in

Білім мен білік арасы – бос кеңістік

Себебі жұмыс берушілердің айтары да, қояр талабы да бір – тәжірибе қажет. Ал теорияның айналасында жүрген студент бұл тәжірибені қайдан алсын? Қазіргі кезеңде білім жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы мұндай алшақтық жас маманды да, жұмыс берушіні де тығырыққа тіреп тұр. 

Елімізде жұмысқа орналасу деңгейі төмен мамандықтар қан­дай? Көрсеткіштің төмен болуы­ның себебі неде? Нарықта сұра­ныс аз ба, әлде практикалық да­йындық сапасы төмен бе? Ал тізімді көш бастап тұрғандар кім­дер? Түлектердің жұмысқа орна­ласуына әсер ететін негізгі фак­торлар қандай? Көптің көкейінде жүрген шегі жоқ сауалдарымызға жауап алу мақсатында Қазақ­стан­дағы жоғары оқу орындарының рейтингін жүргізетін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бірқатар сауалымызды жолдадық. «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Адами капиталды дамыту департаментінің дирек­торы Азамат Бейсенбеновтің айтуынша, соңғы жарияланған рейтингке сәйкес, жұмыспен қам­тудың ең жоғары деңгейі 90 пайыздан жоғары болған. Бұл көрсеткіш нақты бағыттар бо­йынша білім алатын түлектер арасында тіркелген. Дәлірек айтсақ, олардың қатарында ин­форматика пәнінің мұғалімі, пайдалы қазбаларды байыту, жалпы медицина және мейірбике сияқты мамандықтар бар. Азамат мырза жоғарыда аталған маман­дықтар нарықта үнемі сұранысқа ие екенін және жұмыс берушілер оқуды аяқтағаннан кейін тү­лектерді өндіріске белсенді түрде тартатынын атап өтті. 

– Егер түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі жоғары уни­вер­ситеттер туралы айтар болсақ, онда нарықтағы бірнеше мықты ойыншыларды атап өтуге болады. Мысалы, Қазақ ұлттық хореогра­фия академиясы жұмысқа орна­ласудың жүз пайыздық деңгейін көрсетті. Онымен қоса, көшбас­шылар қатарында мынадай оқу орындары бар: С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті – 92%, IITU (ХАТУ) және Астана медицина универ­ситеті – 91%, Astana IT Universi­ty – 91%, Рудный индустриалды институты және SDU универси­теті – 90%. Бұл деректер аталған жо­ғары оқу орындарының түлек­тері сапалы білім алып қана қой­май, оқу аяқталғаннан кейін бір­ден еңбек нарығында өз орнын табатындығын айғақтайды, – деді ол.

Жұмысқа орналасу деңгейі 60 пайыздан төмен мамандықтар

Рейтинг қорытындысы бо­йынша түлектердің жұмысқа ор­наласу деңгейі 60 пайыздан төмен бірқатар мамандық түрі белгілі болды. Олардың ішінде сән ди­зайны, саясаттану, құқық қорғау қызметі, бейнелеу өнері және сы­зу, сондай-ақ алғашқы әскери дайындық мамандығы бар. Аза­мат Бейсенбенов көрсеткіштің төмен болуына әртүрлі фактор себеп болуы мүмкін екенін жеткізді. 

– Түлектердің жұмысқа ор­наласу деңгейінің көрсеткіші кейде нарықтағы объективті сұраныстың төмендігінен болуы ықтимал. Мысалы, сән және өнер сияқты салалар жоғары бәсекелестікті және әлеуетті жұмыс берушілердің тар шең­берін ұсынады. Бұл бағыттарға, тіпті талант болса да орналасу қиын. Саясаттану бағыты, әсіресе тұрақсыз саяси жағдайда әркез тұрақты жұмыс пен лайықты жалақыға кепілдік бермейді. Екіншіден, нарықтық фактордан басқа, дайындық сапасына қа­тысты мәселелер де бар. Бірқатар университетте практикалық ком­понент әлсіз немесе нақты жұмыс жағдайларына бейімделмеген, бұл түлектердің бәсекеге қабі­леттілігін төмендетеді, – деді Азамат Бейсенбенов.

