Кездесу барысында Аида Балаева металлургия саласының Қазақстан экономикасындағы шешуші рөлін атап өтті. Бұл – елдің экспорттық әлеуетін айқындайтын, халықты жұмыспен қамти алатын және құрылыс, машина жасау және энергетиканың дамуына ықпал ететін негізгі салалардың бірі. Ол Ата Заңның жаңа редакциясы еңбек, қауіпсіздік және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу мәселелерін тікелей қамтитынын ерекше айтты.
«Көп жылдан бері «Қазцинк» компаниясы Қазақстанның түсті металдар экспорттық нарығында ең жоғары бәсекелестікке төтеп беріп, қарқынды дамып жатқан ұжым. Алайда өнеркәсіптің әрі қарай дамуы, білікті мамандардың жұмыс істеуі және шетелдік инвестицияларды тарту үшін ішкі саяси тұрақтылық бізге бұрыннан да маңызды болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, 15 наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді. Бұл – жай ресми рәсім емес. Әр азаматтың мемлекеттік маңызы бар мәселелерге атсалысып, өз ұстанымын тікелей білдіру мүмкіндігі. Соңғы жарты жылда Ата Заңның жаңа мәтіні әзірленді. Ел тарихында алғаш рет Егемендік, Тәуелсіздік, ел аумағының тұтастығы мен басқару нысаны өзгермейтіні нақты бекітілді», – деді вице-премьер.
Сонымен қатар Аида Балаева еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормаларға тоқталды.
«Ата Заңда еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары және әділ еңбекақы алу құқығы бекітіледі. Бұл нормалар өндірістік жарақатты азайтуға және қызметкерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған. Яғни, еңбек жағдайы үшін жұмыс беруші мен мемлекеттің жауапкершілігі ең жоғары деңгейде – Конституцияда бекітіледі. Заң үстемдігі орныққан елде тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенім мол болады. Демек, кәсіпорындар мен қызметкерлер отбасыларына жағдай жасай алады. Негізгі өзгеріс ретінде Конституцияда басты орынға азамат – оның құқықтары мен қажеттіліктері, еңбегі қойылғанын көруге болады», – деп атап өтті А.Балаева.
Кәсіпорын қызметкерлері алдында Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев те сөз сөйледі. Ол жаңа Конституция жобасы цифрлық дәуір кезеңінде және онлайн ортада адам құқықтарын қорғауды күшейтетінін айтты.
Өнеркәсіп саласының өкілдері де алдағы референдум экономиканың орнықты дамуы мен еңбек ұжымдарының болашағы үшін маңызды екенін сөз етті . «Қазцинк» Өскемен металлургия кешенінің директоры Тимур Тоқжігітов те пікір білдірді.
– «Қазцинкте» 19 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 4 мыңы – Өскемен металлургия алаңында қызмет етеді. Жұмысшылардың төрттен бірі – жалпы нәтижеге баршамен тең үлес қосып жүрген әйелдер. Біздің еңбек ұжымы үшін алдағы референдум – жай қоғамдық-саяси оқиға емес, біз еңбек етіп, бала тәрбиелеп, ұзақмерзімді өндірістік жоспар құрып отырған елдің стратегиялық даму мәселесі. Біз 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға міндетті түрде қатысамыз», – деді Тимур Тоқжігітов.
Бұдан соң Өскемен қаласының Орталық мәдениет үйінде жалпыұлттық коалиция мүшелері Шығыс Қазақстан облысының шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тұрақты құқықтық ортаны құрудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасының инвестицияларды қорғауды күшейтуге, сот жүйесіне сенім арттыруға және тұрақты экономикалық дамуға жағдай жасауға бағытталғанын айтты.
«Кәсіпкер ойын ережелерінің кенеттен өзгермейтініне, инвестицияларының қорғалатынына, сот жүйесінің дауларды әділ әрі ашық шешетініне сенімді болуы қажет. Тек осындай жағдайда ғана ұзақмерзімді стратегиялар жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылады, өндіріс дамиды. Сондықтан 15 наурыздағы референдум – осы қағидаларды конституциялық деңгейде бекітетін тарихи мүмкіндік. Жаңа Конституция жобасында меншік құқығын қорғау кепілдіктері күшейіп, заңдардың күші кері қолданылуына тыйым салынады, мемлекеттік басқарудың айқын әрі жауапты жүйесі қалыптасады. Бұл кәсіпкерлік үшін тәуекелдерді азайтса, ел үшін тұрақтылықты нығайтады, әр азамат үшін болашаққа сенімділік береді», – деп атап өтті Аида Балаева.
