in

Жалған диплом жүйенің сынағы ма?

2024 жылдың өзінде Ішкі істер ми­ни­стр­лігі 338 жалған диплом жасау фактісін анықтаса, 119 жағдайда жалған диплом иесін жұмыс берушілер өздері әшкереле­ген. 457 дерек – расталғаны, тіркелмеген жағдайлар әлдеқайда көп болуы мүмкін. 392 адам жалған дипломмен бір жылдан кейін ғана ұсталған, тағы 30 адам бір жыл­ға жетпей, ал 43 адам жұмысқа орналасу кезінде-ақ қолға түскен. Бұл статистика жалған дипломмен жұмысқа тұру факті­лері жылдар бойы байқалмай қалуы мүм­кін екенін көрсетеді. Алматы облысында 120-дан астам мұғалім, Солтүстік Қазақ­станда – 80, Ұлытау облысында 9 педагог жалған дипломмен жұмыс істегені белгілі болды. Мұндай диплом иелерінің білім беру, медицина, инженерия сияқты сала­ларда қызмет етуі – тек заңбұзушылық емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Себебі жалған білімі бар дәрігер қате диагноз қойса, жалған білімді мұғалім баланы дұрыс оқытпайды. 

Бұл проблемаға түрткі болған басты себептің бірі – 2021 жылдан бастап жо­ғары оқу орындарына берілген дербес дип­лом дайындау құқығы. Яғни, әр ЖОО өз дипломын өзі дайындап, өзі тарата алады. Бірақ осы процеске тиімді бақылау енгізілмеген. Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) 2 600-ге жуық универ­ситет қызметкерінің ақпарат енгізуге рұқсаты болса, тағы 550 қызметкерге QR-код генерациялау құқығы берілген. Олар­дың арасында оқытушылар, проректор көмекшілері мен магистранттар да бар. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі дайындаған Ұлттық баянда­мада мұндай шектен тыс кең өкілеттілік пен жауапты қадағалаудың болмауы – жүйе ішіндегі «саңылауларға» жол ашқаны айтылады. 19 жоғары оқу орнында жүргіз­іл­ген тексеріс барысында 2 733 адамның аты-жөні ҰБДБ-да тіркелсе де, бұл адам­дар нақты құжаттарда мүлде болмаған. Бұл деректер жалған дипломдарды заң­дас­тыру үшін пайдаланылған болуы мүм­кін деген күдік туғызады. Одан бөлек, 1 243 түлек 2-5 жылдық оқу  бағдарламасын небәрі 1 жылда бітірген. Бұл да диплом беру жүйесін жеңілдетудің кері салдарын көрсетеді. 

Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, жалған құжат жасағандар мен сатқан тұлғалар 2 000 айлық есептік көрсеткішке (2025 жылы – шамамен 6,9 млн теңге) дейін айыппұл төлейді не 4 жыл­ға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін. Қайталанған немесе топпен жасалған жағдайларда бұл жаза 14,7 млн теңгеге дейін өсіп, 4 жылға дейін түрмеге жабу қа­растырылған. Ал жалған дипломды пай­да­ланған адамдар 160 АЕК (шамамен 590 мың теңге) көлемінде айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал бүгінде жалған дипломмен ұсталған азаматтардың көпшілігі шартты жаза немесе әкімшілік айыппұлмен шектеліп отыр. Тек аса ірі көлемде жалған құжат дайындап таратқандар ғана нақты жазаға тартылады. Бұл жеке тұлғалар үшін қор­қыныш тудырмайтын әлсіз алдын алу шаралары екенін көрсетеді.

EPVO-ға үміт артқан ел

Үкімет жалған диплом беру мәселесіне тосқауыл ретінде 2020 жылдан бастап дип­ломдардың түпнұсқалығын онлайн тексеретін жүйе енгізді. Бұл жүйе – Ұлт­тық білім беру деректер базасының (ҰБДБ) негізінде құрылған. Оның басты мақ­саты – азаматтардың өз дипломының шынайылығын жеке сәйкестендіру нөмі­рі, диплом сериясы мен нөмірі арқылы тексеруге мүмкіндік беру.

«2021 жылдан бастап барлық жоғары оқу орны (азаматтық емес және медицина­лық ЖОО-ларды қоспағанда) білім тура­лы заңнамаға сәйкес өзіндік үлгідегі дип­ломдарды беріп жатыр. Олардың түп­нұсқалығын Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы – EPVO арқылы тексеруге болады», – деп атап өткен еді Жоғары және жоғары оқу орнынан кей­інгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова. 

Комитет басшысының айтуынша, мин­истрлік өзіндік үлгідегі дипломдардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ диплом сериясын бекітеді. Диплом нөмірі мен QR-коды арнайы модуль арқылы EPVO жүйесінде генера­ция­л­анады. Бұл қызметке тек сол жүйеде тіркелген, жауапты ретінде тағайындалған ЖОО қызметкерлері ғана қолжетімді. Егер EPVO жүйесінде білім алушы туралы мәлімет болмаса, диплом нөмірін генера­циялау мүмкін емес. Генерацияланған нөмірі мен QR-коды жоқ дипломдар жа­рам­сыз болып есептеледі.

