in

Миллиондарды жұтқан мәнсіз жобалар

 Негізінен, өңір халқының үмітін ақтамай кеткен мәнсіз жобалардың ашылып-жабылуының нақты себебі көп жағдайда жұмбақ күйде қалып жатады. Алғашында жарнамасы жер жарып, соңында «қу кетті, іс біттінің» күйін кешіп жатқан мұндай серпінсіз бастамалардың сұрықсыз кейпіне халықтың көзі де, құлағы да үйреніп қалған сияқты. Алайда өкініштісі сол, мұның артында елдің қаржысы мен халықтың үміті жатқаны ескеріле бермейді. Тіпті, кәсіпкерлермен қатар, мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, әкімдіктің жіті бақылауына алынған кейбір бірегей жобалардың да өтеуі қайтпай, мүшкіл күйге түскен сәттері аз емес.

Тамырдан табыс тауып жарытпадық

 Бұған дейін облысқа қарасты Жалағаш ауданында іске қосылған Қызыл мия тамырын өңдеу зауытының келешегінен көпшіліктің күткен үміті зор еді. Он жылдан астам уақыт бойына созбалаңға салынған бұл зауыт төңірегіндегі жырға әлі күнге дейін нүкте қойылар емес. 

Мәліметке сәйкес, аталмыш өндіріс орны өңірде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуға тиіс қос жобаның бірегейі саналды. Нақтысын айтқанда, 2014 жылы облыс аумағындағы Жалағаш пен Шиелі аудандарында мия тамырын өңдейтін өндіріс орнын ашу жайы көтерілді. Аталмыш зауыт «Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны негізінде құрылатын болды. Соның ішінде Жалағаштағы зауыт қытайлық «Борихунда» компаниясы мен жергілікті «Бис Групп» компаниясының қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Дерекке сүйенсек, зауыттың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайды. Ал кәсіпорынға қажетті 8,75 гектар жер телімі мемлекеттік қолдау шарасы ретінде кәсіпкерлерге берілгені мәлім болды. 

Алғашқы жылдардан бастап зауыт жұмысы қуантарлық нәтиже бермеді. Елдің сеніміне селкеу түсті. Осы жылдар аралығында бірнеше мәрте тоқтап, қайта ашылды. Кейбір ақпараттарға сәйкес, алғашында өндіріс орнының толыққанды жұмыс жүргізбеуі, үлескерлер арасында туындаған өзара түсініспеушілік салдарынан екені айтылды. Соның салдарынан, өндіріс орнының жұмысы бірнеше жыл тоқтап қалды. 

2017 жылы зауытты ашу жұмысы қайта қолға алынып, оған 115 мың долларға жаңа қондырғылар орнатылды. Сол жылы Қытайға 20 тонна глицирризин қышқы­лының қара ұнтағы жөнелтілсе, 2018 жылы 13,6 тонна өнім экспортқа шығарылғаны айтылды. Бірақ сол жылы шығарылған өнім құнының әлемдік нарықта арзандауын желеу етіп, кәсіпорын жұмысы тағы тоқ­татылды. 

Соңғы мәрте зауыт жұмысын іске қосу мәселесі 2023 жылы сөз болды. Тіпті, сол уақытта өндіріс орны жанынан қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылатыны айтылып қалды. Бірақ бұл бастама да құрғақ сөз күйінде қалды. 

Әлі күнге дейін есігіне қара құлып салынған зауыттың келешегі бұлыңғыр тартып тұр. Оның қашан ашылатыны жайында Әкімдік пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан нақты жауап айта алмай отыр. 

«Аралым» кетті алыстап

Қызылорда облысына қарасты Арал ауданының орталығында 2014 жылдың желтоқсанында ұн шығаратын кәсіпорын қайта іске қосылып, жергілікті жұртшы­лықты зор қуанышқа бөлеген болатын. Сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған бұл өндіріс орнының алға қойған жоспары ауқымды еді. Өндіріс орны жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, халықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етеді деп күтілді. Алайда ұн зауыты араға бір жылдай уақыт салмастан өз жұмысын қайта тоқтатты.

Негізінен, 2014 жылы жүзеге асырылған бұл жобаның жалпы құны 300 млн теңгені құрайды. Зауытты RANAR VIP PRODUCT ЖШС іске қосты. Сол кезде ұн шығаратын элеватордың әу бастағы жоспары ауқымды болды. Өндіріс орны тәулігіне 180 тонна бидай тартып, одан 150 тонна ұн шығаруға негізделген. Жергілікті ұн өнімі «Аралым» деген атаумен шығарылып, облыс аумағы­ның 42 пайызын ұнмен қамтамасыз ету көзделді. Алғашында 75 адамды жұмыспен қамтамасыз еткенін мәлімдеген зауыт басшылығы алдағы уақытта жұмысшылар саны 110-ға жеткізілетінін алға тартты. 

Бірақ түркиялық қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жұмысы бір жыл­дан әріге аспады. Жергілікті жұртшылық тарапынан ұн зауыты төңірегінде көптеген алып-қашпа әңгіме желдей есті. Бірі зауыт өз-өзін ақтамай банкротқа ұшырады десе, келесісі кәсіпорын әу бастан толыққанды жұмыс істеуге қауқарсыз болғанын тілге тиек етті. Ал сол уақыттағы зауыт директоры бидай бағасының 30 пайызға қымбаттауы кәсіпорын жұмысына салқынын тигізіп тұрғанын мәлімдеген еді. 

Қалай болса да, Сыр халқын зор қуанышқа бөлеген «Аралым» ұнының дәурені бір жылдан аспады. 2015 жылы зауыт жүмысы тұралап, көптеген жұмысшы нәпақасынан айырылды. 

Мәліметке сәйкес, аталмыш кәсіп­орын іске қосылған Аралдағы реалбаза ғима­ра­тында 2000 жылдардың басында «Мұрат-М» ЖШС дәл осындай ұн шығаратын зауытты іске қосқан екен. Сол уақытта құны 560 мың долларды құрайтын Түркияның «Верлешим» фир­масының қондырғыла­рымен жабдықтал­ған кәсіпорын көптің үмітін оятқан еді. Сол уақытта зауыт тәулігіне 180 тонна өнім өндірумен қатар, мал азығын шы­ғарумен де айна­лысатынын мә­лімдеген. Бірақ бұл кәсіп­орынның да өмірі ұзаққа бармапты.

Тұрғылық халықтың пікіріне сәйкес, қазір реалбазада тағы бір серіктестік ұн шығаруды қолға алып отырғанын алға тартады. Бірақ ол жайында нақты мәлі­меттер әзірге беймәлім. Ал алдыңғы кә­с­іп­орынға бөлінген қыруар қаржының өтеуі мен зауыт жұмысын тоқтатуының басты себебі жергілікті құзырлы орындар тарапынан жабулы қазан күйінде қалды. 

Жылыжаймен де жарылқай алмады

Сыр өңіріндегі 120 жылыжайдың жырға айналғанына біраз жыл болды. Ол жайында тағы бір мәрте еске түсіріп өтсек, бұл шаруа 2012 жылы қолға алынып, осы арқылы халықты арзандатылған көкөніс-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету көзделген болатын. Аталмыш кешенге 700 млн-ға жуық қаржы жұмсалғаны да көпке мәлім болды. Сол уақытта бірегей жобаны жүзеге асыруға Аграрлық несие корпорациясы Қызылорда облыстық филиалы бастамашыл болғаны белгілі. Соның негізінде Қызылорда қаласының іргесіндегі «Ягодка» саяжайынан қаз-қатар тізілген жылыжай кешендері бой түзеді. Бұл бастамаға өңір халқының үміті мен сенімі жоғары болды.

Бірақ жоба аяқсыз қалып, бүгінде кешендердің жабырқау тартқан күйі көпті алаңдатып жүр. Өз кезегінде жылыжай құрылысын жүргізуге ниет танытқан кәсіпкерлер лизинг жолмен алынған төлемдерді өтей алмауына байланысты сотқа талап арыз беру жұмыстары қолға алынғаны мәлім болды. Кейінгі жылдары жылыжай құрылысын қайта жалғастыру үшін техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жобаны толық аяқтауға қажетті қаржы көлемі нақтыланып жатқандығы да айтылып қалды. Бірақ жұпыны күйге түскен жылыжай қүрылысынан әзірге қозғау болмай тұр. Халықтың жанайқайы сол күйі ескерусіз қалды. 

Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сәйкес, нақты уақытта өңірде 12.1 гектарды құрайтын 21 жылыжай жұмыс істейді. Соңғы жылдары одан жиналған өнім көлемі 8 мың тоннаны құрап отыр екен. Осы орайда жылыжай жұмысын жолға қоюда мектептер мен жоғары оқу орындарының да үлесі орасан. 

Жалпы, Сыр өңіріндегі бір кездері жарнамасы жер жарып, соңында аяқ­сыз қалып қойған мұндай жобалардың арғы­сы 10 жылдан астам уақытты құрайды. Дейтұрғанмен, жолда қалған жобалардың әрбірі қыруар қаржыны сарп еткені әзірге ешкімді ойлантпай тұрған сияқты. Ең қиыны, қомақты ақшаны қалтаға бас­қандарды жазасыз қалдырып, баянсыз бастаманы жылы жауып қоя салу үйреншікті әдетке айналып барады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы