Бұл сөзге дәлелді алыстан іздемейміз, күн райы сәл өзгерсе болды, жарық сөніп қалады немесе су тоқтайды. Жарық өшкен бойда қаладағы тоқпен жылытылатын үйлердің бәрі қақаған қыста талай жылусыз отырды. Тіпті былтыр қыстың алғашқы айындағы борандар талай елді мекен мен қаланы жарықсыз, жылусыз, байланыссыз қалдырды. Атқарушы билік осы мәселені шешу үшін қандай жоспар құрып жатыр? Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасында не жазылған?
Өңірдегі ірі стратегиялық нысанның бірі – «ЖайықЖылуҚуат» АҚ. Бұл қаланы жылумен қамтамасыз етіп тұрған үлкен нысан. Сөздің шыны керек, бұл нысан әбден ескірген, көп жылу қазандығы жөндеуді қажет етеді. Жуырда «ЖайықЖылуҚуат» мекемесінің газтурбинасы жөндеуден өтіп, қайта іске қосылғаны мәлім болды. Жөндеу былтыр сәуірден бері жалғасқан еді.
Жылу электр орталығындағы «Хитачи» газ турбинасы 2006 жылы іске қосылып, содан бері тоқтаусыз қызмет атқарған. Ол үш турбоагрегатқа 40 шаршы метр бу және 25 мегаватт электр қуатын өндіретін. Бұл газтурбинаға 2019 жылы бір жөндеу жүргізілген. Бірақ сол кезде құрылғының әбден тозғаны анықталыпты.
Енді міне, араға бірнеше жыл салып газтурбинаны жөндеуден өткізіп отыр. Жалпы, «ЖайықЖылуҚуат» мекемесінде үш турбоагрегат бар. Үшеуінің де жағдайы жақсы емес. Біреуіне тек былтыр жөндеу жүргізіліп, іске қосты. Екіншісі 1994 жылдан бері қызмет атқарып тұр. Ал үшіншісін жөндеу үшін жобалық құжаттамасы жасалып жатыр. Алдағы уақытта жылыту қазандықтарын жаңарту және газтурбиналық станса салу жоспары бар екен.
Осы мәселеден соң аймақ басшысы Нарман Төреғалиев «ЖайықЖылуҚуат» мекемесін аралап, жұмыс барысымен танысты. Коммуналдық саланы цифрландыру бастамалары да осында қозғалыпты.
– Жылу электр орталығының барлық жұмысын автоматтандырып, цифрландыруға көшеміз. Ол бізге келеңсіз жайттардың алдын алу үшін қажет. Біз осы жылу орталығына цифрлық басқару орталығын саламыз. Қаладағы кәріз сору стансалары, шағын жылу пункттері, су айдау стансалары осылардың бәрі заманауи бақылау жүйесіне көшіріледі. Қазір бұлардың бәрі бөлек-бөлек жұмыс істеп отыр. Болашақта осылардың бәрін біріктіріп, бір диспетчерлік орталықтан басқарылатын етеміз. Бұл қалада бола қалатын тосын апаттарды тез анықтап, қаланы үздіксіз жылу, су, электрмен қамтуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Кейінгі екі жылда ғана жылу-энергетика саласын жаңғыртуға бюджеттен 15,6 млрд теңге қаржы жұмсалған. Соның нәтижесінде насостық станциядағы тарату құрылғысы, градирня, жаңа қазандық, №2 және №5 жылу магистральдарын қайта құру, Зашаған кентіндегі жаңа қазандық құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, қазір №6 және №7 жылу магистралін жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобалар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асып жатқан көрінеді.
Тозған коммуналдық желілері қалпына келтіру өте ұзақ уақытты қажет етеді. Осыны ескеріп, аймақ басшысы 2023 жылы коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйін жақсарту мақсатында 2035 жылға дейін жасалу керек жұмыстардың жол картасын бекіткен. 2023-2024 жылдары облыстық энергия тарату компаниясының қаражаты есебінен 6 мың шақырымға жуық электр желілеріне, 50 қосалқы станцияға және 600 трансформаторға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Орал жылу электр орталығының жылу магистралдары мен негізгі тораптары жөнделді. Айта кетерлігі, бұл нысандарға күрделі жөндеу іске қосылған 1960-1970 жылдардан бері жүргізілмеген. Әзірге коммуналдық мекемелер 58 техникамен толықты. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғаспақ.
БҚО-да екі аудан электр энергиясын Ресейден алады – ең шалғай Бөкей Ордасы мен Жәнібек ауданы. Жалпы, облыс электр энергиясына қажеттілігінің 96 пайызын өзі өндіріп отыр. Тек жаңағы аталған екі аудан үшін 4-5 МВт электр энергиясы көрші елден алынады.
Өңірдің электр тораптарының жағдайы мәз емес. Облыстың орталығы Орал қаласының маңындағы ауылдарда жарық жиі сөнеді. Осы олқылықты жою үшін биыл 41 елді мекеннің электр желілері жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар былтыр басталған. Ал биыл 100-ден астам елді мекеннің электр желілері ауыстырылмақ.
Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында БҚО бойынша электр желілері, су құбырлары мен жылу құбырлары ауыстырылып, жаңартылады. Бәйтерек, Тасқала, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында мердігер компаниялар электр желілерін ауыстыруға келіскен. Ұлттық жоба 2029 жылға дейін есептелген. Осы уақыт аралығында коммуналдық желілерді жаңарту жоспары тұр.
Жалпы алғанда, Ұлттық жоба шеңберінде 2025-2029 жылдар аралығында жылумен жабдықтау саласына – 25 млрд теңге, сумен жабдықтау саласына – 17,4 млрд теңге, су бұру саласына – 10,1 млрд теңге және электрмен жабдықтауға 130,6 млрд теңге қаржы бөлінеді. Егер осы 183,1 млрд теңгені құрайтын жобалар толық іске асса, сумен жабдықтау және жылу желілерінің тозу деңгейі – 43 пайызға, ал су бұру желілерінің тозуы – 48 пайызға, электр жабдықтарының тозуы 62 пайызға дейін төмендейді деп күтіліп отыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы
