in

Балалық шақ – экранның ар жағында емес

Бұл сұрақ бүгінгі ата-ана, ұстаз, тіпті мемлекет деңгейінде де бас ауыртатын мәселеге айналды. XXI ғасыр балалары көзін ашқаннан смартфон, планшет, теледидар көріп өсіп келеді. Бір қарағанда, бұл – заманның дамуы, технологияның жетістігі. Бірақ екінші жағын ойласақ, психикасы толық қалыптаспаған бала үшін бұл құралдар зиянды қаруға айналуы мүмкін. Мәселе, баланың не көріп, нені тыңдап, кімге еліктеп жүргенінде.

Ақпараттық гигиена – адамның тұ­ты­на­тын ақпаратын сүзгіден өткізіп, пай­дасы мен зиянын ажырата алу қабі­ле­ті. Ересек адам үшін бұл сана елегінен өтетін процесс болса, бала үшін шекара­сы бұлыңғыр, әлі жетілмеген, психо­ло­гия­лық сүзгісі әлсіз орта. Ал бала TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформа­лардан не көріп жүр? Ашық-шашық киін­ген блогерлер, агрессияға толы ой­ын­дар, арзан күлкі мен фастфудты дәр­іп­тейтін контенттер. Ал осы ақпарат­тар баланың логикасына қалай әсер етеді? Оның құндылықтарын қандай арнаға бұрады? Өкінішке қарай, бұл сұраққа көбіміз нақты жауап бере алмай­мыз, өйткені көп жағдайда қадағалау жоқ.

Цифрлы аутизм – тыныштықтағы трагедия

Соңғы жылдары «цифрлы аутизм» деген термин жиі айтылып жүр. Бұл – баланың гаджетке тәуелді болуынан туындайтын психологиялық ауытқу. Яғни, бала адамдармен қарым-қаты­насқа түскісі келмейді, сыртқы ортаға енжар, эмоциясы әлсіз, жалғыздықты жақсы көреді. Психологтердің айтуын­ша, бала алғашқы үш жаста көбірек адам­мен байланыс жасап, сөйлесуі ке­рек. Ал егер бұл кезеңде ол экран алдын­да отырса – мидың сөйлеуге, ойлауға, ше­шім қабылдауға жауап беретін ней­рон­дары тежеледі. Бұл кейіннен оқу үл­геріміне, қоғамға бейімделуіне әсер етеді. Астана  қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Эльмира Сметованың айтуынша, бүгінде ата-аналар балаларды бақылау мүмкіндігін жоғалта бастаған.

 – Кешке жұмыстан шаршап келемін, баламның үндемей отырғанына қуанам. Бірақ кейін байқаймын, ол телефонын 3-4 сағат тастамай қарап отырған. Са­бақ­қа зейіні төмендеді, тіпті ашуланшақ болып кетті. Телефонды қолынан алсам, кәдімгі­дей агрессия байқалады, – дейді ол.

Бүгінде балалардың көпшілігі осын­дай күйде өмір сүріп жатыр. Таңертең мектепке барып, кешке үйге келген соң гаджетке үңілу – қалыпты сценарийге айналған. Бос уақыттарын ауладағы ойын, кітап оқу немесе шығармашы­лықпен емес, экран алдындағы видео, ойын, әлеуметтік желіге қарап өткізеді.

Ата-аналар бұл жағдайға амалсыздан көндігіп отыр. Бір жағынан, гаджет – баланы тыныш ұстаудың амалы болса, екінші жағынан – қауіптің көзі.

– Балам достарымен араласудан қалып барады. Мектептен келген соң, телефонға отырады. Телефонын алып қойсам, өз-өзіне келмей қалады. Қазір баламен сөйлесу үшін алдымен смарт­фон­ды «өшіріп» алу керек, – дейді ол қынжыла.

Психолог не дейді?

Бүгінде балалардың гаджетке тәуел­ді­лігі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Бұл бір жағынан заман ағымына бейім­делу болса, екінші жағынан – ата-ана­лар­дың уақыт тапшылығы мен балаға деген эмоциялық байланыстың әлсіреуі­нің салдары.

– Баланың гаджетке тәуелді болуы көбінесе жалғыздық пен назардың же­тіс­пеуі­нен туындайды. Көп ата-ана үшін телефон баланы тыныштандырудың «құт­қарушы құралына» айналып кеткен. Алайда бұл уақытша шешім ғана, оның арты баланың психикасына кері әсер етуі мүмкін, – дейді психолог маман Лимана Қойшиева.

Психологтің айтуынша, тәуелділіктің алғашқы белгілері – гаджетті алып қой­ған кезде баланың агрессия көрсетуі, әлеу­меттік қарым-қатынасқа қызықпау, зейіннің тұрақсыздығы және ұйқы бұзыл­ыс­тары.

– Смартфондағы жылдам ауысатын бейнелер үнемі дофамин бөлінуін туғы­за­ды. Бұл – ми үшін жасанды ләззат көзі. Нәтижесінде, бала шынайы өмірден қуаныш табуды тоқтатып, кітап оқу, сөй­лесу, ойнау сияқты әрекеттерге қызығу­шылық жоғалтады, – дейді маман.

Психолог баланы гаджеттен мүлде ажырату емес, сапалы қарым-қатынасты күшейту керегін баса айтады.

– 3-6 жас аралығындағы балаға экран алдында ең көбі 15-20 минут қана уақыт беруге болады, ал мектеп жасындағы балаларға – 1 сағаттан аспауға тиіс, – дейді ол.

Оның орнына баламен бірге серуен­деу, ойын ойнау, кітап оқу немесе шығар­ма­шылықпен айналысу ұсынылады.

