in

Арзан турдың азабы

Ел аралап әрі сүйікті тобының концертін көзбен көру үшін туристік компаниядан тур сатып алады. Бірақ сапар уақыты жақындаған сәтте компания уәдесін орындамай, тұтынушыны тақырға отырғызған. Осыдан кейін Ақниет сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Алайда арадан жарты жыл өтсе де, кейіпкеріміз әлі күнге дейін толық қаражатын қайтара алмай келеді. 

Кейінгі кездері елімізде осыған ұқсас жағдайға тап болғандардың қатары көбейіп барады. Арзан тур­дың азабын тартып, қалтасынан қа­ғылған азаматтар жалған ту­рис­тік компаниялардың интернет ке­­­ңістікте емін-еркін сайран құ­рып жүргеніне ашынады. Өкінішке қа­рай, дәл қазір олардың мұндай іс-әрекетіне «әй дейтін әже, қой дей­­тін қожа» болмай тұрған сыңайлы.

Қазір Қазақстанда жыл ба­сы­нан бері туризм саласында қанша алаяқтық оқиғасы тіркелгені жө­нінде нақты ақпарат жоқ. Бірақ құ­қық қорғау органдарына шағы­мын жеткізіп, әлеуметтік желіде жазба қалдырған халық санының көптігіне қарап, көрсеткіштің ке­мімей тұрғанын аңғару қиын емес. Жоғарыда біз баяндаған Ақниеттің басынан өткерген оқиғасы да осы­ған дәлел. Кейіпкеріміз бізге төлем процесі, туроператордың сенім ұялататындай қандай тәсілдерді қолданғаны туралы баяндап берді. 

– Осы уақытқа дейін Coldplay тобының Абу-Дабиде өтетін кон­цертіне билет таба алмағандықтан, енді Оңтүстік Кореядағы кешін өткізіп алғым келмеді. Сонымен әлеу­меттік желіні ақтарып отырып Оңтүстік Кореяға тур ұйымдас­ты­ратын компанияның жарнамасына көзім түсті. Турды таргет арқылы таптым. Қазір көбі шетелге ав­тор­лық тур ұйымдастырып жатады. Бірақ оған аса сене қоймаған­дық­тан, туристік компаниялар арқылы барғанды жөн көрдім. Мен бұл компания жарнамалаған турға не үшін сендім? Себебі олар осыған дейін Coldplay тобының Абу-Да­биде өткен концертіне тур жасаған. Мен турды олардың (туристік ком­панияның – ред) қолында кон­церт­­ке алдын ала сатып алынған билет бар болғаны үшін алдым. Себебі Кореядағы концертке билет табу қиын еді. Оның үстіне, кон­цертті өзім жалғыз емес, турмен бірге тамашалаймын деген үміт болды, – деді ол.

Ақниет жарнаманы көрген соң туристік компания өкілдеріне WhatsApp желісі арқылы байла­ныс­қа шыққан. Олар турды сатып алар алдында тұтынушыдан 50% алдын ала төлем талап еткен. Егер Оңтүстік Кореяға кіруге арналған электронды рұқсат қағазы К-ЕТА шықпай қалған жағдайда, ақша­ның 5 пайызын әкімшілік алымға төлейтінін, ал қалған қаражат то­лық қайтарылатынын айтып уәде берген. Тағы бір маңызды тұсы, жар­намада тұтынушыға виза рә­сімдеуге көмектесетіні және оның құны тур ақысының ішіне кіретіні анық көрсетілген. Бірақ кейіп­ке­ріміз К-ЕТА мен визаға құжат тап­сырған уақытта компания өкіл­дерінен екіұшты жауап алып, со­ңында тағы да өз қалтасынан ақша шығаруға мәжбүр болған. Турасын айтқанда, жарнамадағы жазба жыл­тыр уәде болып шыққан. Тур сатып алар алдында екі тарап ара­сында келісімшарт болуға тиіс. Бі­рақ Ақниетке жіберілген ке­лісім­шартта Қазақстаннан ұшып шығу уақыты ретінде мүлдем басқа күн көрсетілген. Осыны айтып шағымданған тұтынушыға ком­пания «қайта өзгертеміз» деп жа­уап қатқан да, ұшты-күйлі жо­ға­лып кеткен.

– Маған виза беруден бас тарту туралы ақпарат келді. Туристік компания өкілдеріне жағдайды айтып, ақшаны қайтаруды талап еттім. Бірақ олар визаға екінші рет тапсырып көруімді сұрады. Со­ңын­да олар байланысты үзе бас­тады. Мен бірден заңгердің көме­гіне жүгіндім. Телефонда сақталған барлық скриншоттарды жібердім. Тіпті, менің қолымда ешқандай келісімшарт болмады. Туристік компанияға сотқа дейінгі талабы­мызды жібергенімізбен, олардан жауап келген жоқ. Жақында ғана сәуірден бері жалғасқан сот аяқ­талды. Міне, жарты жыл күттім. Туристік компания қаражаттың жартысын ғана жіберді. Ең ашы­натын тұсы, олар өз іс-әрекеті үшін кешірім де сұраған жоқ. Ең болмағанда жағдайды түсіндіріп, балама шешім де ұсына алмады, – деді Ақниет.

Жалған турфирманы қалай анықтауға болады?

Қазір әлеуметтік желіде арзан тур ұсынып, халықты алдап жүрген жалған компаниялардың көбеюіне не себеп? Олардың заңды тур­опе­ратордан басты айырмашылығы неде? Арзан турлардың артында кейде ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас? Біз осы мәсе­лелер турасында туризм сарап­шыларының пікірін тыңдап көр­дік. Туризм маманы, инфлюенсер Жансая Менилбаева алаяқтардың айласын оңай іске асыруына қар­жылық сауаттың төмендігі, жар­наманың бақылаусыз қалуы және азаматтардың тек бағаға қарап шешім қабылдауы әсер ететінін айтады.

– Кейінгі жылдары нарықта көлеңкелі қызмет көрсетушілердің саны күрт артты. Мәселен, 5 жыл бұрын Шарын шатқалына барған туристер саны қазіргімен салыс­тырғанда әлдеқайда аз болатын. Қазір қайда барсаңыз да, туристер­дің қарасы қалың, ал олардың көп бөлігін заңсыз жұмыс істейтін тур­фирмалар тасымалдап жүр. Пан­демиядан кейін халықтың сая­хатқа деген қызығушылығы артты. Әри­не, барлық адам қолжетімді бағаны іздейді. Осыны пайдалан­ған алаяқ­тар әлеуметтік желіде «ерекше же­ңілдікпен тур» ұсынып, адамдарды алдап жүр. Жауап­кер­шілік тек мем­лекетке немесе тек тұтынушыға жүктелмейді. Мем­лекет лицен­зия­лау мен бақылауды күшейтуі керек, ал әр азамат ком­панияның сенім­ділігін тексеріп, өзін қорғауды үй­ренуге тиіс, – деді маман.

Сарапшы турфирманың алаяқ­тар екенін айғақтайтын негізгі белгілерді тізіп өтті. Олар өте тө­мен баға, ресми құжаттың болма­уы, төлемді жеке шотқа сұ­рау, сондай-ақ офис пен лицен­зия­ның жоқтығы. Егер сіз таң­даған турда аталған белгілердің бірі бар болған жағдайда, бірден бас тартқан абзал.

– Олар ең алдымен «арзанға» жүгіреді сүйенеді. Мысалы, басқа ком­паниялардан екі есе төмен бағада «бәрі қосылған» тур ұсы­на­ды. То­лық алдын ала төлем сұ­рай­ды, келісімшарт жасамайды, ал жасаса жалған құжатпен шектеледі. Әдет­те, кеңселері болмайды, тек әлеу­меттік желі арқылы байланыс ор­натады. Ал заңды туропера­тор­дың лицензиясы, кеңсесі, ресми сайты мен жұмыс телефондары болады. Клиентпен міндетті түрде келісім­шарт жасасады және ту­рис­тік сақ­тандыруды ұсынады, – деді Жан­сая Ғаниқызы.

Жарнаманың шынайылығын қалай тексереміз?

Әлеуметтік желідегі жарна­ма­ның шынайылығын бірнеше жол­мен анықтауға болады. Сарапшы бұл тұста турдың рас-өтірігін 100 пайыз анықтау мүмкін емес екенін айтады. Дегенмен ең алдымен ком­панияның ресми мәртебесін тексеріп, кеңсесінің бар-жоғын анықтау, оқырмандар жазған пі­кірлерге мән беру, төлем жасау тәр­тібі мен жарнамалау стиліне на­зар аудару қауіптің алдын алуға көмектеседі. 

