. Оның бағытын дәл қазір біз айқындаймыз. 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді. Референдумда Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымы мен құқықтық дамуының болашағы айқындалады, – деді KEGOC басшысы.
