Алматыда жол жөндеу жұмыстарына байланысты Құлжа тас жолындағы қозғалыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды astana24.com Almaty Joly-ға сілтеме жасап.
Almaty Joly Telegram-арнасының мәліметінше, Алматыда Құлжа тас жолының бір бөлігінде орташа жөндеу жүргізуге байланысты қозғалыс уақытша шектеледі.
"24 шілде сағат 20:00-ден 27 шілде 08:00-ге дейін Бұқтырма көшесінен қала шекарасына дейінгі аралықта жол жабынын орташа жөндеу аясында асфальтбетонның жоғарғы қабатын төсеуге байланысты реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады.
Көлік жүргізушілерінен уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды, уақытша жол белгілері мен жылдамдық режимінің талаптарын сақтауды сұраймыз.
Жөнделетін учаскеде мердігер ұйым басшысының байланыс ақпараты бар ескерту белгілері мен тақта қойылады. Бағытты алдын ала жоспарлаған жөн", – делінген AlmatyJoly хабарламасында.
