in

Семейде жылу желілері маусымға дайын болмай шықты: облыс әкімінің орынбасары жауапқа тартылады

Қазақстан өңірлерінде жылу беру маусымы жоспар бойынша басталды, алайда Абай облысының орталығы Семейде жылу желілерін дайындау барысында мәселелер туындады, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Бүгінде жылу 11 өңірде беріле бастады.

"Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Мен жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Тек Семей қаласында жылу желілері уақытылы дайын болмай шықты. Осыған байланысты премьер-министр Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Сондай-ақ Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандыру керек екенін айтты.

"Өңір әкімдері жылыту маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандырып, энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отырсын. Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек, сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер", – деді премьер-министр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев барлық жылу көздерінде отын қорының жасақталғаны, сондай-ақ жылу және электр желілеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталып жатқаны туралы баяндады. Алматы, Шымкент қалалары мен Ұлытау, Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жылу беру жүйесіне қосу жұмыстары кестеге және ауа райы жағдайына сәйкес қазан айының соңына дейін жүргізіледі.