– Ең бастысы ата-ана баласына үлгі бола білуі керек. Егер ересектер өздері де үнемі телефонға телміріп отырса, ба­ла­ның одан бас тартуы қиын. Гаджет емес қарым-қатынас пен көңіл бөлудің орны ешнәрсемен толтырылмайды, – деп түйіндеді Лимана Қойшиева.

«Бұрын далада ойнайтынбыз…»

Бүгінгі балалардың балалық шағы – төрт қабырға ішінде өтіп жатыр. Бұрын біз асыр салып аулада доп қуалап, асық ойнап, жаңбыр астында жүгіріп, бір-бірі­мізбен жарысып өстік. Қазір балалар үйде, құлағында құлаққап, қолында смартфон. Олардың ойы таязданып барады. Себебі логикалық ойлау, қиял, шығармашылық – сыртта жүріп, өмірді бақылап, шынайы тәжірибе жинаған кезде дамиды. Телефон оған мұндай мүмкіндік бермейді. Экрандағы дайын ақпаратты жай ғана көру – баланың миына дайын шаблондарды сіңіру деген сөз. Әрине, технологияны мүлде жаман деуге болмайды. Смартфон да – құрал. Егер дұрыс пайдаланылса, ол баланың дамуына сеп болуы мүмкін. Бірақ оған бақылау, қадағалау қажет. Баланың жа­сына сай контент ұсыну, уақытын шек­теу, гаджетсіз уақыт өткізуге дағдылан­дыру – бұл ата-ана мен мектептің негізгі міндеті. Мәселе телефонда емес, мәселе оны кім қалай пайдаланып жатқанына байланысты. Бала гаджетті емес, гаджет баланы басқарып кетсе – міне, мәселе осында. 

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жанның айтуынша, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желі­сіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірім­дердің интернетке қолжетімділігін заң­намалық деңгейде реттеді. Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар… Еуропа­лық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қа­тысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы санала­тын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.

– Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені TikTok-ты шамадан тыс қол­дану­дың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер те­ле­фонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады, – деді депутат.

Қадағалаусыз бала – бағытсыз кеме

Мектеп баланы оқытуға ғана емес, оны өмірге бейімдеуге де жауапты. Бірақ мектеп те бәріне үлгере алмайды. Ата-ана – бірінші тәрбиеші. Балаға гаджет бергенде, онымен не көріп, не тыңдай­тынын білуі керек. Егер ата-ана уақыт таппаса, мектеп бейқам болса, мем­лекеттің араласуы – заңды. Ақпараттық кеңістіктегі балаларға арналған контент­ті заңмен реттеу, зиянды контенттерге шектеу қою – бұл бүгінгі күннің талабы. Өйткені болашақ – біздің балаларымыз. Егер оларды ақпараттық умен уласақ, ертең санасы уланып шыққан ұрпақтан не күтеміз?

Цифрлы гаджеттер баланың психо­логиясымен қатар, физиологиясына да теріс әсер етуде. Әсіресе, көру қабілетіне. Офтальмолог-дәрігер Назира Жазубай­қызының айтуынша, балаларда көру қабілеті мектеп жасына дейін-ақ бұзыла бастауы мүмкін. Мұндай жағдай, әсіресе теледидарға, гаджетке ұзақ үңілуден, дұрыс жарық түспейтін ортада кітап оқудан және көздің үнемі шаршауынан болады. 

– Егер баланың көру қабілетінде өз­геріс байқалса, міндетті түрде офтальмо­логқ­а қарату қажет. Баланың кітапты бетіне тым жақын ұстап оқуы, заттарға көзін сығырайта қарауы – бірінші белгі­лердің бірі. Ал бұл жағдай уақытында ескерілмесе, миопия немесе астигматизм секілді күрделі ақауларға ұласуы мүм­кін, – дейді дәрігер.

Балалар арасында экранға ұзақ үңілу қалыпты жағдайға айналып кеткен. Бірақ дәрігер смартфон мен планшетке күн сайын 2-3 сағаттан артық қарауға болмайтынын айтты. Әр 20 минут сайын көзді демалту керек. Сонымен қатар монитор мен баланың көзі аралығында кем дегенде 50-60 см қашықтық болуы шарт. Баланың отырған орнында жарық жеткілікті болуға тиіс. Көру бұлшықет­теріне арналған жаттығуларды күнделікті әдетке айналдырсаңыз көздің шаршауы азаяды. Мамандар «Аветисов» әдісімен ұсынылған көз гимнастикасын күнделік­ті 2 рет, 5-6 минуттан орындауға кеңес береді.

– Мысалы, көзді жоғары-төмен, оң­ға-солға, диагональ бойынша қозғалту, айналдыра қарау сияқты қарапайым жаттығулардың өзі көз бұлшықеттерін босаңсытып, қан айналымын жақсарта­ды. Мұндай гимнастика, әсіресе мектеп жасындағы балалар үшін өте пайдалы,  – деп түсіндірді Назира Жазубайқызы.

Бала денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Ал көру қабілеті – әлемді танудың ең негізгі құралдарының бірі. Сол се­бепті баланың көзін сақтауға ерте бастан мән берген дұрыс. Ол үшін тек дәрігер­лерге жүгініп қана қоймай, үй жағдай­ында да күнделікті қарапайым ереже­лер­­ді сақтап, профилактикалық шара­ларды тұрақты орындау қажет. 

 

Салтанат ЖАНДАРБЕКОВА,

ЕҰУ студенті

 

P.S 

Бала ата-ананың айнасы болса, бүгінгі гаджетке тәуелді ұрпақ – біздің салғырттығымыздың көрінісі. Цифрлы тәуелділікті жеңу – тыйым салумен емес, баламен сапалы қарым-қатынас орнатумен жүзеге асады. Бала махаббат пен назарға тойып өскен ортада гаджетке емес, өмірге тәуелді болады.