in

Зияткерлік меншікті қорғау – конституциялық міндет

Бүгінге жаңа үлгідегі экономиканы  қалыптастыруға да  зияткерлік  меншіктің  қосатын үлесі зор. Өйткені авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын тиімді қорғау мәдениеттің, медиаиндустрияның және кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер етеді. Ал елімізде  зияткерлік меншікті  қорғау күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Тиісті  нормативтік іргетас қалыптасты,  зияткерлік меншікті қорғау  жүйесі тиянақты жұмыс істеп тұр. 

Әдетте музыка, фильмдер, кітаптар, телебағдарламалар және өзге де контент күн сайын радиода, теледидарда, кафе­лерде, сауда орталықтарында және ин­тернет желісінде қолданылады. Бұған кө­зіміз  үйреніп кеткен. Алайда кез кел­ген туындының  авторы болады. Өнімдер  авторлардың  зияткерлік еңбегінің нәти­жесінде  дүниеге келеді. Ал мемлекет  автор  еңбегін,  зияткершік меншікті қорғауды құқықтық тұрғыда кепілден­дірілген. Дегенмен зияткерлік меншікті қорғаудың да  түрлі қыры бар.

Айталық, бұл салада «құқықтарды  ұжымдық басқару жүйесі» дейтін ұғым бар. Бұл жүйе  автордың өз туындыларын пайдалануды жеке бақылауы мүмкін емес жағдайларда қалыптасты. XIX ғасырдың өзінде Еуропада туындыларды пайда­ланғаны үшін сыйақы жинау және бөлу жұмыстарын жүзеге асырған алғашқы ұйымдар пайда болды. Технологиялар дамыған сайын бұл жүйе кеңінен тара­лып, оның ішінде Қазақстанда да қол­даныла бастады. Қазір ол авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қам­тамасыз етудің маңызды буыны болып есептеледі.

Бұл жүйеде құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар (ҚҰБҰ) ерек­ше рөл атқарады. Әдетте қоғамдық бір­лес­тіктер, жеке мекемелер және заңды тұлғалардың бірлестіктері сипатында құрылатын бұл құрылымдар коммер­циялық емес ұйымдар қатарына кіреді.  Олардың негізгі міндеті – авторлық құқық және сабақтас құқық объектілерін пайдаланғаны үшін сыйақыны жинау, бөлу және төлеу. Мұндай ұйымдар автор­лар, құқық иеленушілер және пайда­ланушылар арасындағы делдал ретінде әрекет етіп, барлық қатысушы мүдде­лерінің теңдігін сақтауға қызмет етеді. Бүгінде Қазақстанда  мұндай 13 ұйым тіркелсе,  олардың алтауы аккредитация алған.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жүйенің тиімді жұмыс істеуіне  мұндай ұйымдардың саны тым қатты әсер ете қоймайтыны байқалады. Кейбір мемле­кет­терде мұндай ұйымдардың саны  мол болса, енді біреуінде санаулы ғана кездеседі. Тіпті, халқы көп кейбір елдерде осындай ұйымдардың саны айтарлықтай аз. Демек,  мұндай ұйымдардың көп болуы зияткерлік меншікті қорғау мә­селесінде шешуші рөл атқармайды деген сөз. Керісінше,  ұйымдарға авторлар мен  құқық иеленушілердің сенуі, ұйым жұ­мысының ашықтығы мен сыйақы бөлудің тиімді тетіктері  алдыңғы қатарға шығады. 

Елімізде зияткерлік меншікті қорғау саласында  нақты институционалды  база қалыптасқанымен,  әлі де  бірқатар  мәселе  бар. Бұл мәселелер құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар жұмысына  байланысты туындап жатады. Айталық,  ұйым жұмысының жеткілікті деңгейде ашық болмауы, пайдаланушылар үшін рәсімдердің күрделі болуы,  сондай-ақ авторлардың өз туындыларының пайдаланылуы, жиналған, бөлінген және төленген сыйақы көлемі туралы ақпа­ратқа толық деңгейде қол жеткізе аламуы  қатарлы  өзекті мәселелер бар. Дегенмен  құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар біршама  қаржы  жинайды. ҚҰБҰ есептеріне қарағанда 2024 жылы олар 1,7 млрд теңгеден астам қаражат жинаған. Оның ішінде 1,2 млрд теңгеден астамы бөлінген, ал авторларға шамамен 920 млн теңге төленген. Ал 2025 жылдың есебі  биыл сәуірдің  ортасына қарай жарияланады. Сондықтан  зияткерлік меншікті қорғау мен авторлардың еңбегін бағалау мәселесіне былтыр қандай нәтижеге қол жеткізілгенін  көп кешікпей бағалау  мүмкіндігі туады. Әзірге біз алдыңғы жылдың деректерін басшылыққа алдық.

Әрине,  жиналған қаржының көлемі  аз емес. Бірақ авторлар мен құқық ие­ленушілердің өтініштері есептің ашық­тығы мен сыйақыны уақытылы төлеуге қатысты мәселелердің бар екенін көр­сетті. Авторлар әрдайым өз туындылары­ның пайдаланылуы туралы толық ақпарат ала алмайды. Бұл сыйақының есептелуін бақылауды қиындатып, жүйеге деген сенім деңгейін төмендетеді.

Сонымен қатар салада қағаз құжат айналымының үлесі әлі де жоғары. Пай­даланушылармен жасалатын шарттар, сондай-ақ туындыларды пайдалану тура­лы есептер көп жағдайда дәстүрлі (қағаз) түрде рәсімделеді, бұл деректерді есепке алу мен талдау үдерістерін қиын­датады.

Жекелеген рәсімдер, соның ішінде пайдаланушылармен есеп айырысулар, одан әрі стандарттауды және заманауи цифрлық шешімдерге көшуді талап етеді. Аталған факторлар құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін жаңғырту қажеттілігін айқындады.

Осы ретте 2025 жылғы 24 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын­да көзделген құқықтарды ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформаны енгізу авторлық сыйа­қының ашықтығы мен уақытылы тө­ленуін қамтамасыз етудегі негізгі қадамға айналып келе жатқанын да атап өту ке­рек.

Сонымен қатар алғаш рет Қазақстан Республикасы Конституциясы деңге­йінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бекітілді, бұл креативті экономика­ның және инновациялық белсенділіктің дамуына тың серпін береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәслихат депутат­тарының ІІІ республикалық форумында  да атап өтті.

Осыған байланысты бірыңғай ци­фрлық платформа жай ғана технология­лық құрал емес, авторлар мен құқық ие­лену­шілердің құқықтарын іске асырудың толыққанды тетігі болып саналады. Ол авторлар, құқық иеленушілер, ҚҰБҰ және пайдаланушылар өзара әрекет­тесетін бірыңғай цифрлық кеңістік қа­лып­­тастырады, ақпаратқа қолжетім­ділік­ті қамтамасыз етеді, өзара іс-қи­мылды жеңілдетеді, әкімшілік кедер­гілерді азай­тады және рәсімдерді ыңғайлы етеді.

Құқықтарды ұжымдық басқару жү­йесін цифрландыру «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру бағытына және заманауи сервистерді дамытуға да сәйкес келеді. Жаңа платформа авторларға өз туындыларының пайдаланылуын дербес бақылауға мүмкіндік береді.

Шолпан АБДРЕЕВА,

Әділет министрлігінің

Зияткерлік меншік құқығы 

комитетінің төрағасы