Ең сорақысы, қылмысты жасаған кейбір адамдар жазадан сытылып шығып, қоғамда емін-еркін жүр. Бұл жағдай, әсіресе кәмелетке толмаған қыз балалардың тағдырына балта шабуда.
Біздің қоғамда «ұят болады», «ешкімге айтпа», «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деген ұстаным – көп жәбірленушінің үнсіз қалуына себепкер. Өзгенің жасаған күнәсі үшін өзін кінәлап, іште булығып жүрген қыздар қаншама?! Бұл – бір адамның емес, бүтін бір қоғамның трагедиясы.
Астаналық Ақерке Исмайлова (аты-жөні өзгертілді, – ред.) – қазір 17 жаста. Есімін атамауды өтінген кейіпкеріміз, бала күнінен өгей әкесінен қорлық көрген.
– Бастапқыда ешкімге ештеңе айта алмадым. Сабаққа барғым келмей кетті. Ол кезде 9-сыныпта оқитынмын. Өгей әкем жылы сөздер айтып, анам жоқта маған тиісе бастады. Кейін физикалық тұрғыда бірнеше ай бойы зорлық көрсетіп келді. Ал анама айтуға қорықтым. Себебі: «ұят болады», «ешкім сенбейді», «сен кінәлі боласың» деген ойлар маза бермеді. Бірақ үнсіздік оларды күшейтеді екен. Қазір үлкен қалада студентпін. Өгей әкемнен де құтылдым. Ал анама әлі ештеңе айтпадым. Бір қызығы, өгей әкем ештеңе болмағандай өмір сүріп жүр, – деп ағынан жарылды ол.
Ақерке Исмайлова қыздарға: «Қорықпаңдар! Үнсіз қалмаңдар! Міндетті түрде ата-анаға айтыңдар, арыз жазыңдар. Заң бар. Қолдау бар. Сен жалғыз емессің» деп айтқысы келеді. Бірақ бала күнгі оқиғасынан кейін, ер-азаматтарға деген сенімінің жоғалғанын да жасырмады.
Ақеркенің хикаясы еліміздегі жалғыз жағдай емес. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы 1 000-нан аса қылмыс тіркелген. Ал жәбір көргендердің көбі – үнсіздік құрбаны.
Зорлық түбі – қорлық
Заңгер Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, мұндай ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтар мерзімінен бұрын босатылмайды екен.
– Қазіргі қоғамда балаларға қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстар – ең ауыр әрі алаңдатарлық құқықбұзушылықтардың бірі. Көпшілік арасында мұндай қылмыстар үшін өлім жазасын қайта енгізу қажет деген пікірлер жиі айтылады. Алайда заңгерлер мұндай қылмыстарға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қандай шаралар қарастырылғанын нақтылап түсіндіруде, – дейді маман.
Айта кету керек, «Педофил» деген сөздің құқықтық тұрғыдан нақты аудармасы жоқ. Бұл ұғым негізінен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған тұлғаларға қатысты бейресми түрде қолданылады. Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мұндай әрекеттер нақты баптар бойынша қарастырылған және қатаң жаза тағайындалады.
– Қылмыстық кодекстің 120-бап («Зорлау») – егер кәмелетке толмаған адамға зорлық жасалса, 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл қылмыс екі немесе одан да көп кәмелетке толмағандарға қатысты жасалса – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. 121-бап («Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») – аталған бап бойынша сексуалдық сипаттағы әртүрлі зорлық әрекеттер үшін де ауыр жаза қарастырылған, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Заңгердің айтуынша, кәмелетке толмаған балаға интернет арқылы, әлеуметтік желілер арқылы немесе басқа да жолмен жыныстық сипаттағы мазмұндағы хабарламалар жіберу, фотосуреттер көрсету сияқты әрекеттер де қылмыстық жауапкершілікке жатады. Бұл – жаңа енгізілген норма. Мұндай әрекеттер анықталған жағдайда құқық бұзушы 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
– Қылмыстық кодекстің 122-бабы («Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас») – бұл бапқа сәйкес, зорлықсыз болса да 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасағаны үшін 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал 124-бап («Он алты жасқа толмаған адамды азғындық жолға түсіру») – бұл бап бойынша күш қолданбастан жасалған сексуалдық сипаттағы азғындық әрекеттер үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – дейді заңгер.
Қоғамда ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты жазаның әділдігі мен қаталдығы жиі талқыланады. Қылмыстық атқару жүйесіне енгізілген өзгерістер мен заңнамалық шектеулердің бұл санаттағы сотталғандарға қалай әсер ететіні – көпшіліктің назарында. Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, мұндай ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтар мерзімінен бұрын босатылмайды. Ал егер өмір бойына бас бостандығынан айырылса, ол тұлға толық мерзімді түрмеде өтеуі керек. Бүгінде кәмелетке толмаған балалардың интернет желісін еркін қолдануы, ата-аналар тарапынан бақылаудың аздығы сияқты мәселелер педофилдердің әрекетіне жол ашып отыр. Сондықтан балаға түсіндіру жұмыстары жүргізілуі өте маңызды.Мысалы, бейтаныс адаммен сөйлеспеу, интернетте күмәнді хабарламаларға жауап бермеу, ата-ананың баланың қай уақытта сабақтан шығып, қайда баратынын нақты біліп отыруы, ұялы телефон арқылы тұрақты байланыс жасауы қажет.
