Ақмола облыстық полиция департаменті қазақстандықтарды заңсыз такси қызметінен бас тартуға шақырды, деп хабарлады astana24.com.
Ведомствоның баспасөз қызметі атап өткендей, әдетте адамдар демалыс күндері такси қызметін жиі пайдаланады.
Алайда заңсыз тасымалдаушымен жол жүру қауіпті болуы мүмкін. Атап айтқанда, жүргізушінің мас күйінде көлік тізгіндеуі немесе жолаушы тасымалдауға қажетті құжаттары болмауы мүмкін.
"Полицейлер азаматтарды тәуекелге бармай, ресми такси қызметін пайдалануға шақырады. Бұл жолаушылар үшін де, жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін де сапарды қауіпсіз етуге көмектеседі", – деп мәлімдеді Ақмола облысының ПД өкілдері.
Осындай жағдайлардың бірі Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай автожолының 334-шақырымында болды. Патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Alphard көлігін тоқтатты. Көлік салонында екі жолаушы болған.
Полицейлер анықтағандай, жүргізуші оларды 35 мың теңгеге жеткізіп салмақ болған. Бұл ретте жүргізушіде жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға қажетті құжаттар болмаған. Ол аталған заңбұзушылық үшін жауапқа тартылды.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында таксидің заңсыз қызметіне қатысты 643 дерек анықталды. Осы кезеңде такси көліктері 2 рет жол апатына түскен.
Тәртіп сақшылары такси таңдаған кезде тасымалдаушының заң аясында жұмыс істеп жүргеніне көз жеткізіп, кездейсоқ жүргізушілердің көлігіне отырмау маңызды екенін еске салды.