«Бұл қадам «жалған диплом» айна­лым­­ын азайтып, жұмыс берушілерге үміткер­дің кәсіби біліктілігін тексеруге нақты құрал ұсынуға тиіс еді. Бірақ теориялық тұрғыда сәтті бастама бол­ғанымен, прак­тикада жүйенің әлсіз жақ­тары байқал­ды», – дейді Гүлзат Көбенова. 

Бұл жүйе 2020-2021 оқу жылынан бас­тап берілген дипломдарды ғана қамтиды. Бұған дейінгі жылдары берілген құжаттар базада жоқ. Оларды тек диплом иесі өзі бітірген университет арқылы ғана растата алады. Бұл – он мыңдаған адам үшін қол­ай­сыз әрі уақыт алатын процесс. 2024 жыл­ғы дерек бойынша, базаға бар-жоғы 650 мыңға жуық диплом ғана енгізілген, ал Қазақстанда жыл сайын 150 мыңнан астам студент жоғары оқу орнын бітіретіні белгілі. Демек, жүйе әлі де толық әрі нақ­ты ақпаратпен қамтылмаған. Бұдан бөлек, азаматтар тарапынан жиі көтерілетін шағ­ым – жүйенің баяу жұмыс істеуі, іздеу нәти­жесінің мүлде шықпауы немесе техникалық ақаулар. Мәжіліс депутаты Ислам Сұнқар өзінің дипломын тексермек болып, нәтиже ала алмағанын айтқан бола­тын. Бұл – қолжетімді цифрлық шешімнің сапасыз орындалғанын біл­діреді.

«Қазір интернетте кез келген жоғары оқу орнының дипломын сатып алуға бола­­тын сайттар ашық жұмыс істеп тұр. Сатушылар мемлекеттік үлгідегі, түп­нұс­қаға ұқсас диплом жасап береміз деп уәде етеді. Тіпті, Астанадағы беделді оқу орын­дарының тізімін де ашық көрсетіп отыр. Өз деректерімді базаға енгізіп көрдім, бір­ақ жүйе ештеңе көрсеткен жоқ. Бұл – жалған дипломдардың қо­ғам­ға, білім беру мен кәсіби салаға, қауіп­сіздікке тікелей зиян тигізетінін көрсе­теді. Сондықтан бар­лық ресми берілген дипломдарды бір­ыңғай базаға енгізуді жеделдету керек. Жүйе­ні жыл сайын жаңартып, мәліметтер­ді толық­тыруды заңмен бекіту аса маң­ызды. Жалған диплом сататын интернет сайт­тарды бұғаттау, қоғамды құлақтандыру жұмыс­тарын күшейту және заңдық жау­ап­кер­шілік туралы кеңінен ескерту де наз­ар­дан тыс қалып отыр», – дейді депутат. 

Кейбір университеттер бұл мәселені өздігінше шешуге талпынып отыр. Мәсе­лен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әрбір дипломға QR-код енгізіп, оны тексеру мүмкіндігін архив арқылы растап береді. Мұндай тәжірибе басқа оқу орындарында да қолға алынып жатыр. Бірақ бұл жүйелер біртұтас стан­дарт­қа біріктірілмеген, әр университеттің ішкі тәртібіне байланысты ғана жұмыс істейді. 

Сарапшылардың айтуынша, бірыңғай база толығымен іске қосылып, барлық тарихи диплом цифрландырылып, жүйеге енгізілсе, әр жұмыс беруші кандидаттың дипломын онлайн, ашық түрде тексере алар еді және жалған дипломмен жұмысқа тұру деректері едәуір азаяды, сондай-ақ азаматтар өз құжатының мәртебесін еш­кім­нің көмегінсіз тексере алатын еді. Бірақ бұл үшін жүйе толық жетілдірілуге тиіс. Цифрландырылмаған дипломдар мәселесі шешілмей, жалған құжаттар нары­ғы жойылмайды. Министрліктің айтуынша, 2025 жылға дейін барлық оқу ор­ын­дары дипломдардың бұрынғы жыл­дар­дағы нұсқаларын цифрлық форматқа өткізіп, жүйеге енгізуге міндеттелген. Ал­айда жүйе жартылай ғана жұмыс істеп тұр. 

Жалған дипломмен күресте техника­лық шешімдер қаншалықты маңызды болса, құқықтық тетік пен жазаның нақты әрі әділ қолданылуы да соншалықты өзекті. Себебі жалған құжатпен жұмысқа тұру – жай ғана құқықбұзушылық емес, бұл елдің білім жүйесіне, қоғамдық сенімге, тіпті азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнген қатер. Мәселе – осында.

 

Айдана НҰРМҰХАН