in

Кенеден паразит жұққан: Ақтөбе облысында мал қырылып жатыр

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында мал қырылып жатыр, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.

Қызылжар селолық округіне қарасты екі ауылда 49 бас ірі қара өлген. Жайылымнан оралған сиырлар алдына қойған жем-шөп пен суға қайырылмай, бірнеше күннен кейін құлаған.

Малы қырылған ауылдықтар карантин жариялауды сұрап отыр. Алайда өлекседен сынама алған мамандар "жаппай шектеу қоюға негіз жоқ", дейді.

Облыстық ветеринария басқармасының өкілдері ірі қарадан тейлериоз анықталғанын жеткізді.

"Төрт-түлікке кенеден жұғатын паразит қауіпті аурулардың қатарына кірмейді", – дейді сала мамандары.

"Ветеринарлар қазір аулаларды аралап, ауру жұқтырған мал басын есепке алып жатыр. Тұрғындарға бұл дерттің аса қауіпті аурулардың тізімінде жоқ екенін де түсіндіріп жүр. Сондықтан алдын алу және ем-дом шараларын мал иелерінің өздері жүргізуге тиіс. Қора мен жайылымдарды улау қажет", – дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Күлсара Жақыпова.