in

Жұмысшы мамандықтарға – жаңа дем

Astana Polytechnic – білім мен өндір­іс­ті ұштастырған заманауи орталық. Кол­ледждің басты ерекшеліктерінің бірі – әлемдік деңгейдегі серіктестік. Мұнда TP-Link, GROHE, FESTO, Knauf, Тех­но­николь, ALINA, 1С және Cisco ком­пания­ларының жабдықтарымен жабдық­тал­ған ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Студенттер IT, құрылыс және сервис салалары бойынша халық­ара­лық серти­фи­каттарға ие болып, оқу барысында 7-ге дейін кәсіби құжат алу мүмкіндігіне ие.

Сонымен қатар дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Жастар ірі кәсіпорындарда тәжірибе жинап, еңбек нарығында сұ­ранысқа ие маман ретінде қалыптасады. Колледж қабырғасынан талай WorldSkills чемпиондары да шыққан.

Astana Polytechnic колледжі қазір бір­шама жетістікке жетіп елімізде үздік кол­ледждердің қатарына кіріп отыр. Атап айтсақ, бұл колледж Қазақстан колледж­дері­нің ТОП-10 қатарына енген; 11 ма­ман­дық бойынша 2 000-нан астам сту­дентті қамтиды; 7 заманауи ресурстық орта­лық жұмыс істейді; 10-нан астам халықаралық білім беру жобаларын жүзе­ге асыруда және WorldSkills чемпио­нат­тарында үздік нәтиже көрсетіп, жет­екші ком­паниялардан тұрақты ұсыныс­тар алып отыр.

Колледждің материалдық-техника­лық базасы мен оқу бағдарламалары ең­бек нарығы талаптарына сай жыл сай­ын жаңартылып отырады. 

– Біздің колледждің 30 жылдық тарихы бар. Қазір 2 000-нан астам сту­дентіміз 11 мамандық бойынша білім алуда. Оқыту дуальды негізде жүргізіледі: 40 пайыз теория болса, 60 пайызы әлеу­меттік серіктестердің базасында практи­ка­лық оқудан тұрады. Осы тәжірибеден кейін студенттер сол кәсіпорындарда бірден жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бізде құрылыс мамандығы бой­ынша BI Group, SAT&S, интерьер дизай­ны сала­сында «Атамекен» мемор­иал­дық саябағы, қонақүй бизнесі бой­ын­ша – Hilton, St. Regis, Rixos, Radisson сынды серік­тестеріміз бар. Ал техника­лық қызмет көрсету мен жөндеу сала­сын­да Toyota-­center, Hyundai-premium­-center, Autoland, Astek Auto сияқты ком­­панияларда сту­денттеріміз тәжіри­беден өтеді.

Сондай-ақ бізде GROHE, Technonicol, FESTO, 1С, Alina және Cisco секілді ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Бұл орталықтар халықаралық сертифи­кат­тар беруге мүмкіндік береді. Жақында сту­дент­теріміз Certiport емтиханын тап­сы­рып, халықаралық деңгейде мойын­далған құжаттарға ие болды. Бүгінде түлек­тері­міздің 90 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасып отыр, – дейді кол­ледж директорының орынба­сары Сәния Нағметқанқызы.

Теория мен практика ұштасқан мекен

Колледждің өндірістік оқыту шебері Әділбек Әшімұлы студенттердің көлік құрастыру, зерттеуіне толықтай жауап береді. Олардың басты міндеті авто­мо­бильді кезең-кезеңімен жіті бақылаудан өткізіп, студенттердің қабілетін шыңдау көрінеді.

– Оқу барысында қозғалтқышты бөл­шектеу және қайта жинау, компью­терлік диагностика сынды тәжірибелік жатты­ғулар жүргіземіз. Қазір маман­­дық­­қа байланысты 4-5 оқу кабинеті бар: қоз­ғалт­қышты бөлшектеу және жинау, диагнос­тика, тағы басқа. Сонымен бірге теория­лық пәндерге арналған кабинет­тер де жеткілікті. Студенттеріміз тек кол­ледж ая­сында емес, әртүрлі орталық­та тәжіри­беден өтеді. Мысалы, Allur Auto, Астек Авто, автобаза сияқты меке­мелермен әріптестік орнатылған. Дуаль­ды дайын­дық аясында жастарымыз көп жаттығады, кейін сол компанияларда жұмысқа қала­ды. Өзімнің шәкірттерім қазір Hyundai центрде директор, техни­калық директор болып қызмет атқарып жүр, – дейді Әділбек Әшімұлы.

Оның сөзінше, түлектердің көбі тео­риялық білімді тәжірибемен ұштас­тыра отырып, еңбек нарығында сұран­ыс­қа ие мамандарға айналған. «Қазірдің өзінде шәкірттеріміздің бірқатары жетекші қызметтерде жүр. Бұл – біздің еңбегіміздің нәтижесі», – дейді ол.

– Сондай-ақ біз WorldSkills бағдарла­ма­сына қатысып келеміз. Қозғалтқыш пен редукторға техникалық қызмет көр­сету, кузов жұмыстары бойынша да жігіт­теріміз жақсы нәтижелерге жетіп жүр.

