in

Күйзелістен күйіп кетпе

Бүгінде психологиялық күйзеліс тек ересектердің ғана емес, сондай-ақ жас­тар­дың да басты мәселесіне айналған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның мәліметінше, әрбір төртінші адам өмірінде кем дегенде бір рет психикалық қиындыққа тап болады. Алайда бұл тура­лы айту көпшілік үшін әлі де ұят, әлсіздік ретінде қабылданады. Психолог маман­дар­дың айтуынша, күйзелісті дер кезінде анықтап, маман көмегіне жүгіну – үлкен қадам. Өкінішке қарай, көптеген адам бұл белгілерді елемейді немесе өздігінен жеңуге тырысады. Соның салдарынан күйзеліс асқынып, психикалық дертке ұласуы мүмкін. Психология бойынша адам екі аптадан артық уақыт ішінде көңіл-күйі түсіп, ұйқысы тыныш бол­май, эмоционалдық көңіл-күйі тым пас­сивті немесе тым белсенді болған жағдайда психологиялық күйзелістің алғашқы дабылы соғылады. 

Күйзелістің де түрі көп

Қазір қоғамда адамның сыртқы кел­беті ғана емес, ішкі жан-дүниесі де алаң­да­тар­лық күйде. Күйзеліс – бәріміз­ге та­ныс жағ­дай. Бірақ оның да түр-түрі бар. Пси­хо­­логтер күйзелісті негізінен үш түрге бөл­еді: жедел күйзеліс – бір реттік, кенет­тен пайда болатын қысым. Мыса­лы, жақыныңнан айырылу, ажырасу не­месе жол апаты. Созылмалы күйзе­ліс – ұзақ уақыт бойы ішкі қысыммен жүру. Жұмыс­тағы проблемалар, отбасы­лық кикілжің, қаржылық қиындық­тар әсер етеді. Эус­тресс пен дистресс – эус­тресс адамды алға жетелейтін оң моти­ва­ция болса, дистресс – керісінше, жан-ды қажы­та­тын ауыр күй. Бұдан бөлек, күйзелістің нақты көріністері ретінде депрессия, эмо­цио­налдық күйіп кету, паникалық шабуыл, тұлғалық дағ­дар­ыс және мазасыздық бұзылыстары бар. Бүгінгі адамның өмір сүру ырғағы тым жылдам. Таңнан кешке дейін жұмыс, оқу, жоспар, жауапкершілік. Демалуға, өзіне қарауға уақыт тапшы.  

– Жалпы, біз қоғамда өмір сүрген­діктен, қоғам мүшесі ретінде басқа адам­дармен қарым-қатынасқа түсеміз, қыз­мет етеміз, білім аламыз, түрлі орында жүре­міз. Сол себепті күнделікті өміріміз­де түрлі әдіспен әрекет етеміз. Алайда әр­түрлі жағдайда психологиялық күйзе­ліс­тер болуы мүмкін. Қазір неге адамдар­да күйзеліс көп? Бұл неге байланысты? Әри­не, бүгінде біз «цифрлық дәуірде» өмір сүріп жатырмыз. Сандық техноло­гия­лардың дамуы адам миының жұмыс істеу қабілетіне де әсер етеді. Яғни, ми бұ­рын­ғыдай логикалық ойланбайды, дайын ақпаратқа тәуелді болып бара­ды, – дейді психолог Балабек Сақтағанов.  

Оның айтуынша, бүгінде көп адам өз бетімен мәселені шешуге тырыспайды. Себебі интернет бар, жасанды интеллект бар, Google бар – бәрі дайын жауап бере­ді. Instagram, TikTok секілді желілерде адамдар тек көзбен көргенін қабылдап, терең ойланбай, эмоциямен жауап бер­еді. Олар ұзақ бас қатырмай, қысқа видеобей­не­лер көріп, назарын жиі ауыс­тырады. Бұл да ми жұмысына кері әсер етеді. Бұл – цифрлық технологиялардың дамуына байланысты туындаған бір фактор. Екін­ші фактор – экономикалық жағ­дай. Қар­жы­лық қиындықтар адам­дар­ды күйзеліске түсіреді. Көп адам несие алып, соны төлеуді уайымдайды. Бар тапқан табысы  несиеге кетіп жатыр. Сол себепті адамдар отбасыға, бала-ша­ға­ға қажетті киім-кешек алуға да қинала­ды. Өз қажеттіліктерін жабу үшін де ақшасы жетпейді. Мұның бәрі адамға пси­хологиялық қысым түсір­еді. Соны­мен қатар отбасындағы қарым-қатынас­тың нашарлауы, баламен сөйле­су­ге уақыттың жетпеуі – күйзеліске ұшы­ра­туы мүмкін. Бұған жаһандық оқиғалар, со­ғыс­тар, табиғи апаттар секілді фактор­лар да қосылады.

