in

Бала таңдайды, мемлекет қолдайды

Осыған орай, Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, салалық басқарма басшылары, білім беру ұйымдарының өкілдері мен ата-аналар қауымдастығының мүшелері қатысты.

Жиын қосымша білім беруге бір­ыңғай мемлекеттік тапсырыс ая­сында ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу барысындағы өзек­ті мәселелерді саралауға арналды. Бұл жүйе балалар мен ата-аналарға өздеріне қажет үйірмені немесе білім беру орталығын дербес таң­дауға мүмкіндік беріп, мемлекеттік қаражатты сол таңдауға сәйкес тікелей жеткізушіге бағыттауды көздейді. Яғни, қаржы – баланы жетілдіретін ортаға барады. Мұн­дай әдіс әлемнің дамыған елдерін­де кеңінен қолданылып келеді.

Сәрсен Абайұлы өз сөзінде ваучерлік жүйенің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің жан-­жақты дамуына, шығарма­шы­лық қабілетін арттыруға, бос уақы­тын тиімді пайдалануға жағ­дай ж­асау екенін атап өтті. «Қос­ым­ша біл­ім беру саласына бөлі­нетін қара­жат көлемі соңғы жыл­­дары бірнеше есеге өсті. Бұл мем­лекет тарапынан балалардың әлеу­етін ашуға бағыт­тал­ған үлкен қол­дау. Алайда мұндай ауқымды қар­жыны тиімді әрі заңды түрде пайдалану  барлығымыз үшін ор­тақ міндет. Жүйе сапалы өнім беру­шілердің іріктелуіне, бәсеке­лестік орта қалыптасуына негіз болады. Қазір таңдау құқығы – ата-аналар мен балалардың өзін­де», – деді қала әкімінің орынба­сары.

Шымкент қаласында ваучерлік қаржыландыру жүйесі аясында 344 жекеменшік үйірме мен орталық жұмыс істеуде. Олардың қызметі Artsport.edu.kz платформасы ар­қы­лы қадағаланады. Бұл жүйе ар­қылы ата-аналар баласына қажетті үйірмені онлайн форматта таңдап, өтінім бере алады.

Мемлекеттен бөлінетін қаржы­лық қолдау мөлшері де нақты белгіленген. Мәселен, қарапайым балалар үшін – ай сайын 15 000 теңге, ал ерекше білім беру қажет­тілігі бар балалар үшін – 22 500 теңгені,  мүгедектігі бар балаларға  30 000 теңгені құрайды.

Жиында Сәрсен Абайұлы жал­пы бұл бағытқа жыл сайын 10 мил­­­лиард теңге көлемінде қаражат қарастырылып жатқанын, алайда осы ауқымды қаржының мақсатты әрі заңды жұмсалуы  басты назарда болуға тиістігін атап өтті. 

Кездесу барысында әкім орын­басары кейбір заңбұзушылық фактілерді де атады. Олардың қа­тар­ында бір педагогтің бір мезгілде бірнеше үйірмеде қатар жұмыс істеуі, бір баланың 5-7 үйірмеге бір уақытта тіркелуі және қызмет көр­сет­пей-ақ қаржы игеру әрекеттері болған. Бұл жағдайлар жүйенің ашықтығын бұзатын, қаражатты тиім­сіз пайдалану тәуекелін арт­тыра­тын келеңсіздіктер ретінде сынға алынды.

«Мұндай заңбұзушылықтарға жол берген жеткізушілерге қатыс­ты шара қолданылып, тиісті ор­ган­дарға мәлімет жолданады. Біз тек сапалы қызмет көрсететін ор­та­лықтарға қолдау білдіреміз», – деп нақтылады Сәрсен Құранбек.

Кездесуде бәсекелестік орта­ның маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қаладағы үйірмелер мен орталықтар санының өсуі сапа мен қолайлы жағдайды арттыруда негізгі тетік болады. Ата-аналар мен балалардың сұранысына сай жұмыс істейтін орталықтар нарық­та өз орнын сақтап қалса, қызмет сапасы төмен жеткізушілер бір­тіндеп нарықтан ығыстырылатыны айтылды.

Сонымен қатар ерекше қажет­тіліктері бар балаларға арналған инк­люзивті үйірмелердің санын арттыру, білім беру қызметінің сапасын бақылау жүйесін жетіл­діру, ұдайы мониторинг жүргізу, оқыту­шылардың біліктілігін арт­тыру сияқты міндеттер де алға қой­ылды.

Жиын қорытындысымен қала әкімінің орынбасары ваучерлік қаржыландыру жүйесінде ашық­тық­ты қамтамасыз ету, білім беру жеткізушілерін аккредиттеу және мониторинг жүргізу механизм­дерін күшейту, жалған деректер мен бұрмалаушылықтарға жол бер­меу, қоғамдық кеңес пен ата-аналар ұйымдарының қатысуымен тұрақты қоғамдық бақылау орнату және балалар мен ата-аналарға ар­налған ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. 

Шымкент қаласында ен­гізіл­ген ваучерлік қаржыландыру жүйе­сі тек қосымша білім беруді дамыту ғана емес, балалардың тұл­ғалық дамуына, жаңа қабілеттерді ашуға жол ашатын маңызды қа­дам. Бұл жүйе арқылы баланың қыз­ы­ғушылығы бірінші орынға шығып, мемлекет сол таңдау үшін нақты қаржы төлейді. Жаңа баста­ма­ның түпкі мақсаты әр баланың арманына жол ашу, талантын ұштау, әлеуетін арттыру. Сондық­тан­ да мемлекет қолдайды, ал бала таңдайды, сапа басты талап ретін­де қала береді.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы