Себебі болашақ осы топтың еншісінде. Бүгінде мемлекет аталған ең құнды капиталды дамыту мен қолдауға бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда: колледждер мен университеттерге гранттар бөліп, шәкіртақы тағайындап, «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» бағдарламасын, жаңа мектептер мен спорттық секциялар, цифрлық дағдыларды дамытуға арналған курстар ұйымдастыруда. Осындай мүмкіндіктер әрбір жасқа өз әлеуетін толық көрсетуге жол ашып, еліміздің әр өңірінде бәсекеге қабілетті мамандардың қалыптасуына септігін тигізбек.
2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді
Мысалы, Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде кәсіптік және жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді саясат жүзеге асырылып жатыр. Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және біліктілігін арттыру – еліміздің білім беру саясатының басым бағыты. Ел экономикасының қуаты өндіріс орындарын білікті кадрлармен қамтамасыз ете алатын кәсіптік білім беру жүйесінің тиімділігіне байланысты.
Жұмысшы мамандықтар жылы кәсіптік білім беруді жаңғыртудың жаңа кезеңі болды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қазір бұрынғыдан да жедел өзгеріп, заман талабына бейімделіп келеді. Мәселен, Talap КЕАҚ әзірлеген техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының жаңа реестрі жастарға өзіне лайық мамандық таңдауға мүмкіндік береді. Және өндіріс орындарын қажет мамандармен қамтамасыз етуді де жеңілдетеді.
Білім – басты инвестиция
Қазір реестрде еліміздің 667 колледжі ұсынған 8 554 оқу бағдарламасы бар. Олар 181 мамандықты қамтиды. Бағдарламалардың 96%-ы техникалық және кәсіптік білімге, ал қалған 4%-ы орта білімнен кейінгі деңгейге арналған. Айта кетерлігі, осы бағдарламалардың жартысынан астамы мемлекеттік тілде әзірленген.
Ең қызығы, шамамен 2,5 мың бағдарлама дуалды оқытуға бағытталған, яғни студенттер теориямен бірге өндірістік тәжірибе де жинайды. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар жастар үшін арнайы 70 бағдарлама дайындалған. Жамбыл инновациялық жоғары колледжі шетелдік ACCA (Англия) ұйымымен бірлесіп, халықаралық деңгейдегі бағдарлама ұсынып отыр.
Бағдарламалардың 139-ы басқару және инженерлік мамандықтар классификаторы негізінде жасалған. Колледждердің ең белсенді дайындайтын бағыттары – инженерия, IT (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар), қызмет көрсету, бизнес және басқару салалары. Бұл бағдарламаларды құрастыруға 500-ден астам кәсіби стандарт пайдаланылып, 540 сарапшы қатысқан: олардың 311-і – педагогтер, 229-ы – жұмыс берушілер. Осының бәрі білім мен өндірістің үйлесімін арттырып, жастарды шынайы еңбек нарығына дайындап келеді. Биыл білікті жұмысшы мамандарды дайындауға бағытталған 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы іске қосылып, жастарға жаңа мүмкіндік ашылды. Маман даярлау үдерісі орта білім негізінде жұмыс істейтін кәсіптік колледждерде жүргізіледі. Дуалды білім беру бағдарламасы елімізде бұдан бұрын да жұмыс істеп келген еді. Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының сарапшысы Данагүл Смақованың айтуынша, бұл жүйе жастардың алғашқы тәжірибесі үшін маңызды.