– Қоғамда әлеуметтік желілер де күй­зелістің көзіне айналып отыр. Мысалы, біреулер басқа адамдардың «жасанды» ба­қытын көріп, өз өмірін сонымен сал­ыс­тырып, өзін төмен санайды. Ақпарат­тың көптігі де адамды қажытады. Бұған қоса, қаржылық сауатсыздық салдары­нан ойынға тәуелділік, құмар ойындарға бе­ріл­іп кету сияқты қауіптер де бар. Кейбір жастар мен ересектер түрлі бәс тігуге, он­лайн ойындарға тәуелді болып жа­тыр. Бұл да күйзелістің бір себебі. Бұрын мұн­дай болмаған. Қазір заман өзгерді, сол себепті адамдар психология­л­ық қолдауды жиі қажет етеді. Ең жақсы тәсілдердің бірі – сүйікті іспен айналысу. Мысалы, шахмат ойнау, сурет салу, жануар­лармен уақыт өткізу, табиғатта серуендеу, спорт­пен айналысу, бокспен айналысу – мұның бәрі стресстен арылу­ға көмектеседі, – дейді психолог. 

Психологтің қызметіне сұраныс жоғары

Балабек Сақтағановтың айтуы бой­ын­ша, күйзелісті жеңудің де өзіндік жол­дары бар. Ең бастысы бұл жағдаймен жалғыз қалмау. Психологке жүгіну, күн тәртібін реттеу, эмоцияны шығару, Хоб­би­ге уақыт бөлу – адам өзін пайдалы әрі бақытты сезінетін іспен айналысқанда, ішкі күйзе­ліс азаяды. 

Әр елде психолоке барудың бағасы әртүрлі. Қазақстанда 1 сеанс орташа – 20 000-50 000 теңге аралығын құрайды. Ал Ал­маты мен Астанада тәжірибелі маман­дар 25 000 теңгеден басталады. Шет­елде бұл баға жоғары: Ресейде – 20 000 – 60 000,  Түркияда – 8 000 – 38000, Гер­манияда – 25 000 – 40 000, Америкада – 40 000 – 100 000, Жапонияда – 30 000 – 60 000 теңге. Онлайн терапиялар бұдан арзанырақ. Ал кейбір Еуропа елдерінде психологиялық көмек әлеуметтік сақ­тан­дыру арқылы тегін бері­леді. Ең көп ма­манға жүгінетін ел – АҚШ. Мұнда халықтың 40%-ы өмірінде кем де­генде бір рет психологке барып көрген. Гер­­мания, Норвегия, Финляндия, Канада, Аустралия елдерінде де бұл – күнделікті мәдениеттің бір бөлігі. Жапония мен Корея­да соңғы жылдары жастар арасын­да психологке бару сәнге емес, қажетті­лік­­ке айналып келеді. Ал Қазақстанда жағ­дай өзгере бастады. Бұрын бұл «ұят» немесе «есі дұрыс емес адам барады» де­ген түсінік болса, бүгінде жастар та­рапы­нан сұраныс артып келеді. Әсіресе, қала жас­тары мен студенттер арасында. 

Эмоционалдық күйзеліс – түрлі бел­гінің жиынтығы арқылы көрінетін күрделі жағдай. Ол физикалық шаршау, ой мен сезімнің таусылуы, созылмалы күйзелістің айқын көріністерін қамтиды. Мұндай кезде адамның еңбек ету қабілеті төмен­деп, ұйқысы бұзылады, көңіл күйі үнемі құлдырап тұрады. Сондай-ақ түрлі сома­ти­калық сырқаттар пайда болып, алко­голь, құмар ойын сияқты зиянды «тын­ы­ғу» тәсілдеріне әуестік күшейеді. Эмо­цио­нал­дық күйзеліс қаупі әсіресе адам­дармен тығыз жұмыс істейтін қыз­меткерлерге: әлеу­меттік сала маман­дары­на, педагог­тер­н­ге тән. Себебі жо­ғары жұмыс қар­қыны, демалыстың тап­шы­лығы, қиын клиенттер­мен жиі кездесу үлкен стресс көзі болып санала­ды. Бұл күйдің қауіп­тілігі – баяу өрши беруінде: әуелде адам тек қалыптыдан көбірек шаршағандай сезінеді, ал жағдай ушыққанда барлық салада бұзылу бел­гі­лері байқалады. Маза­сыз­дық, енжарлық, ұйқысыздық өрши түседі, ештеңе істеуге күш қалмайды. Көп жағдайда ағза түрлі ауруға шалдыққыш болып, адам өзін мүлде дәрменсіз сезіне бастайды.

Психологияда белгілі бір жас кезең­дер­інде адамның өмірінде маңызды ішкі өзгерістер болып, дағдарыс тууы мүмкін: 3 жаста – бала «өзім» дегенді танып, ата-анаға қарсы шыға бастайды. 13 жас – жас­өс­пі­рім­дік кезең. Өз орнын іздеу, сырт­­қы әлеммен күрес. 25 жас – жеке өмір, ман­сап, болашақ­қа байланысты дағ­дарыс. 30 жас – жетістік­терді бағалау, салыстыру, «Қатарым­нан қалып қойдым ба?» деген уайым. 40 жас – «орта жас дағ­дарысы». Адам өз өмір жолын қайта қарауға мәжбүр болады. 

Күйзеліс – әлсіз адамның емес, тірі адам­ның белгісі. Әрқайсымыз қандай да бір сәтте ішкі тығырыққа тірелуіміз мүм­кін. Ең маңыздысы – бұл күйден шығуға ұмтылу, көмек сұраудан қорықпау және жан сау­лығына дәл денсаулық секілді мән беру. Себебі мықты қоғам ең ал­ды­мен, психо­ло­­гиялық тұрғыдан сау адамдардан құралады.

 

Абылайхан ДҮЙСЕНБЕК,

ЕҰУ студенті