Қаржылық мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың басшыларына іздеу жариялады. Олардың қайда тығылып жүргені туралы хабар берген адамдарға ҚМА сыйақы мен анонимділікке кепілдік беретінін мәлімдеді. Сөйтіп, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару схемасын жолға қойған топтарға қатысты қыркүйекте басталған шаралар әлі жалғасып жатыр.
Тәртіп сақшысынан «ақша жымқырушыға» айналды
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын алдап соқты деген айып тағып, құзырлы орган ізіне шам алып түскен күдіктілер – кілең жастар. Арасында 33 жасар экс-полицей де бар.
– Қаржылық мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың иелерін іздестіріп жатыр. Бұлар – Аслан Қамбарұлы Дүйсенов, 01.04.1992 жылы туған, Ғаббас Иманбаев, 18.05.1998 жылы туған, Есімхан Баяндыұлы Елешев, 11.09.1987 жылы туған. Аталған азаматтар 46 млрд теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ-дан заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінді, – деп мәлімдеді агенттік.
ҚМА дерегіне жүгінсек, бұл мақсатта тіс емдеу қызметі көрсетілді деп жалған медициналық құжаттарды рәсімдеген. Олар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 тіс клиникасын қарау мақсатына пайдаланған-мыс. Аталған мекемелер іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпепті. А.Дүйсеновке, Ғ.Иманбаевқа және Е.Елеушевке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде сырттай «қамауға алу» шарасы қолданылды. Тиісінше, қолға түсе сала, білегіне кісен сарт етеді.
– Айыпталушылардың бірі – А.Дүйсенов бұрын полиция қызметкері болған, алайда теріс себептермен жұмыстан қуылған. 2016 жылы ол Қылмыстық кодекстің «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» аталатын 105-бабы және «Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланудың» 362-бабы бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін 5 жылға сотталған. Іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, бізге хабарлауыңызды сұраймыз: кезекші бөлім +7 (7172) 70 84 78 немесе Call-center: 1458. Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі, – деді Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері.
Сарапшылар «стоматологиялық» алаяқтықты тексеруге құзырлы органдардың біраздан дайындалғанына назар аудартады. Іздеу жариялап, халықтан көмек сұрайтындай халге қалай жеткені, күдіктілердің елден тайып тұруына, қашып құтылуына кімнің жол бергені белгісіз.
Алдымен, 9 қыркүйекте Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кірген Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндады. ҚМА басшысы БЖЗҚ-дан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 млрд теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғанын жария етті.
Ізінше, қыркүйек айының ортасында жергілікті ақпарат құралдары Атырауға елордадан құзырлы органдардың топтары сау ете қалғанын және олар жете сала, кеңауқымды тінту және тұтқындау шараларын бастағанын, сол себепті қаланың уақытша қамау изоляторлары аузы-мұрнынан шыға толғанын хабарлады.
«Қамайтын орын қалалық полиция бөлімінде де, сондай-ақ облыстық департаментте де жетпей қалды. Сондықтан қолдарына кісен салынған адамдарды алыс аудандарға және тіпті тірек пункттеріне дейін жіберіп, таратуға тура келіп жатыр. Стоматологтер ісі бойынша ұсталғандардың саны 50-ге жуықтады. Істер бойынша өтетіндердің бір бөлігін елден кетпеу туралы қолхат алып, еркіндікке жіберген», – деп жазды жергілікті «Ақ Жайық» газеті.
15 қыркүйектен жергілікті соттар ұсталғандарға бұлтартпау санкциясын белгілеу туралы істерді қарауға кірісті. Күдікке іліккендердің оншақтысы тергеу оқшаулағышына қамалады, қалғаны үй қамағына жабылды, белгілі бір шектеулерді белгілейтін қолхатпен босатылды. Журналистер жергілікті Экономикалық тергеулер департаментінің аумағында да жағдай күрделі екенін хабарлады: автотұрағы қылмыстық іс аясында алып қойылған түрлі көлікке толды.