Оқу орнының беделі ықпал етеді

Көкейіміздегі кезекті маңыз­ды сұрақ – Қазақстанда түлек­тердің жұмысқа орналасуына әсер ететін негізгі факторлар қан­дай? Азамат мырза «Атаме­кен» ҰКП жүргізген зерттеулер негізінде университет түлегінің маман ретінде өндіріске арала­суына ықпал ететін бірнеше се­бепті тізіп өтті. Оның айтуынша, ең алдымен, оқу орнының беделі айтарлықтай ықпал етеді. Бұл дегеніміз – жұмыс берушілер көбіне белгілі, өзін-өзі қалып­тастырған жоғары оқу орында­рының дайындық сапасына сенім артады деген сөз.

– Одан өзге студенттердің оқу кезінде алатын практикалық тә­жірибесі өте маңызды. Бұл тағы­лымдамалар, практикалық са­бақтар, компаниялардың кейс-тапсырмалары болуы мүм­кін. Мұндай тәжірибенің болуы оқуды бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасу мүмкіндігін едәуір арттырады. Жоғары оқу орындарындағы мансап орта­лықтары да өз міндетін атқарады: олар еңбек нарығына бейімделуге, түйіндеме дайындауға, сұхбат­тасуға, тіпті жұмыс берушілерге тікелей байланысқа шығуға кө­мектеседі. Білім беру бағдарлама­ларының өзектілігі, оның нарық­тың талаптарына сәйкес келуі маңызды. Жоғары оқу орындары бизнеспен белсенді ынтымақ­тасатын және саланың сұраныс­тары бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңартатын болса, түлектер бәсекеге қабілетті болып шығады, – деді директор.

Жыл сайын рейтинг шең­берінде «Атамекен» ҰКП салалық сарапшыларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларына бағалау жүргізеді. Олар рейтингті негізгі 4 блокқа сүйене отырып жасайды. Әр блокта критерийлер егжей-тегжейлі пысықталады. «Атамекен» ҰКП дерегіне сү­йенсек, оның алғашқысы – тү­лектердің мансаптық мүмкін­діктері. Компания түлектердің қаншалықты табысты жұмысқа орналасатынын, мамандығы бойынша тез жұмыс табатынын және жоғары оқу орнын бітірген соң бір-екі жылдан кейін олардың табыс деңгейі қандай екеніне көз жеткізеді. Екіншіден, білім беру бағдарламаларының сапасы. Оқу жоспарының заманауи тұрғыда дамуы, нарық талабына сәйкес келуі, практиктер, теоретиктер немесе студенттердің қажетті ресурстарға қолжетімділігі басты назарға алынады. 

– Үшінші бөлім – студент­тердің жетістігі. Біз студенттердің стартаптар мен қолданбалы жо­баларға қатысуы, магистратурада оқуды жалғастырған түлектердің үлесі, сондай-ақ бағдарлама бойынша оқитын шетелдік сту­денттердің саны сияқты көрсет­кіштерді есепке алдық. Сонымен университеттің жалпы көрсет­кіштерінің ішінде біз студенттік ортаны дамытуға инвестициялар деңгейін, ғылыми дәрежелері бар оқытушылардың үлесін, сондай-ақ академиялық орта сапасының индикаторы ретінде олардың жалақы деңгейін ескердік. Осы блоктың барлығы бізге бағ­дарламаның сту­дент­терді кәсіби тұрғыда да­йын­дайтынын объек­тивті бағалауға көмектесті, – деді «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Адами капиталды дамыту де­пар­таментінің дирек­торы А.Бей­сен­бенов.

Сөз соңында Азамат Бейсен­бенов Қазақстанда оқытылатын білім беру бағдарламаларының әлеуеті бар екенін, бірақ на­рық­тың заманауи талаптарына то­лық сәйкес келуі үшін жоғары оқу орындары тарапынан тұрақ­ты даму мен икемділік қажет еке­нін түйреп өтті. «Біз өз тара­пы­мыздан зерттеу жүргізуді және жоғары оқу орындарына объективті деректер негізінде кері байланыс беруді жалғастыра береміз» деді ол. 