– Egov порталы немесе Туризм индустриясы комитетінің сайты­нан компанияның лицензиясы бар-жоғын көруге болады. Бұл – ең сенімді әдіс, өйткені заңды опе­ратор міндетті түрде мемле­кет­тік тізілімде тіркеледі. Егер мүм­кіндік болса, компанияның кең­сесіне барып көру маңызды. Шы­найы туроператорлар жасы­рын­байды, нақты мекенжайы мен байланыс нөмірі бар. Бұрынғы ту­ристердің пікірлерін оқыған дұ­рыс. Бірақ жалған пікірлердің көп­тігін ескеру керек. Сол себепті бір дереккөзге ғана сенбей, бірне­ше тәуелсіз платформадан тексер­ген жөн. Ең негізгі ереже – төлемді тек компанияның ресми есепшо­тына аудару. Егер ақша жеке адам­ның картасына түсіп жатса, ол ком­панияның заңды түрде тіркел­мегенін көрсетеді. Сондай-ақ «тек бүгін», «арзан баға», «соңғы орын» сияқты асықтыратын жарнама­лар – көбіне алаяқтардың әдісі. Бұл тұтынушыны ойланбастан ше­шім қабылдауға итермелейді, – деді сарапшы.

Кей жағдайда арзан турлардың артында ұйымдасқан қылмыстық топ жасырынуы мүмкін. Бұл пі­кірді туризм мамандары да жоққа шығармайды. 

– Иә, бұл пікірдің жаны бар. Құқық қорғау органдарының де­регінше, 2024 жылы Қазақстанда 17 мыңнан астам интернет-алаяқ­тық фактісі тіркелген. Бұл былтыр­ғы жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. Келтірілген жалпы шығын 20 млрд теңгеден асып отыр. Өкі­ніш­ке қарай, осы статистиканың ішін­де туризм саласына қатысты мә­селелер де бар. Бұл жай алаяқтық емес, ол қаржылық қылмыс, – деді Ж.Ғаниқызы.

Еуропада «қорғаныс қоры» құрылған

Әлемдік тәжірибеге назар са­лып қарасақ, Еуропада туристерді қорғау үшін арнайы «қорғаныс қоры» құрылып, агенттік банкрот­қа ұшыраған жағдайда да тұты­ну­шыға ақшаны қайтарып беру мүм­кіндігі қарастырылған. Мысалы, Данияда пандемия уақытында ту­ристік агенттіктерге қолдау көрсе­ту мақсатында Travel Guarantee Fund жүйесі енгізілген. Осының ар­­қасында туристік агенттік қа­рызға батса да, туристерге ақшаны қайтару немесе өтемақы беру қамтамасыз етілген. Одан өзге Фран­цияда туристік агенттік бан­крот болған жағдайда арнайы қор­ға жүгіну мүмкіндігі бар. Мәселен, FTI France банкрот болған кезде, APST туристерге қайтарым жасау немесе балама қызмет ұсыну те­тігін іске қосқан. Ал Қазақстанда туристің ақшасы қайтарылмай қалған жағдайда тұтынушы құқығы қалай қорғалады? 

– Егер туроператор ресми ли­цензиясы бар заңды компания болса, турист Тұтынушылар құқы­ғын қорғау комитетіне немесе сотқа шағым түсіре алады. Қазақ­станда туроператорлардың жауап­кершілік қоры бар, сондықтан бел­гілі бір жағдайда туристің шы­ғыны өтеледі. Алайда егер турист жалған компанияға алданып қал­са, өкінішке қарай ақшаны қайтару өте қиын. Мұндай жағдайда тек полицияға арыз беріп, қылмыстық іс қозғауды талап етуге болады, – дейді Ж.Менилбаева.

Жалған турдың салдары – жеке адамның қаржылық шығыны ғана емес, бүтін бір қоғамның сеніміне әсер етуші фактор. Бақылаусыз қалған әрбір арзан жарнама – жаңа құрбандықтың алғышарты деп қарауымыз тиіс. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы