Түркістан облысы Кентау қаласында 23 сәуірде нөсер жаңбыр жауып, кей көшелерді су басқан. Құтқарушылар жалпы көлемі 2 425 текше метр су сорып шығарған.
Кентау қаласы әкімдігінің мәліметінше, 23 сәуірде қала аумағында қысқа мерзім ішінде толассыз жауған нөсер жауын салдарынан бірқатар көшеде жаңбыр суының жиналуы тіркелген.
Сонымен қатар көшелерде, аула аумақтарында, жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарда су басу фактілер болған.
Осыған байланысты коммуналдық мекемелер мен төтенше жағдайлар бөлімі күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген.
ТЖМ-ның мәліметінше, кейбір аумақтарда су деңгейі 10-25 см-ге дейін жеткен.
Қолайсыз ауа райының салдарын жоюға ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары – барлығы шамамен 180 адам, 24 мотопомпа және 14 техника жұмылдырылған.
Құтқарушылар халыққа және ұйымдарға көмек көрсетіп, су сору жұмыстарын жүргізіп, су басқан аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Қазіргі уақытта су сору жұмыстары аяқталған. Жалпы көлемі 2 425 текше метр су сорылып шығарылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от • КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ (@kentau_akimdigi)