– Біз дуалды оқытуды белгілі бір уақыт аралығында қолдан шығарып алдық та, енді соны қайтадан қайтарып жатырмыз. Қазір жастарға кәсіптік білім беретін зауыт-фабрикалар жоқ немесе оларды қамқорлыққа алуға ешкім ниетті емес. Негізі, бұл белгілі бір өңірге қажетті маман даярлауға көмектеседі. Мысалы, Павлодардағы зауыттар қажетті мамандарды жергілікті кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында дайындауға тапсырыс береді. Кейін жастар өндірістік тәжірибиеден өткенде дәл сол тапсырыс берген зауыт-фабрикаға барып жұмыс істейді. Қазір мұндай білім жүйесі күшті деп айта алмаймын, бірақ ойласып ұйымдастырылған жағдайда мақсатқа жетеді. Өйткені бұл – жергілікті жердегі жұмыспен қамтуды шешудің бірден бір көзі, – дейді.
Данагүл Смақованың сөзінше, жыл сайын грант санының артып келе жатқаны түлектерді қуантатыны рас. Алайда ол кей жағдайда маманның тапшылығына алып келуі мүмкін. Мәселен, педагогикалық мамандыққа түсудің шектік балы төмендеу. Оқуға түсіп, бітіріп шыққан бала кейін бұл саладан оңай бас тарта салуы мүмкін. Сондықтан грант санының көп болуы, бір жағынан, жастар арасында әлеуметтік наразылықтың алдын алу шарасы ретінде қарастырылатын жағдай деп ойлаймын.
Қаржылық қолдау – сенімді тірек
Қазір бір студенттің білім алуына бөлінетін орташа қаржы – 912 мың теңге. Қаржыландырудың мұндай жаңа жүйесі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, білім беру ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазір елімізде 772 колледж кадрлар дайындайды. Контингент небәрі 556 мың студенттен тұрады, оның 85 пайызы грант бойынша оқиды, ал мемлекеттік білім беру тапсырысының 65 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Колледждерде 227 мамандық және 753 біліктілік бойынша білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Қытай, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және өзге де елдермен бірлесіп, 10 халықаралық жобаны қолға алса, бұған дейін отандық Жоғарғы оқу орындары әлемнің озық университеттерімен серіктестік үшін келісімшарт орнатып, талай қазақстандық жастарға білімін шыңдауға мүмкіндік берген. Алматы Менеджмент Университетінің түлегі Аружан Қайрат биыл Erasmus Mundus бағдарламасы бойынша Испанияның Таррагона қаласында білімін жалғастырып жатыр.
– Бакалавриатта оқып жүрген кезімде Erasmus+ бағдарламасына қатысып, Түркиядағы Kadir Has University-ге қабылдандым. Ол жерде Business Administration мамандығы бойынша білім алдым. Ал биыл магистратура бойынша Еrasmus Mundus бағдарламасының International Wine Tourism Innovations and Transitions-ға түстім. Бұл бағдарлама Испания, Франция және Португалия елдерінде өтеді. Әр семестрді әр елде оқып, туризм саласын жан-жақты меңгереміз. Бағдарлама барлық шығынды – оқу ақысын, тұруды, жолақыны, медициналық сақтандыруды толықтай қамтиды, ай сайын 1 400 еуро стипендия беріледі. Еліміз осындай мүмкіндік беріп тұрғанда неге шетелге шығып оқымасқа, – дейді Аружан.
Елімізде жоғары және орта білім саласында жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік гранттардың саны жыл сайын көбейіп, студенттердің стипендиясы да кезең-кезеңімен өсіп жатыр. Бұл – жастардың білімге құштарлығын арттырып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалған нақты қадам. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ошақтары да осының айғағы. Жоспарланған 217 мектептің бүгінде 150-і есігін айқара ашып, мыңдаған оқушыға сапалы білім беруде. Президент биылғы Жолдауында цифрлық технологиялар ғаламдық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатқанын атап өтті. Ол жасанды интеллектімен жұмыс істей алатын, жаңа технологияларды меңгерген мамандарға сұраныс арта түсетінін айтты. Осы мақсатта елімізде Qazaq Digital Mektebi атты жаңа үлгідегі білім ордасы қалыптаспақ.
Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің жағдайы жыл сайын жақсарып келеді: жатақханалар саны көбейіп, стипендия мөлшері де тұрақты өсуде. Биыл 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттерінің стипендиясы – 52 372 теңге, магистранттардікі – 117 098 теңге, ал докторанттардікі 262 500 теңге болды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда бакалавриат деңгейінде екі есеге, магистратура мен докторантура деңгейінде 1,75 есеге көп.
Кейінгі 5 жылда мемлекеттік гранттардың саны 1,4 есеге өсіп, 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді: оның 77 084-і – бакалавриатқа, 13 113-і – магистратураға, 2 919-ы – докторантураға бағытталды. Жатақхана тапшылығы да азайып келеді: 2019 жылы 82 500 орын жетіспесе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14 873 орынға дейін төмендеді. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға жатақханадан орын беру қызметі енді проактивті форматта көрсетіледі. Биылғы ҰБТ-ға 210 мыңнан астам талапкер қатысып, олардың 160,5 мыңы немесе 76,35%-ы шекті балды жинады, орташа балл – 69,42. 2025 жылы мемлекеттік білім гранттарына 113 мың өтінім түсіпті, өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Нәтижесінде, бөлінген 93 232 гранттың 99 пайызы иесін тапқан.
Еңбек нарығына алғашқы қадам
Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында 2009 жылдан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асып жатыр. 2025-2027 жылдары бұл жобаға 25 млрд теңге бөлініп, шамамен 2,8 мың жас маман қолдау табады. Бағдарлама аясында көтерме жәрдемақы, жеңілдетілген ипотека мен ұзақ мерзімге несие беріледі. Шарт бойынша, жастар ауылда кемінде 3 жыл еңбек етуге тиіс. Бұл қадам ауылдық аймақтардың әлеуметтік дамуына тың серпін береді. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдағы кадр тапшылығын жою. Жас дәрігерлер мен мұғалімдерден бастап, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және агроөнеркәсіп саласының мамандарына дейін ауылға барып, өз білімі мен күшін жұмсауда. Бұл – ауылды түлететін, жергілікті халықтың тұрмысын жақсартатын үлкен мүмкіндік.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының жол картасына сәйкес, 2025 жылы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік кредитке де қаржы бөлінді. Осылайша, ауылға барған жас мамандар тек жұмыс қана емес, баспана мәселесін де шеше алады.
Жыл басынан бері елімізде «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 9,1 мың жас жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 38,9 мың адамға жетеді деп жоспарланып отыр. Ең белсенді өңір – Түркістан облысы, мұнда 2,1 мың жас еңбекке араласқан. Одан кейін Жамбыл облысы – 802 адам, Қызылорда облысында – 775 адам, Шымкентте – 665 жас алғашқы жұмыс орнына тұрды. Бағдарламаға қатысушылардың 62,7%-ын әйелдер құрайды (5,4 мың адам). Сондай-ақ 5 мыңнан астамы – ауыл жастары, бұл жалпы қатысушылардың 58,1%-ы.
«Жастар практикасына» 35 жасқа дейінгі, колледж және ЖОО-ны жаңа бітірген жұмыссыз түлектер қатыса алады. Бағдарлама оларға өз мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинап, еңбек жолын бастауға мүмкіндік береді. Қатысу үшін тұрғылықты жердегі мансап орталығына (жұмыспен қамту орталығы) өтініш беру жеткілікті. Жұмыс берушілер тәжірибеден өтуші әр жасқа тәлімгер бекітеді. Бұл олардың кәсіби дағдыларын дамытып, еңбек нарығында өз орнын табуға жол ашады. Бағдарламаға қатысқан жастар еңбегі үшін ай сайын жалақы алады. Оның орташа мөлшері – республика бойынша 109,5 мың теңге. Төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қатысушылардың банк шотына тікелей аударылады. Жалақы жұмыс берушілер ұсынған деректер негізінде төленеді. Бағдарлама аясында ең көп сұранысқа ие мамандықтардың тізімі де анықталды. Көш басында мейіргерлер (654 адам), одан кейін заңгерлер (367), бастауыш сынып мұғалімдері (309), тәрбиешілер (292) және шет тілі мұғалімдері (282) тұр.
