Қазақстанда жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін (МТНБ) заңсыз дайындау және тарату схемасы тоқтатылды, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасаған astana24.com.
Ведомствоның мәліметінше, Алматыда жүйелі түрде жалған мемлекеттік нөмірлерді дайындаумен және сатумен айналысқан заңсыз әрекеттің ұйымдастырушысы ұсталған.
"Тергеу мәліметтері бойынша, жалған нөмірлер Ресей Федерациясынан экспресс-жеткізу қызметі арқылы жеткізіліп, кейін Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі тапсырыс берушілерге жіберіліп отырған", – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру шаралары барысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген.
"Қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау бойынша ары қарай тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
