Алматы облысында тағы бір елді мекен ішімдіктен бас тартты. Бұл жолы бастамаға Еңбекшіқазақ ауданындағы Төле би ауылы қосылды, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Бұл бастаманы барлығы өңірдің 24 елді мекені қолдап отыр. Полиции дерегінше, спирт өнімдерінен бас тартқан тоғыз ауылда соңғы үш жылда бір де бір қылмыс тіркелмеген. Ал Төле би ауылына келер болсақ, бұл мекен тау спортын сүйетіндердің сүйікті орны. Алайда ауылдан алкоголь өнімдерін таппайсыз.
Жергілікті кәсіпкерлер бастаманы толықтай қолдап, дүкен сөрелерінен толықтай спирт ішімдіктерін алып тастаған.
"Басқа ауылдарға қарап, үлгі алуды жөн көрдік. Қазір ешкім ішімдік ішпейді. Көшеде мас адамды таппайсыз. Ауылда жеті дүкен бар, ешбірінде тіпті темекі де сатылмайды", – дейді ауыл тұрғыны Амангелді Сахиев.
Тәртіп сақшылары да бұл бастаманың пайдасы мол екенін айтады. Алкогольден бас тартқалы ауыл бір де бір қылмыс тіркелмепті.
"Төле би ауылында шамамен бір жарым мың адам тұрады. Алкогольсіз ауыл атанғаннан кейін бізде қылмыс тіркелмеді. Одан бөлек бастамаға Қырбалтабай, Алматы ауылдарының тұрғындары қосылды", – дейді Еңбекшіқазақ ауданы полиция бөлімінің бастығы Біржан Бекзат.
