in

Алматы облысында өрт салдарынан алты бірдей отбасы далада қалды

Алматы облысында бір-біріне жапсарлас орналасқан үйлер өртеніп, алты отбасы далада қалды. Оқиға Белбұлақ ауылында болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Белбұлақ ауылындағы жапсарлас салынған бұл үйлерде жалпы саны 30 шақты адам тұрған. Тұрғындар өртке қураған ағаштың электр сымына құлауы себеп болды дейді. Соның салдарынан тоқ желісінде ақау шығып, от содан тұтанған деп топшылайды. Қазір сегіз үйдің де қабырғасынан басқа түгі қалмаған. Күйік иісі мүңкіп тұр. Үйдің шатыры опырылып, іші жанып кеткен. Жиһаз, тұрмыстық техника, есік-терезеге дейін күлге айналған. Өрттен алты отбасы баспанасыз қалды.

Шатыр түтіндей бастағанда, жұрт суды шелектеп шашып, отты сөндіруге тырысқан. Ал хабар берілгенімен, таяқ тастам жерде тұрған өрт сөндіру бөліміндегілер "асықпай келді" деп ашынады. Олар жеткенше, қызыл жалын баспананы түгел шарпыған.

"Ар жағынан, анау бағанадан мына үйге қарай түскен сымнан тұйықталу болған, шатырдың астынан жанып жатыр екен. Сол кезде жүгіріп жүріп шелекпен су шаштық. Шатырға шығуға қорықтық, өйткені тоқтың сымы төбеде жатыр, тоқ ұрады, өліп қаламын ғой. Барынша су септік, болмады. Олар телефон алмады. Өрт сөндіру қызметі де келе қоймады. 40 минуттан кейін бе, 50 минуттан кейін бе, әйтеу келді, бірақ суы жоқ", – дейді Әмір Салмұрзаев.

Ал өрт сөндірушілердің айтуынша, хабарлама кеш түскен. Бұған қоса, сол уақытта бірнеше ауданнан өрт шығып, барлығына бірдей жедел жету мүмкін болмады деп түсіндірді. Соған қарамастан, жылдам әрекет етіп, жалынның одан әрі өршуіне жол бермедік дейді.

"Төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндіру бөлімшелері бір мезгілде бірнеше өртті сөндіруге жұмылдырылған. Өрт туралы хабарламаның кеш түсуіне байланысты, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде өрт жалпы ауданы шамамен 500 шаршы метрді құрайтын сегіз пәтерді толық шарпыған. Өрттің қарқынды таралуына қатты жел, қамыс-қаңқалы және кірпіш конструкцияларынан салынған ғимараттың құрылым ерекшелігі ықпал етті. Өрт толық оқшауланып, толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, бәрі аман", – делінген ТЖД хабарламасында.

Тұрғындар баспанасыз қалуына бірінші кезекте әкімдікті кінәләп отыр. Атқамінерлерге қураған ағаштарды кесу туралы талай мәрте шағым жаздық дейді. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбаған көрінеді.

"Есік алдына қураған ірі-ірі ағаштар құлай бергендіктен, жұма күні мен шағым жазуға барғанмын. Ертесінде, сенбіде біз үйде болдық. Сол кезде гүрс етіп, есіктің алдына құлады. Жүгіріп шықтық. Олқылық әкімдіктен болып тұр ғой. Өйткені ағашты кесу керек еді. Уақытымен аралап шығу керек еді. Қай жерде қураған ағаштар бар, қай жерде құлайын деп тұрған қауіпті нәрсе бар, соның бәрін қарап шығуы керек болатын", – дейді Кенжегүл Нүсіпова.

Атқамінерлер бір күнге кешіккенін айтады. Сөзіне сенсек, тал кесу кесу демалыста жүргізіледі деп жоспарланған. Енді оның орнына қазір зардап шеккен отбасыларға қажет көмегін көрсетіп әлек.

"26 маусымда хабарласты. 27-сі күні тізім бойынша жұмыс атқарылып, келесі тізімде осы оқиға болған жер жүргізілу керек болатын. 28, 29 маусым, осы күндері жаңа жұмыс жүргізілу керек болатын, бірақ апаттық жағдайға байланысты осындай жағдай болды. Жауапкершілікті ешкім алып тастап жатқан жоқ. Барлық тиісті шара қолданылады, көмек көрсетіледі", – дейді Белбұлақ ауыл округінің әкімі Еркінбек Әбіров.

Өртке қатысты қылмыстық іс те қозғалған. "Кінәлілер тек сараптамадан соң анықталады", – дейді тәртіп сақшылары. Ал әкімдік тілсіз жаудан зардап шеккен алты отбасының екеуін қонақүйге орналастырыпты. Қалғаны одан бас тартып, туысының үйін паналап жүр. Енді баспанасынан айырылғандар үйін қалпына келтіріп беруді сұрайды.