Онда 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға медициналық оңалту қызметтері көрсетіледі.
Жоба Алматы қаласы әкімдігі, «Қазақстан халқына» қоры, «Samruk-Kazyna Trust» және «Қамқорлық қоры» серіктестігімен жүзеге асырылған. Бұл – қалада денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының күшін біріктіріп жұмыс істейтін алғашқы орталық.
Орталықта сенсорлық бөлме, тұзды және шунгитті бөлмелер, сондай-ақ иммерсиялық ванна сияқты арнайы жабдықталған бөлмелер бар. Балалармен түрлі саланың мамандары – невропатолог, реабилитолог, логопед, психолог және басқалар жұмыс істейді. Әр балаға жеке оңалту бағдарламасы жасалады.
Орталық күндізгі стационар ретінде 21 күндік курс ұсынады. Бір уақытта 50 бала қабылдай алады, жылына 600-ге дейін бала қамтылады. Барлық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін ұсынылады.
Ресми дерек бойынша, Алматыда 7 460 балада мүгедектік бар. Ең жиі кездесетін диагноздар — церебралды сал ауруы, психомоторлық және сөйлеу дамуының кешігуі, жүйке жүйесінің зақымдануы және тірек-қимыл жүйесінің туа біткен патологиялары.
Айта кету керек, осы орталықта Қазақстанда алғаш рет ұрық хирургиясы да жүзеге асырыла бастаған. Қысқа мерзім ішінде 40-тан астам құрсақішілік ота жасалып, 30-дан астам сәби дүниеге келген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.