Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері су ресурстарын үнемді пайдалануға арналған инновациялық жобаны іске қосты. Олардың «Автоматтандырылған суғару жүйесі» стартапы оқу ордасында өткен салтанатты іс-шара барысында ресми түрде таныстырылды.
Бұл жоба – QyzPU базасында екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан Demoday «Startup Tomiris» байқауының жемісі. 2024 жылы аталған конкурста І орынды иеленген стартаптың авторлары – Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының 3-курс студенттері Динара Булкунбек пен Әмина Иманова.
Информатика кафедрасының аға оқытушысы әрі жобаның ғылыми жетекшісі Жұлдыз Базаева бұл жүйенің басты мақсаты – тұрақты даму қағидаттары аясында экологиялық және технологиялық тиімді шешім ұсыну екенін атап өтті. Ал жоба авторлары жүйенің техникалық ерекшеліктерімен таныстырып, оның жұмыс істеу алгоритмдерін жан-жақты түсіндірді.
Автоматтандырылған құрылғы бірнеше негізгі компоненттен тұрады: ауа температурасы мен ылғалдылығын өлшейтін сенсор, топырақ ылғалдылығының датчигі, су сорғысы мен соленоидты клапандар. Жүйе ауа райы мен топырақ жағдайына қарай дербес жұмыс істейді, ал басқару арнайы әзірленген мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады. Қосымша Android және iOS платформаларында қолжетімді. Онда өшіріп-қосу, қолмен және автоматты режимдер қарастырылған.
«Жүйе толықтай автоматтандырылған. Егер топырақ құрғап кетсе, сенсорлар арқылы бұл туралы сигнал түсіп, суғару процесі өздігінен басталады. Мұндай жүйе әсіресе уақыты шектеулі адамдар үшін өте тиімді», – дейді жоба авторлары.
Суғару жүйесімен қатар гүлзарларды көркейту және климаттық жағдайларға бейімделген суару тәртібі де енгізілді. Бұл бастама табиғатты қорғау шараларына үлес қосып қана қоймай, экологиялық мәдениетті дамытуға да ықпал етті.
Жобаның тағы бір маңызды жетістігі – оған авторлық құқық куәлігінің алынуы. Бұл стартаптың инновациялық әлеуетін растайтын маңызды қадам.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай жобаның болашағына сенім білдіріп, оның мемлекеттік деңгейде кеңінен қолданылатынына үміт артты. Сонымен қатар, ол мұндай бастамалар студенттердің практикалық дағдыларын нығайтып, оларды нақты проблемаларды шешуге бағыттайтынын атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.