Астана қалалық Мансап орталығының директоры Бағила Орынбетованың айтуынша, қазір Мансап орталықтарында осы бағдарлама бойынша 806 жас жұмыс істеп жүр. Оның ішінде, 41 қатысушы тәжірибе мерзімін аяқтап, өз өтпелі орны бойынша тұрақты қызметке орналасқан.
– Сонымен қатар «Жастар тәжірибесі» аясында «Еңбек» порталында 1039 жұмыс берушіден 5 599 бос жұмыс орнына сұраныс тіркелген. Бұл көрсеткіш – жастарға мемлекет тарапынан жасалып отырған нақты қолдаудың айқын дәлелі. Қазір «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жастарды қолдаудың ең маңызды мемлекеттік жобаларының бірі болып саналады. Өйткені жоғары оқу орнын енді аяқтап, дипломын алған жас азаматтардың көбіне өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қиынға соғатыны белгілі. Бағдарламаның мәні – жұмыс тәжірибесі жоқ, оқуын бітіргеніне 5 жылдан аспаған, 35 жасқа дейінгі жас азаматтарға кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Қатысу мерзімі 12 айдан аспайды, ал қатысушыларға ай сайын 30 АЕК көлемінде, яғни 117 960 теңге жалақы төленеді, – дейді ол.
Бағила Сайлаубекқызының сөзінше, бағдарламаның басты миссиясы – жас мамандарды еңбек нарығына дайындау, оларға өз кәсіби жолын бастауға мүмкіндік беру және болашақта елдің экономикалық дамуына үлес қосуға жол ашу.
Қосымша дағды – болашаққа бастар шамшырақ
Әр жас тек өз өмірін ғана емес, бүкіл елдің дамуын қалыптастыратын күш іспетті. Қабілеті мол жас – білімді, таланты, өз ісінде шебер және жаңа дағдыларды игеруге ынталы тұлға десек, мұндай жастар экономикалық белсенді тұлғалардың қатарын арттырып, әлеуметтік прогрестің негізі болары анық.
Еліміз жастар үшін қосымша дағдыларды игерудің маңызын ескеріп, бүгінде цифрлық сауаттылық курстары, бағдарламалау және IT тренингтері, робототехника мен инновациялық технологияларға арналған үйірмелер ұсынуда. Себебі аталмыш шаралар жас мамандардың кәсіби әлеуетін арттырса, спорттық және шығармашылық секциялар, форумдар мен стартап-хакатондар жастарға өз қабілетін сынап, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдары да ашылып, жастарға халықаралық деңгейде білім алу мүмкіндігі беріледі. Мысалы, Cardiff, Coventry, Woosong университеттері мен МГИМО филиалдары білім беру сапасын арттырып, студенттердің кәсіби дағдыларын кеңейтеді. Одан бөлек, ғылыми кәсіпкерлердің жаңа буынын және цифрлық экономиканың болашақ көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған AI-Sana серпінді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – студенттерге жасанды интеллект технологияларын жаппай оқытуды қамтамасыз ету. Бағдарлама Coursera, Huawei және Google платформаларында негізгі оқытудан бастап студенттік стартаптарды жеделдетуге дейінгі төрт кезеңді қамтиды. ЖИ негіздері бойынша 390 мыңнан астам студент пен 3 мың оқытушы курстан өтті.
Осылайша, мемлекет тарапынан жасалған қолдау мен жобалар әр жасқа өз қабілетін толық көрсетуге, қосымша дағдыларды игеруге және өз саласында шеберлікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қабілеті мол жас – тек өз дамуын ғана емес, елдің өркендеуін жылдамдататын күш, ал мемлекет оны қолдап, болашаққа бастар шамшыраққа айналдырса игі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Кәмила ДҮЙСЕН