– Кәмелетке толмағандармен жасалатын қатынастарға қатысты қоғамда әртүрлі пікір айтылып жүр. Алайда мұндай жағдайлар заң жүзінде нақты реттелген және ауыр құқықбұзушылық ретінде қарастырылады. Заң кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған, ал олардың алданып, өмірлік маңызды шешімдер қабылдауы – қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайды, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Заңгер кей жағдайларда кәмелетке толмаған қыз баланың жүкті болып қалуы, оны сүйемін, үйленемін деушілердің сөзіне сеніп, заң бұзуға баруы да кездеседі дейді. Бұл жағдайда да қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазақстан заңнамасы кәмелетке толмаған азаматтарға қатысты неке қиюға қатаң тыйым салады.
Зәбір көрген балаға демеу керек
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы сексуалдық қысымның алдын алу, ата-ананың рөлі мен қоғамдағы үнсіздіктің зардабы жайлы психолог Лимана Құттыбекқызы да пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір балалар арасындағы сексуалдық қысым жағдайлары артып келеді. Бұрын мұндай жайттар көп айтылмайтын, ал қазір телеарна, әлеуметтік желі, баспасөзде ашық айтылып жүр. Бірақ өкінішке қарай, кейбір адамдар үшін мұндай ақпарат мәселені ушықтырады. Сондықтан да сексуалдық зорлықтың түр-түсі, егжей-тегжейі ашық сипатталғанда, ол кей ортада қайталануы да мүмкін. Бұл – қоғамда жиі байқалып жүрген құбылыс.
– Кей балаларға қысым жұмсақ формада жасалады – конфет беру, ақша ұсыну, «сен ұнап тұрсың», «бұл – қалыпты жағдай» деген манипуляция түрінде. Мұндай жағдайда бала зорлық деп түсінбейді. Бірақ бұл – моральдық және психологиялық қысым. Сексуалдық қысым дегеніміз – тек күш қолдану емес, адамның санасына әсер етіп, таңдау еркінен айыру, – дейді психолог.
Көп жағдайда педофил – бөтен адам емес, таныс адам: туған-туыс, көрші, тіпті әкесі.
– Мысалы, менің практикамда болған ауыр оқиға: Қарағандыдан хабарласқан қыз баланың айтуынша, әкесі оны кішкентайынан зорлап келген. Бұл туралы ол тек 22 жасында ашылып айта алды. Ең сорақысы – кейін әкесі өзінің сіңлісіне де сондай әрекет жасаған. Ақыры туыстарының көмегімен бұл іс құқық қорғау органдарына жетіп, қылмыскер жазаланды. Зорлық көрген бала жан жарасымен өмір сүріп жатады. Оны емдеу үшін ұзақ уақыт терапия қажет. Мен ол қызға үйде гүл өсіріп, мысық асырап көруді ұсындым. Ол кейін: «Мысыққа қарап, оны күткен сайын жүрегімнің мұзы ерігенін сезіндім. Ал гүл ашылған кезде ішімнен жымиып, алғаш рет жылулықты байқадым», – деді. Бұл – жан жараны жазудың бір тәсілі, – дейді Лимана Құттыбекқызы.
Сексуалдық зорлық көбіне мәдениеті төмен, қатыгез, ашық әдепсіз ортада өсіп жатқан балалар арасында болады. Үйде әке-шешенің дөрекі қарым-қатынасы, балаға деген қатыгездік, балаға құлақ аспау – бәрі баланы осал етеді. Еркін сөйлей алмайтын, ішкі сезімін жеткізе алмайтын бала – оңай нысана. Сондықтан әр ата-ана баламен ашық сөйлесуі керек. Бала өз ойын еркін жеткізіп, «жоқ» деп айтуға дағдылануға тиіс. Ал қауіпті жағдайда «102» нөміріне немесе сенім телефонына хабарласа алатындай еркіндік қажет. Психолог «Баланы «өзі келіскен шығар» деп ойлау – зорлықты ақтаумен тең» дейді.
Педофилия – тек қылмыс емес, бұл – ұлттың тамырына балта шабатын дерт. Оның алдын алу үшін заң да, сана да, тәрбие де бір бағытта жұмыс істеуі керек. Егер біз әр баланың сөзін естіп, оған қорған бола алсақ – келесі қылмыстың алдын аламыз. Жәбірленушіге сену – оның жан-жарасын емдеудегі алғашқы қадам. Ал үнсіз қалу – зұлымдықты жалғастыру.
Жабулы қазан – жазасыздықтың кепілі. Жазасыздық – жаңа құрбандардың жолын ашады. Ендеше үндемей қалмау – әр азаматтың борышы.
Салтанат ЖАНДАРБЕКОВА,
ЕҰУ студенті