in

Ажырасқандардың мүлкі қалай бөлінеді?

Мүлік дауына нүкте қою қиын. Ажырасқаннан кейінгі дау-дамайдың көбі дәл осы ортақ дүние үшін өршиді. Бірі үйді алам дейді, бірі көлікті, бірі бизнеске үлесін сұрайды. Бірақ бұған дейін заң бірден нақты жауап бере алмайтын. Себебі, мүлікті бөлуге қойылған шектеу, яғни, үш жылдық мерзім талай адамның жолын байлап келген еді. Жоғарғы сот енді осы тәртіпке өзгеріс енгізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.

Нақтырақ айтқанда, неке бұзылғаннан кейін мүлікті бөлісуге берілетін үш жыл мерзім бұрынғыдай ажырасқан күннен емес, азамат өзінің құқығы бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап есептелетін болды. Себебі отбасылық өмірде мүлік бірден түгел көрсетіле бермейді. Біреу банктегі шотты жасырады, біреу үйді әпкесінің атына рәсімдей салады. Үш жыл бұрын ажырасып кеткенімен, мүліктің бар екенін тек биыл білген адамдар осы күнге дейін ештеңе істей алмайтын. Енді ондай мүмкіндік бар.

Жаңа тәртіп бұрынғы жұбайлардың мүлікке қатысты құқығын нақтырақ әрі жан-жақты қорғауға жол ашады. Бұл Конституциялық соттың түсіндіруімен де бекітілген. Бұған дейін тіпті заңды түрде сатып алынған кез келген дүние үй, көлік, бизнеc мүлік ретінде саналмай қалатын жағдайлар болды. 

Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстанда 40 569 отбасы ажырасқан.