Біздің оқыту жүйеміз шамамен 30% теория мен 70% тәжірибеден тұрады. Алғашқы курста жалпы мектеп пәндері оқытылса, кейін арнайы пәндерге көш­е­міз. Арнайы білім алған соң студенттер моторларды бөлшектеп-жинауды, диаг­ностика жасауды меңгереді. Қазір жаңа бағыттарға да назар аударып отырмыз. Мысалы, электромобильдер. Колледжі­мізге арнайы Nissan Leaf көлігі алынды. Жастар оны тәжірибеде қолданып, эл­ектро­мобиль құрылысын түсінуге мүм­кіндік алды. Сонымен қатар Allur Auto компаниясымен және электро­ав­то­бустар паркімен жұмыс істейміз. Біз­дің студент­тер сол жерде де практикалық дайындық­тан өтіп, кейін жұмысқа орна­ласады, – дейді оқытушы.

Astana Polytechnic колледжіндегі директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Керимов Самир Перевичтың айтуынша, бүгінгі студент­тер тек теориямен шектелмей, өндірістік процестерді нөлден бастап үйреніп жүр.

Біз кез келген өнімге каскадпен тап­сы­рыс бергенді ұнатамыз. Мысалы, қос­ымша арқылы қымыз өндіруге тап­сырыс беруге болады. Қолданбаға кіріп, қажетті өнімді таңдаймыз. Қымыздың қызыл, қара және күміс түрлері бар. Тапсырыс бер­іл­ген соң, жүйе автоматты түрде қа­жет­ті бөтел­кені таңдайды, қақ­па­ғын жабады және дайын өнімді жет­кізу­ге жі­береді. Мұның бәрі адамның ара­лас­уын­сыз іске асады. Бұл тәсіл кез келген салада қол­дан­ылуы мүмкін: це­мент қаптау, азық-түлік өндірісі, тіпті авто­көлік бөлшектерін жасау. Ең бас­ты­сы техно­ло­гиялық тізбекті қалай құрас­ты­руды меңгеру.

Оқу орнына түсу үшін техникалық сауаттылық артық етпейді. Дегенмен бас­тысы – үйренуге деген ынта. «Бар­лы­ғы нөлден басталады. Біз қажетті дағ­ды­лар­ды үйретеміз. Тек студент ком­пью­термен аздап таныс болса жеткілікті. Өйткені бү­гінде бағдарламалаусыз ешбір мамандық жоқ», – дейді ол.

Болашақ жастардың қолында

Astana Polytechnic колледжінде көп­теген қызықты мамандық бар. Солардың бірі автомеханик мамандығы. Еңбек нары­ғын­да өлмейтін, жақсы бағала­на­тын осы мамандықта Рахметолла Ерасыл өз білімін шыңдап жатыр. Қазір ол көлік­ке техника­лық қызмет көрсету және жөндеу маман­ды­ғы бойынша үш­ін­ші курста оқып жүр. Ерасыл бүгінде Hyundai Premium Astana компаниясында тағылымдамадан өтіп жатыр. Айтуынша, оқуда алған білімнің барлығы тәжірибеде толық қолданысқа ие.

– Біз қозғалтқыштарды, редук­тор­ларды бөлшектеп, қайта құрастырамыз. Ал білмегенімізді тәжірибе барысында үйрене­міз. Ол жерде бізге бәрін жан-жақ­ты түсіндіріп, көрсетеді. Маған қозғалт­қыш­тар мен редукторларды бөлшектеу ұнай­ды. Осы салаға бала кезден әуеспін. Арманым да автомеханик болу еді. Қазір сол арманым орындалып жатыр, – дейді Ерасыл.

Колледждегі зертханалар да студент­тер­дің кәсіби даярлығын арттыруға мүм­кіндік береді. Мұнда электроника, іштен жанатын қозғалтқыштар, дизельдік және бензин қозғалтқыштары, сақтандырғыш блоктары, фаралар, қауіпсіздік жастық­тары мен шасси бар. Осындай тәжірибелік база болашақ мамандарды нақты өндір­істік жағдайға дайындайды. 

– Біз алдымен оқу орнымыздағы ше­бер­ханада мотор қозғалтқыш­тары­мен, түрлі датчик пен құрылғының жұмыс істеу принципін үйренеміз. Әр бөлшекті толық­тай меңгеріп, оның ақауларын анық­тауды да тәжірибеде көреміз. Яғни, тек теория емес, іс жүз­ін­де қолмен істеп көреміз. Белгілі бір нәтижеге жеткеннен кейін ғана бізді авто­орталықтарға жі­бер­іп, ондағы ма­ман­дардың қасында үйре­нуге мүмкіндік береді. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе әрі болашақта жұмысқа тұрған кезде дай­ындық ретінде маңызды, – дей­ді авто­көлікке техникалық қызмет көрсе­ту ма­мандығының 3-курс студенті Рус­там­­беков Нұрлыбек.

Қорыта келгенде, колледж ұсынып отыр­ған мамандықтардан ертеңгі күннің болашағын жасайтын мықты мамандар шығатынына кәміл сенеміз. Бүгінде бағ­дар­ламалау, автокөлікке техникалық қыз­мет көрсету, заманауи құрылғыларды мең­­геру сияқты бағыттар кез келген салада аса қажет. Сондықтан білім ор­да­сы тек кә­сіби дағды беріп қана қоймай, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даяр­лайтын маңызды мекеме болып отыр.

Әсет ҚАЛИ