Үкімет басшысының орынбасары «Заң және тәртіп» қағидаты шынайы бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал ететінін де сөз етті.
«Заң және тәртіп» қағидаты адал бәсекелестік ортасын құрмақ, онда заңды бизнес қорғалып, ал жасырын әрекеттер әшкереленеді. Әділ ережелер – кәсіпкердің басты серігі. Мемлекет басшысы «еңбек адамының» маңызын бекер атап өтпеді. Кәсіпкерлер мен шаруалар – тәуекелге бел буып, жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтитын, елдің экономикалық күшін қалыптастыратын адамдар. Жаңа Конституция экономикалық бастаманы қолдауға және сонымен бірге заңға, қоғамға, келешек ұрпаққа деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Қуатты экономиканы қуатты мемлекетсіз құру мүмкін емес. Ал қуатты мемлекетте сенім, әділдік және еңбекке құрмет басты құндылықтар болып саналады. Бүгінде Қазақстанның болашағы – тұрақты, бәсекеге қабілетті және өз күшіне сенімді ел болатыны бізге байланысты», – деді Аида Балаева.
Кездесуде қатысушылар экономикалық және салалық мәселелермен қатар, реформалардың құндылықтарына да тоқталды. Атап айтсақ, жауапкершілікке шақыру, азаматтық қатысудың деңгейін арттыру және оны құру мәдениеті талқыланды SAMGA дамыту орталығының жетекшісі Әлия Көңілхан ел үшін тек экономикалық даму емес, сонымен бірге адамгершілік құндылықтар, берік отбасы және болашаққа деген жауапкершілік маңызды екенін атап өтті. NIETWOMAN ҚҚ төрайымы Алтынай Төлеухан референдум мемлекет құндылықтарын онжылдықтарға айқындайтынын, ал әділ ережелер сенім, инвестиция мен даму үшін, әсіресе әлеуметтік экономика мен әйелдер кәсіпкерлігінде маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді.
Кездесу соңында ШҚО-ның шағын және орта бизнесі мен агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері конституциялық өзгерістер тұрақтылыққа кепілдік беру, заңды құқықтарды қорғау, өндірісті жаңғырту және өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасауға жол ашатынын атап өтті.
Осыдан кейін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында жалпыұлттық коалиция мүшелерінің сапары аясында облыстың туризм саласының өкілдерімен дөңгелек үстел өтті.
Аида Балаева жаңа Конституция жобасы адамды, оның құқықтарын, қауіпсіздігін және болашағын ел дамуының негізгі басымдығы ретінде негіздейтінін атап өтті. Сонымен қатар жаңа Конституция елдің мемлекеттік құрылымының нығаюы мен экономикалық дамуы үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырады. Премьер-министрдің орынбасары туризм саласы үшін құқықтық тұрақтылық, инвестиция мен табиғи-мәдени мұраны қорғау ерекше маңызды екенін айтты.
«Табиғатты қорғау қағидатын бекіту үлкен маңызға ие. Бұл – туристік сала үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Қоршаған ортаны қорғау тек экологиямен байланысты ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақтың мәселесі. Табиғат – экономикалық ресурс қана емес, біздің ұлттық бірегейлігіміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оны сақтау – міндетіміз, ал оны жан-жақты дамыту – өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Туризм саласы үшін ерекше маңызды дүние – алдын ала пайымдау мен сенім. Инвесторлар мен кәсіпкерлер заңның айқын болуына, меншік құқығының қорғалуына және мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығына сенімді болуы тиіс», – деп атап өтті Аида Балаева.
Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов өз сөзінде туризмнің тұрақты дамуы табиғи аумақтарды қорғаумен қатар, бизнестің инфрақұрылымға, қызмет көрсету сапасына және жаңа бағыттар ашуға инвестиция салуына мүмкіндік беретін құқықтық негіздердің болуын талап ететінін атап өтті.
Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі Сергей Пономарев бір палаталы Парламент – Құрылтай туралы ұсынылған үлгісіне толығырақ тоқталып, өзгерістер артық бюрократияны азайтуды және депутаттардың жауапкершілігін күшейтуді мақсат ететінін айтты.
Жиын соңында Шығыс Қазақстан облысының туристік сала өкілдері конституциялық реформаны қолдайтынын білдіріп, алдағы референдумға азаматтардың қатысуы қоғам сенімін арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңірлердің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.
М.ТӨЛЕУ
