in

Біз мектепте оқыған әлем картасы дұрыс емес, онда Африка тым кішкентай етіп көрсетілген

Aikyn.kz әлем картасындағы кемшіліктің мәнін zmescience.com  сайты жариялаған материалдың негізінде талдайды.Меркатор проекциясы бойынша жасалған әлем картасы. Африка бұл картада шағын континент етіп көрсетілген. Сурет en.wikipedia.org сайтынан алынды. Авторлығы: Strebe

Қазіргі уақытта #CorrectTheMap (Картаны түзету) науқанына 5000-нан астам адам қол қойған. Бүгінде қолданылатын карталар Меркатор проекциясы негізінде жасалған. Бұндай проекциялар картографтарға (картаны жасаушыларға) үш өлшемді Жерді екі өлшемді жазық картаға «тегістеуге» мүмкіндік береді.

Меркатор проекциясы 450 жылдан астам уақыт бұрын отарлық зерттеулер мен теңіз саудасы үшін жасалған. Бірақ уақыт өте келе ол көптеген үкіметтер, білім беру мекемелері және компаниялар үшін әмбебап стандартқа айналды.

Бұл жазық кескін Солтүстік немесе Оңтүстік полюске жақын елдердің аумағын үлкейтіп көрсетеді. Солтүстік Америка мен Еуразия тым үлкен етіп көрсетілсе, Оңтүстік Американың көп бөлігі мен Африканың шынайы аумағы шағын етіп көрсетіледі. Әлемнің оңтүстік жартышарлықтың ең ірі құрлығы болған Африка осы картографиялық әділетсіздіктің құрбаны болып отыр.

#CorrectTheMap науқаны 2018 жылы халықаралық картографтар тобы жасаған Equal Earth (Тең Жер) проекциясына көшуді ұсынады. Бұл проекция Меркатор картасындағы бұрмалауларды жояды.Картографиялық проекциялар төңірегіндегі даулар жаңа емес. 1970 жылдардан бері картографтар кейбір проекциялардың Жердің бейнесін бұрмалап көрсететінін және адамдардың өзін осы әлемдегі орны тұрғысынан қалай қабылдайтынына әсер ететінін талқылап келеді. Карта төңірегіндегі пікірталастың түбінде карталардың әлемдегі рөлі туралы көзқарастар қақтығысы жатыр.

Африка Одағы үшін картографиялық проекцияларды өзгерту – бұл жай ғана техникалық ақауды түзету емес. Бұл сонымен қатар қазіргі және болашақ карта пайдаланушылардың Африкаға қалай қарайтынын, Африка туралы ойын және оны қалай бағалайтынын қайта қарауға мүмкіндік береді.

Науқан африкалықтардың өздерін дұрыс көрсетуін талап етеді.  Оларды ежелден бері ауқымын және маңызын кемітіп көрсететін картографиялық дәстүрлермен бейнелеуді тоқтатуды көздейді.

Карталар әлемді қалай қабылдайтынымызды қалыптастыратынын ескерсек, карта жасау барысында қабылданған ең қарапайым шешімдердің өзі маңызды геосаяси салдарға әкелуі мүмкін.

Карталар – тек әлемді қағаз бетінде көрсету құралы ғана емес, сонымен бірге ақпарат көзі. Картадағы сызықтар, түстер, белгілер және аймақтардың өлшемдері де әлеуметтік мәнге ие. Олар мектеп оқушысынан бастап әлемдік көшбасшыларға дейінгі адамдарды кімнің және ненің маңызды екеніне «нәзік әрі тиімді» түрде үйретеді.

АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны сатып алуға деген қызығушылығы оның көлемін картадан көргендегі әсерімен де байланысты болуы мүмкін. Меркатор проекциясында Гренландия Африкамен шамалас етіп көрсетіледі, бірақ іс жүзінде Африка Гренландиядан 14 есе үлкен.

Африканың нақты өлшемдері осындай. Оның аумағына АҚШ пен Қытай, Үндістан бірге сыйып кетеді. Сурет zmescience.com сайтынан алынды. Авторлығы: Visual Capitalist

Бұндай өзгерістерді жүзеге асыру оңай емес. Біріншіден, жаһандық карталарды жасау бірыңғай органмен реттелмейді. БҰҰ «Тең Жер» проекциясын қабылдаған күннің өзінде әлем карталары басқа проекцияларда жасала беруі мүмкін. Картографтар карталардағы ел атаулары мен шекаралардағы өзгерістерді үнемі жаңартып отыруға міндетті. Бірақ бұл өзгерістер бірден қабылданбайды. Мысалы, Чех Республикасы 2016 жылы ағылшынша атауын «Czechia» деп өзгерткеннен кейін картографтар бұл атауды карталарға енгізді. Бірақ бұл атаудың кеңінен мойындалуына да біраз уақыт қажет болды.

Екіншіден, әлем бейнесі адамның бала кезінен қалыптасады. «Тең Жер» проекциясына көшу әсері бірнеше жылдан кейін ғана білінуі мүмкін. Бұрынғы Меркатор картасынан бас тарту әрекеттері, мысалы, 2017 жылы Бостон қаласының мемлекеттік мектептерінде жасалған бастама картографтар мен ата-аналардың наразылығын тудырған.

Африка Одағының кең ауқымды мақсаттарын ескерсек, «Тең Жер» проекциясын қолдау – әлемдік қауымдастықты әділ көзқарасқа шақыру және Африканы қабылдауды қайта қарауға бағытталған алғашқы қадам.

«Тең Жер» концепциясына көшу ғасырлар бойы қалыптасқан бұрмаланған көзқарастарды бірден жойып, жаһандық қарым-қатынастарды бірден әділетті жасай алмайды. Бірақ бұл Африканың әлемдік аренадағы заңды орнын, нақты бейнесін қалпына келтіруге жасалған маңызды қадам бола алады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.