in

"Жұмыстан сұранып барған": блогер Сәуле Базарханның жақындары оқиға туралы өз шындығын айтты

Алматыда блогер қаза тапқан пластикалық хирургия клиникасын денсаулық сақтау министрлігі тексере бастады. 53 жастағы Сәуле Базархан липосакция жасатуға өз аяғымен барып, орталықтан мәйіті шыққан. Марқұмның туыстары өлімнің нақты себебін біле алмай дал. Олар КТК телеарнасына сұхбат беріп, мән-жайды баяндады.

Марқұм Сәуле Базархан оқиға болар күні жұмысынан екі сағатқа сұранып шығыпты. Орталыққа туысымен бірге барған. Бірақ бір жарым сағатқа жоспарланған ота уақытында бітпеген. Тек арада үш сағат өткенде клиникадағылар жедел жәрдем шақыртады. Қаралы хабарды туыстарына солар жеткізіпті.

"4-тен 3 минут кеткенде алып кетті, ішке қарай деді. Маған "күтіңіз" деп айтты. "Операция қанша болады?" дегенде, бір жарым сағаттай болады деп айтыпты. Бір жарым сағат болды ғой, сағат бес жарым болды ғой, шығатын уақыты болды ғой деген. Ештеңе айтпайды. Дәрігерлер кіреді, шығады. Жүгіріп жүр дейді. Соны толық айтпады дейді. Жедел жәрдем келіп, ол да кіріп кетті де, қайтадан шығып, қайтып кетті деді", – дейді марқұмның ағасы Болатхан Ермаханов.

53 жастағы Сәуле өмірге құштар еді, дейді жақындары. Жүзуді жаны сүйген марқұм стоматология саласында жұмыс істеген. Бір миллионнан аса оқырманы бар блогер әлеуметтік желідегі парақшасын жүйелі жүргізіп отырыпты. Марқұмның артында екі баласы қалды. Қара жамылған жақындары мән-жайды анықтап, кінәлі адамдарды тиісті жазаға тартуды талап етеді. Қазір әйелдің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметі жария етілмейді", – дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал қайғылы жағдай болған клиника бүгін парақшасында ресми жауап жариялады. Дәрігерлік құпия мен науқастың отбасына құрметті алға тартып, ресми шаралар аяқталғанға дейін жария түрде пікір білдірмейтінін жазды.

Қазір денсаулық сақтау министрлігі жағдайды бақылауға алды. Клиниканың лицензиясы бар ма, ондағы мамандардың біліктілігі жеткілікті ме, көрсетілетін қызметтер стандарттарға сәйкес жүргізіле ме, осының бәрі жіті тексеріле бастады. Сондай-ақ блогердің қазасынан соң, косметологиялық қызмет көрсететін өзге де ұйымдарға мониторинг күшейтілмек.