Мемлекет басшысының Жарлығымен елде 2026 жылдың 15 наурызында Конституциялық референдум өтеді. Соның негізінде жаңа Конституция халықтың таңдауына беріледі. Қазір әр бапты қоғам жіті талқылап жатыр. Жаңа Конституция жобасында адам құықтары мен оның ар-ожданы, адамның жеке басының құндылықтарына аса мән берілген.
Конституциялық соттың дерегінше, жаңа Конституция жобасында әр адам мемлекет құндылығына баланған. 12-20-бапқа дейін адамның бостандығы, өмір сүру құқығы, ел азаматтарының шетелде де қорғалуы, сотқа жүгіну жайы жазылған. 20-бапта адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қол сұқпау, 21-бапта жеке өміріне қол сұқпау, 22-бапта ар-ождан бостандығы көзделген. Дәлірек айтқанда, адамның өз құқығын білуі, пайдалана алуы, заң алдында қорғауы сипатындағы нормалармен айқындалған. Ал қалған баптарда адамның оқуы, білім алуы, еңбек етуі, сотқа жүгінуі сияқты бірқатар ереже мен қағида бар. Қолданыстағы Конституцияға қарағанда «адам» сөзі 1,5 есе көп, 76 рет қолданылыпты.
Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының президенті, Халықаралық заңгерлер одағының мүшесі, профессор Өмірәлі Жалаири жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен ар-ожданы, жеке басының қадір-қасиетіне аса мән берілгенін жеткізіп отыр.
– Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарына айрықша кепілдік берілген. «Конституциялық құрылыс негіздері» атты І бөлімі, 1-бапта «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нақтыланды. Демек, бұдан былай адам құқықтарына барынша назар аударылып, оның ар-ожданы мен бостандықтарына кепілдік беріліп, жан-жақты қорғалады. «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты ІІ бөлімінің, 12-бабының, 2-тармағында «Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар» делінген. Бұрын Конституциялық сотқа 4-5 субъект қана жүгінетін. Бұдан былай әр адам өз құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Бұл орган адам құқықтарын бұзылмауын да қадағалайтын болады. Осы баптың 3-тармағында «Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады» деп айқындалған. Бұған дейін адамдар өздерінің құқығын қорғай алмай, балағат сөз естіп, түрлі зорлық-зомбылық көргендей қайда жүгінерін білмей дал болатын. Енді сот, прокуратурадан қанағаттанарлық жауап алмаған жағдайда, адвокаттардан көмек ала алатын болды. 86-бапта адвокаттардың мәртебесі ерекше айқындалғаны да үлкен жетістік. Жаңа Конституцияда «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдары ескеріліп, цифрлық дәуірге лайықталады деп сенеміз. Себебі Әділетті Қазақстанда адамның құқығы бәрінен жоғары тұруға тиіс, – дейді заңгер.
Мемлекет басшысы биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында «адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалған» деп атап өтті. Сондай-ақ Президент «қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма», – деді. Бұл ұсынысты қоғам құптағаны байқалды.
Аталған бастамаларды Философия, саясаттану және дінтану институтына қарасты Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Амребаев оң тенденцияға балайды. Ол жаңа Конституция жобасының 28-бабының 1-тармағы, сондай-ақ 8-баптың 3-тармағына байланысты ой-пікір білдірді. Оның сөзінше, қоғам талқысына ұсынғалы жатқан Конституцияны не ұлттық негізге немесе халықаралық заң нормаларының біріне лайықтап жасау керек деп пайымдайды. Сондай-ақ Халық Кеңесі адам құқығын қорғайтын қоғамдық негізде жұмыс істейтін ұйымға айналып, құзыреті артқанын қалайды.
– Жаңа Конституция жобасында, әсіресе, преамбулада да ең бастысы – адам құқығы мен құндылығы деп айқын жазылса, ең маңызды субъект ол адам деп нақтыланған. Ал қолданыстағы Конституцияда басты субъект мемлекет еді. Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары, ар-ожданы, құндылығы кең, зерделеген. Айта кетейік, 28-баптың 1-тармағында «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деп жазылған. Расында, осы мемлекетте өмір сүретін адамның жеке баспанасына қол сұғылмаушылық, жай нормативтік құқықтық актілер шеңберінде қарастырылғаннан гөрі, елдің басты ресми құжаты – Ата Заңда шегеленіп жазылуы, адам құқықтарының беделінің артқанын білдіреді.
8-баптың 3-тармағындағы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады…» деген бөлімдері бар. Яғни, біздің жер де, қазба байлық та халыққа тиесілі, ал мемлекет тек соны үйлестіріп, жүзеге асыратын оперативті орган деген сөз. Конституциялық комиссия құрамында тек қана заңгерлер, билік өкілдері емес, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, ғалымдар, саясаткерлер, БАҚ өкілдері кіруі – ел үшін маңызы бар істі талқылап, жетілдіруге зор септігін тигізуде, – дейді саясаттанушы.
Нақтылап өтейік, адам құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құжаттарға 1948 жылғы Жалпыға бірдей декларация, 1950 жылғы Еуропалық конвенция және БҰҰ-ның арнайы конвенциялары (балалар, әйелдер, мүгедектер құқығы) жатады. Олар өмір сүру, еркіндік, азаптауға тыйым салу және теңдік құқықтарын кепілдендіреді. Біздің ел де әлемнің бір бөлігі болғандықтан, осы шарттарға мән беретіні анық.
Аталған Конституциялық реформадағы адам құқықтары аспектілерінің маңызы жайында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде де адам мен мемлекеттік институттың біртұтас екенін айтып келеді. Ол Конституцияның өзегінде ең басты құндылық ретінде адам және оның құқықтары мен бостандықтары айқын көрсетілгенін алға тартты. Бұл – жай ғана декларация емес, мемлекеттің даму философиясын айқындайтын іргелі ұстаным. Сонымен қатар аталған бастаманы еліміздегі әділетті, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп бағалайды.
– Жаңа жобада адам құқықтары абстрактілі ұран деңгейінде емес, нақты конституциялық кепілдіктер арқылы бекітіледі. Өмір сүру құқығы абсолютті құндылық ретінде қорғалып, жеке бас бостандығына заңсыз қол сұғуға жол берілмейтіні нақты айқындалады. Азаматтарды негізсіз қамауға алу, заңсыз шектеу немесе қысым көрсету әрекеттеріне тосқауыл қоятын құқықтық тетіктер күшейтіледі. Сот билігінің адам құқықтарын қорғаудағы рөлі де айтарлықтай күшейтіледі. Тәуелсіз және әділ сот – азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейінің негізгі көрсеткіші. Осы тұрғыда құқық қорғау механизмдерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі өзгерістер қарастырылған. Конституцияның жаңа жобасында отбасы институтын қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмаған. Теңдік қағидаты күшейтіліп, тегі, жынысы, ұлты, тілі, діні немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан әр азаматтың заң алдындағы теңдігі нақты бекітіледі. Бұл – қоғамдық келісім мен өзара құрметтің берік негізі. Жаңа Конституцияда сөз және шығармашылық еркіндігі, еңбек ету құқығы, әлеуметтік қорғалу кепілдіктері, жеке өмірге қол сұқпаушылық және ар-ождан еркіндігі секілді негізгі құқықтар кешенді түрде айқындалады. Мемлекет адам қадір-қасиетін қорғауды өзінің тікелей міндеті ретінде қабылдайды. Бұл өзгерістер азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Адам құқықтарын қорғау – тек соттардың немесе мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті мен құндылығы. Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары басымдық ретінде бекітіп, Қазақстанның құқық үстемдігіне негізделген, заманауи әрі әділетті мемлекет ретінде дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады, – деп түйді Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссияның мүшесі.
Тоқетері, жаңа Конституцияда адам құқықтарына айрықша мән берілген. Соның ішінде адам құқығы, отбасы құндылығы, неке қатынасы ерекше айқындалып тұр. Бұл жолғы Конституцияның қолданыстағысынан айырмашылығы – адам құқықтары мен бостандықтарына кепіл беруінде. Яғни, мемлекет әр адамның мүддесін, ар-ожданын, қадір-қасиетін басты орынға шығарады.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ
