Қаланың орталық алаңында тарихта алғаш рет субұрқақ жұмысын бастады, – деп хабарлайды Аikyn.kz «Қазақпаратқа» сілтеме жасап.
Жаңа нысанның ерекшелігі – субұрқақ тек әуен мен жарықпен үйлескен су ойыны емес, ол тақырыптық сипатқа ие. Су ағындары көкке шапшып көтерілген сәтте алаң үстінде Юрий Гагариннің әйгілі «Поехали!» дауысы естіледі, артынша Левитанның тұңғыш ғарышкердің ұшқаны туралы хабарламасы беріледі, соңынан «Трава у дома» әні шырқалады.
Субұрқақты ресейлік және қазақстандық мердігер компаниялар бірлесе салған. Қазір әр кеш сайын алаңда тұрғындар мен қала қонақтары жиналып, салқындап, ерекше музыкалық бағдарламаға куә болады.
Қала әкімдігінен атап өткендей, бұл жоба «Өмір сүруге қолайлы инфрақұрылым» ұлттық жобасы аясындағы «Қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру» федералдық бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.
Соңғы уақытта Байқоңырға саяхат ұйымдастыратын туристік агенттіктер жаңа нысанды экскурсиялық бағдарламаға қосуға дайын екенін мәлімдеді. Себебі басты алаңда қонақтарды қабылдайтын «Орталық» қонақүйі орналасқан.
Ал байқоңырлықтар қазірдің өзінде фонтанды құс ұшатын биіктіктен әдемі бейнеге түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.