Жас келсе – іске

Білім жүйесі мен еңбек на­рығының арасындағы алшақ­тықты жұмыс беруші компания өкілдері де жасырмайды. Біз мәселені екі жақты қарастыру үшін жоғары оқу орнын аяқтаған түлектерді жұмысқа қабылдайтын түрлі мекемеге хабарласып көр­дік. Солардың бірі еліміздің құ­рылыс саласында алдыңғы қа­тар­лы компаниялардың бірі – BI Group. Кейінгі жылдары ком­па­ния кадр тапшылығын тек еңбек өтілімен емес, практикалық дағ­дының жетіспеуімен байланыс­тырады. Біз BI Group холдингінің HR-директоры Әлия Келді­бе­ковадан жас мамандарды жұмыс­қа қабылдау барысында қандай қиындықтарға тап болатыны жө­нінде сұрап көрдік. 

– Ең жиі кездесетін мәселе – академиялық дайындық пен құрылыс алаңында немесе жоба­лық командада туындайтын нақ­ты міндеттер арасындағы ал­шақ­тық. Жас маман қолына диплом алып келеді, бірақ нақты нысанға келген уақытта істі неден бастау қажеттігін, процестің қалай ұйым­дастырылғанын, кімнің қан­дай жауапкершілігі бар екенін түсіне бермейді. Дегенмен біз бұл мәселеге түсіністікпен қараймыз. Бұл сын емес, бизнес пен білім беру жүйесі бір-біріне жақын болуы қажет деген белгі. Егер теория практикамен бекітілмесе, адамға жұмыс орнына бейімделіп, өз орнын табу үшін бірнеше ай қажет болады. Біз түлектердің алғашқы күннен бастап іске ара­ласқанын қалаймыз, – деді компания өкілі.

Компания қоғамдағы мұндай қарама-қайшылықтан арылып, олқылықтың орнын толтыру үшін оқу орындарымен әріптестік байланысты жолға қойған. Мәсе­лен, компанияда жаңадан келген қызметкерлерге тәжірибелі ма­мандардан білім алуға мүмкіндік беретін BI University жұмыс істейді. Мұнда жобалау, басқару және құрылыс алаңындағы коммуникация сияқты нақты дағдыларды үйретеді. Бұл білім жүйесіндегі өзекті мәселеге жұ­мыс беруші компаниялардың сырттай бақылаушы емес, шешім ұсынушы тарап ретінде қатысып отырғанын көрсетеді. 

– Ашығын айтқанда, қазір біз үшін ең бағалы ресурс – инже­нерлер. Біз күрделі, инфрақұ­ры­лымдық және ауқымды жоба­ларды іске асырып жатырмыз. Ал сумен жабдықтау, желдету, жы­лыту, электрмен қамту сияқты инженерлік жүйелер бойынша мықты мамандарсыз алға жылжу мүмкін емес. Одан бөлек, көлік құрылысына да ерекше басым­дық береміз. Неліктен? Себебі салада кадр тапшылығы өте өзек­ті. Жастар құрылыс мамандық­тарын сирек таңдайды, ал таң­дағандардың өзі көбіне нақты өмірде қажет болатын практика­лық дағдыларды толық меңгер­мей шығады. Сондай-ақ нарық өсіп келеді. Қазақстанда да, біз­дің халықаралық жобаларымызда да жұмыс істеуден қорықпайтын, шешім қабылдай алатын, өз ең­бегімен мақтана білетін маман­дарға сұраныс артып отыр. Біз әр­дайым санмен жұмыс істей ала­тын әрі стратегиялық тұрғыда ой­лай білетін мамандарды із­дей­міз, – деді BI Group холдингінің HR-директоры Ә.Келдібекова.

Университет қабырғасында үйретілетін білімнің нарықпен етене байланысының болуы – біз сөз етіп отырған құрылыс сала­сына ғана емес, барлық маман­дық түріне қатысы бар мәселе. Осы тұста компания өкілі «біз ЖОО оқытушылары білім алушыға «Қалай болу қажет?» дегенді ғана емес, шын мәнінде «Құрылыс алаңында қалай бола­ды?» деген шындықты да үйретсе екен» дейді.

