Бұған дейін Астанадағы ақылы автотұрақтарды жекеменшік компаниялар басқарған. Енді олар әкімдік қарамағына өтті. Осыған байланысты төлем жүйесі де жаңартылды, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Телеарна мәліметінше, жүргізушілер үшін UIMS Parking мобильді қосымшасы мен веб-порталы іске қосылды. Бұған дейін рәсімделген жеңілдіктер мен абонементтер осы жүйеге көшірілді. Ал бұрынғы төлем тәсілдері мен тұрақтардағы QR-кодтар қолжетімді болып қала береді.
"Жүргізуші тұраққа келіп тоқтағаннан кейін 5 минуттың көлемінде ақыны төлеуі керек. Егер 1 сағаттан асып жатса, екінші сағатқа автоматты түрде төленуге тиісті. Егер екінші сағатқа төлемей ұмытып кетіп жатса, ол кісілерге ескертпе хабарлама келеді. 23:59 дейін төлесе болады. Ондай жағдайда айыппұл салынбайды", – дейді ЖҚҰ орталығы директорының орынбасары. Руслан Әбдуәлиев.
Көлік жүргізушілері үшін автотұрақ ақысы да өзгеріссіз қалды. Бұрынғыдай бір сағатына – 100 теңге. Айта кетейік, қазір елордада 533 ақылы тұрақ аймағы бар. Мұнда 10 мыңнан астам көлікке орын қарастырылған. Алдағы уақытта олардың саны көбейеді. Тағы мың ақылы тұрақ аймағы қосылады.
Ал тұрақ инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылады. Жаңа орындар көлік қозғалысы қарқынды және тұраққа сұраныс жоғары жерлерде пайда болады. Оларды жоспарлау кезінде жолдың жүктемесі, қолданыстағы тұрақтардың қаншалықты пайдаланылатыны және тұрғындардың қажеттілігі ескеріледі.
Автотұрақты пайдалану тәртібін бұзған жүргізушілерге талап бұрынғыдай. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылады. Сала мамандары жаңа жүйе арқылы тұрақтардың жұмысын ретке келтіріп, қызмет көрсету сапасын арттыруды көздеп отыр.