ҚМА зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер сатып алған және іс аясында алып қойылған 15 қымбат автокөлікті көрсетті. Жалпы құны 600 млн теңгеден асатын «темір тұлпарлардың» ішінде сән-салтанатты «сәйгүліктер» – Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade бар. Мұның сыртында тергеушілер күдіктілердің үйлерінде, пәтерлерінде, кеңселерінде, оларға қарасты басқа нысандарда тінту жүргізді. Олардың сатып алған зергерлік бұйымдарын, коммерциялық нысандарын, пәтерлері мен жер телімдерін уақытша тәркіледі.
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысында ауқымды жедел-тергеу іс-шараларын жүргізгені туралы хабардар етті. Атап айтқанда, азаматтарға «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ынан қаражатты шешіп алуына заңсыз жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкерленді.
– Ол үшін ұйымдастырушылар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы елдің әр өңірінде – Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа қалаларында орналасқан 30-дан астам стоматологиялық клиникаларды пайдаланған. Оның біразы – қағазда бар, іс жүзінде жоқ, халыққа ешқандай қызмет көрсетпеген жалған клиникалар. Олардың ғимараттары да, жабдықтары да, білікті қызметкерлері де болмаған. Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ, – деп түсіндірді агенттік мамандары.
Шын мұқтаждар зардап шекпей ме?
Талдау көрсеткендей, 222,61 млрд теңге зейнетақы жинағы елдегі небәрі 20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғаны Алматы мен Астанада орналасқан. Белгілі болғандай, жалғыз ғана Атырауда орналасқан клиникалардың біреуіне азаматтар зейнетақы жинақтарынан 22,9 млрд теңге аударды. Клиенттердің бірі БЖЗҚ-дағы жинағын 11 рет тіс емдеуге пайдалану үшін өтініш берген. Оның жалпы тіс емдеуге алған сомасы – 32,6 млн теңге. Егер бір имплант пен тіс тәжін орнату құны 500 мың теңге деп есептелсе, ол 65 имплант қоюға жетерлік қаражат алған.
Тағы бір клиент тісін емдеуге 24,7 млн теңге жұмсапты. Бұл қаражат «Отбасы банкінен» бірден стоматологияға аударылған. Келесі жағдайда клиент тіс емдеу үшін зейнетақы жинағының артығын пайдалануға 27 рет өтініш беріп, 13,1 млн теңге аударылған. Көбіне еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын азаматтар тісін Атыраудағы стоматологияларда емдетуді таңдады.
Қарағанды тұрғыны Сергей Волков (тегі өзгертілді) алаяқтардың өзі қоңырау соққанын айтады: «Бірде маған бір кісі хабарласты. Қорда сыбайластары бар ма, әлде айналма жолдармен алды ма, БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын 6 миллион теңгедей жинағым барын біледі екен. «Бұл бос жатқан ақшаңызды шығарып алғыңыз келмей ме?» деді. Оны қалай жасауға болатынын сұрастырдым. Стоматологиялық қызметтер арқылы жасалады екен», – деді Сергей.
Телефонның ар жағындағы адам, мысалы, Израиль, Корея, АҚШ, Германияның әлемдік брендтерінің имплантанттарын құжат жүзінде «салып» беретінін, протездеу жүргізетінін жеткізген. Басқа емдеуі бар, жалпы сомасын 6 миллионға жеткізбек. «Ол ақшаның 30%-ын өздері алады, қалғанын маған береді. Ойласа келе бас тарттым. 180 мың теңгемді әлдекімге ұстата салғым келмеді», – дейді қарағандылық.
Оның айтуынша, схема келесідей болған: біріншіден, азамат біржолғы зейнетақы төлемін стоматологиялық қызметті тұтыну мақсатында пайдалану үшін «Отбасы банкіне» электронды өтініш беріп, ЭЦҚ-сымен қол қояды. Екіншіден, БЖЗҚ өтініш негізінде 5 күнде төлемді азаматтың «Отбасы банкіндегі» арнайы шотына аударады.
Үшіншіден, қаржы түсе салысымен, жалған немесе сыбайлас «тіс клиникасы» ол азаматтың аузы «толған проблема» екені әшкереленгенін жазып, қаптаған диагноз қойып, қандай ем түрлері қажет екенін, әрине, ең қымбаттарын көрсетіп, құжаттар береді. Төртіншіден, сол құжаттар негізінде азаматтың тіркелген емханасы дәрігерлік-консультациялық комиссияның төлем есебінен емдеуді құптаған қорытындысын және бағыттамасын береді. Бесіншіден, комиссияның оң қорытындысы негізінде стоматологиялық клиника азаматпен келісімшарт бекітеді.
Міне, осы келісімшарт пен комиссия қорытындысы enpf-otbasy.kz платформасына жүктеледі. 5 күн ішінде азаматтың құжаттарының толықтығын бір тексерген «Отбасы банк» оның арнайы шотындағы миллиондарын келісімшартта көрсетілген реквизиттер бойынша медициналық ұйымның банктегі шотына аударады.
Жалпы, Сергей әлдебір қомағай, пайдакүнем делдалға кезіксе керек. Себебі Қаржылық мониторинг агенттігі мамандарының әңгімелеуінше, алаяқтыққа барған клиникалар осы жалған медициналық құжаттың бәрін рәсімдегені үшін азаматтардан алған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгісін ғана сыйақысы ретінде ұстап қалып, ақшаның қалған 80-90 пайызын қолма-қол ақша түрінде жинақ иелеріне қайтарып отырған.
Қор мен банктен электронды күйде түскен ақшаны шытырлаған банкноттарға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 «дропперді» пайдаланыпты. Жалпы, ҚМА 200 миллиардтан астам қаржы қордың айналымынан шығарылғанын жеткізді. Сондықтан бүгінде қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру жалғасты.
Сонымен бірге Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу барысында тек зейнетақы активтерін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырушылардың ғана әрекеттеріне құқықтық баға берілетініне, ал осындай жолмен өзінің зейнетақы қаражатын шешіп алған азаматтар қылмыстық жазаға тартылмайтынына уәде етті. Өйткені олар бөгденің емес, өзінің қордағы қаржысын алды.
Тіс клиникалары айналасындағы дау-жанжалдың кесірі өзгелерге тиді. Қазақстанда тісті емдету удай қымбат – имплантация, протездеу, тәж-коронка салғызу, көпір-мост бекіту және басқа қызметтер бірнеше миллион теңгеге түседі. Мысалы, дамыған елдерде тұрғындар осының бәрін медсақтандыру есебінен алады. Ал Қазақстанда халық пен бизнестен миллиардтап қаржы жинайтын МӘСҚ медициналық сақтандырылған адамдарға да бұл істе еш көмектеспейді.
Салдарынан, шынымен бос жатқан зейнетақы жинағына тісін емдеткісі келетін адамдар аңырап қалды. Алаяқтық жағдайлардың болуына байланысты Үкіметте Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктерінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің қатысуымен бірқатар жиын өткізілді. Оның нәтижесінде, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды. Осы күнге дейін берілген өтініштер әдеттегі тәртіппен қаралады. Артынша, Денсаулық сақтау министрлігі біржолғы зейнетақы төлемдерін осы қызметке пайдаланудан мүлдем бас тартуды қарастыратын жаңа бұйрық жобасын әзірледі.
БЖЗҚ-ның 2025 жылғы 1 қазандағы дерегінше, зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалануға 2021 жылдан бері 1 022 978 қазақстандық өтініш беріпті. Олардың арнайы шотына 932 млрд 144 миллион теңге аударылды. Соның ішінен 134 420 азамат түскен ақшаны түрлі себеппен тіс емдетуге жұмсай алмапты. Тиісінше, олардың 88 млрд 522 млн теңгесі БЖЗҚ-ға кері оралды.
Қалай болғанда, кезекті рет алаяқтарға тегеурінді тосқауыл қоя алмаған шенеуніктер сол үшін бүкіл халықты игіліктен айырып отыр. Мысалы, осының алдында Еңбек министрлігі бір топ жас босанған әйелді «МӘСҚ қорынан жалған құжатпен миллиондап төлемақыны заңсыз алды» деп айыптап, барлық ананы жаппай жазалауға шешім қабылдады: бұдан былай бірде бір әйел, қанша жерден мол табыс тауып, жүздеген мың жарна аударса да, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған миллион теңге лайықты төлемақысын төлемейтін болды.
Елдос СЕНБАЙ