Әлеуметтанушы Айсұлу Мол­дабек қазіргі еңбек нарығында жұмыс іздеген жастардың жиі кезігетін қиындығы – өз маман­дығына байланысты қажетті дағдының болмауы екенін ай­тады. Себебі олардың теориялық білімі болғанымен, практикалық қабілеті нарыққа сәйкес келе бермейді. Жыл сайын оқу орнын тәмәмдайтын студенттердің са­ны артып келе жатқанын ес­керсек, жастардың жұмыспен қам­тылуы экономикалық сек­тор­ларға да тәуелді. Әлеумет­танушы еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын құру қажет екенін алға тартты. 

– Біздің нарық шектеулі. Мысалы, қаржы, IT саласында оқыған жастардың өзі тұрақты жұмыс таба алмай жатады. Өйт­кені нарықта сұраныс санаулы. Ал санаулы сұранысты санаулы мамандар қанағаттандырады. Басқа мамандар не істейді? 

Қазір IT мамандары түрлі он­лайн платформа арқылы әлемдік нарыққа жұмыс істеп жатыр. Өзіміздің ел ішіндегі нарық үшін жұмыс істегісі келсе, өкінішке қарай, бос орын аз. Әрине, Қа­­зақстанда қаржы, IT сала­ларын дамытқан дұрыс. Алайда олар қызмет көрсетуші маман­дықтар екенін ескерген жөн. Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін экономиканың нақты сектор­ларына көңіл бөлу қажет. Егер елімізде нақты сектор да­мыса, онда бізде IT немесе өзге де са­ладағы жас мамандар жұ­мыс­сыз қалмас еді. Осы ретте еңбек на­рығы мен өндіріс сала­ларының қажеттілігі арасында корреля­циялық байланыс қажет екенін айтқым келеді, – деді маман. 

Мамандықты жалақы көрсеткішіне қарап таңдайды

Кейінгі уақытта жастардың мамандық таңдауына көбіне қандай әлеуметтік факторлар әсер етіп отыр? Жоғары жалақы, қызметтегі бедел, қоғамдағы сұраныс, әлде ата-ананың ықпа­лы ма? Маманнан сұрап көрдік.

– Шыны керек, қазір қай са­ланың жалақы көрсеткіші жоға­ры, ата-ана да, бала да сол салаға бет бұруға ұмтылып жатыр. Әсі­ресе, педагогикалық мамандық­тарға сұраныс артып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Қазір студенттердің басым бөлігі педа­гогикалық бағытта білім алаты­нын байқауға болады. Бұл да жалақы мәселесіне байла­нысты фактор екенін ескеру қажет. Се­бебі кейінгі жылдары педагог­тердің жалақысы салыстырмалы түрде көбейді. Тағы бір атап өтерлік жайт, ауыл-аймақтардағы тұрақты жұмыс көзі – мектеп, аурухана, яғни мемлекеттің бюджеттік орындары. Сондықтан қазір педагогикалық бағытта білім алып, мектепке мұғалім болып қызметке орналасу да қажеттілікке айналып отыр, – деді әлеуметтанушы А.Молдабек.

 

P.S:

«Атамекен» ҰКП статис­ти­касы­на сү­йе­нсек, грант негізінде білім алып, бірақ оқу бітірген соң өз маман­дығы бойынша жұмыс істемей­тіндердің үлесі 65 па­йызға жетіп отыр. Қалай десек те, бұл құбылыс түптеп кел­генде университет­тер­дегі білім беру бағдарламалары мен оқы­ту форматының еңбек нары­ғы­ның сұранысына жауап бе­руі­мен тығыз байланысты. Білім мен білік арасындағы бос ке­ңіс­тіктің толмауы – жүйедегі қателік пен жауапкершілік мәселесіне әкеліп тірейді. Егер түйткілдің түйіні тарқамаса жұмыссыз жас­тар саны арта бермек. 

 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы