Жақында қызын қияға қондырған қазақстандық бизнесмен Мұхтар Жәкішев желіде жазба жариялап, қыз-күйеу баласының таныстығы, қызының барған елі – құдалары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды astana24.com.
5 маусымда кәсіпкер үшінші қызы Алтынайды ұзатып, дүркіретіп той өткізген еді. Бизнесмен қызының бағын тауып, тұрмыс құрғанына қуанышты екенін жеткізіп, желідегі оқырманына күйеу баласын таныстырды.
"Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр. Карл екеуі алты жылдан бері таныс. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, алдымнан өтті. Мен өз батамды бердім.
Карл маған ұнайды. Оның азаматтық ұстанымы дұрыс, алдына қойған мақсаттары айқын әрі ауқымды. Оның еңбекқорлығына, біліміне және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына қарап, көздеген шыңдарын бағындыратынына кәміл сенемін. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – қызымды шын жүректен, терең әрі нәзік сезіммен сүйетіні", – деп жазды Мұхтар Жәкішев.
Осы ретте ол тұңғыш қызы тұрмысқа шыққанда түрмеде отырғанын тілге тиек етіп, оның тойына қатыса алмағанына өкінішін жеткізді.
"Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда мен түрмеде отырдым. Ол кезде әке ретінде қолымнан бар келгені Айгеріміме арнаған ақ тілегімді қағазға түсіріп, хатпен беріп жіберу ғана болды. Сол хат тойында оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша", – дейді ол.
Мұхтар Жәкішевтің сөзінше, ол тұтқындалғанда Алтынай не бары 9 жаста болған. Бостандыққа шыққана ол жиырмаға толды.
"Ол менсіз есейді. Ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленіп отырған баланың кенеттен үйінен жырақтап, жат тілде сөйлейтін бөтен адамдар оқитын мектеп-интернаттан бір-ақ шыққанын түсіну қиын. Бірақ ол сынбады, бәріне төтеп берді. Мектепті, артынша университетті бітірді. Кәсіби журналист, табысты модель ретінде тұлға болып қалыптасты.
Әлемнің алпауыт компанияларының таңдауына айналып, жарнамаларынан көрінетін қызымның сүйікті дидарына қарап, жүрегім елжірейді, кеудемді мақтаныш кернейді.
Қызымның жеткен жетістіктерін мақтан тұтамын. Менің қолдауым нағыз керек болған шақтарда жанында бола алмағаныма жаным ауырады", – делінген жазбада.
Сондай-ақ кәсіпкер қызын құттықтаған барша жанға алғыс айтып, желіде теріс пікір қалдырғандарға жауап берді.
"Кейбір қисынсыз, орынсыз пікір жазып жатқандар тек аяныш пен жиіркеніш сезімін туғызады. Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді. Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады", – деді ол.
Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, Алтынай бала күнінде-ақ мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін туған үйін тастап, жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті.
"Маған өз құдаларым ұнайды. Олардың әулеті Ұлыбританияда тұрып жатқанына жетпіс жылдан асса да, өз тамырларын ұмытпаған. Тойға олардың көбі өздерінің ұлттық киімдерін киіп келіп, өз тегіне деген құрметін ерекше көрсетті.
Карлдың әкесі Генри маған өте қатты ұнады. Екеуміз қатарласпыз, онымен әлемдік экономикалық үрдістер туралы пікір алмасып, тамаша әсер алдым. Генридің мамандығы инвестициялық банкир, Карлдың бойындағы көптеген жақсы қасиеттердің әкесінен дарығанын анық байқадым.
Карлдың отбасы мен туған-туыстарының қызыма деген ыстық ықыласына, құрметі мен махаббатына ризамын", – деп жазды қазақстандық бизнесмен.
