Түркістан облысында бұралқы иттер бірнеше баланы талап тастады. Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында бес жасар қызды үлкен төбет қапса, көршілес Жаңа Иқан ауылында тазы тұқымдас ит бірнеше адамға шабуыл жасап, 12 жастағы ұлды талаған, деп хабарлайды КТК.
Қазір екі бала да Түркістан қаласының балалар ауруханасында жатыр. Қазір қос ауылдың жұрты көшеге шығуға қорқып қалған.
Телеарна мәліметінше, ескі Иқан ауылында басқа балақайлармен көшеде ойнап жүрген бес жасар қызға кенеттен ит тап берген. Төбелеске шығып жүрген төбет қаршадай қызды талаған. Қыздың шыңғырған дауысына жеткен ересектер итті қуып, қызды ауруханаға жеткізген.
Анасы қызының қазірге дейін шошитынын айтады.
"Мейлі, мың жерден пластикалық ота істетсе де, қызымның тума бет-әлпеті қайтып келмейді ғой, мен өзім табиғи, құдай берген бет-әлпетін сағынам ғой, сол өкініш менде қалып кетті. Бақандай төрт сағат операция істеп, бірінші Алла, қала берсе, осы қаланың балалар ауруханасының дәрігерлеріне рақмет, солардың арқасында қызымды аман алып қалды", – дейді Дилафруз Халикова.
Кішкентай бүлдіршін "адам шошырлық күйде түсті" деген дәрігерлер балаға әлі ем-дом жасап жатыр. Қызға медициналық көмекпен бірге, психологиялық жәрдем керек дейді ақ халаттылар.
"Травматикалық шок алған, қатты шошыған және де бас жағында жарақаттар бар, құлаған", – дейді Түркістан қаласы балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлжазира Бердіәзимова.
Ал Жаңа Иқан ауылында тазы тұқымдас ит көшедегі бірнеше адамға атылып, өріске сиыр айдап бара жатқан 12 жастағы баланы талап тастаған. Қолын тістеп балақайдың иегіне жабысқан итті ит аулаушылар іле-шала өлтіріп, басын кесіп, сараптамаға жіберді. Жалпы Ескі Иқан мен Жаңа Иқанның жұрты көшеде бұралқы иттерден шошып қалғанын айтады.
"Көшеде ит көп болатын, қазір азайып қалды. Басқа жақтарға кеткен ау деймін, бірақ басқа көшеден қорқып өтеміз, мектепке барар кезде ит көбейіп кеткен. Ауылда шынымен ит көп. Құтырған ит көбейіп кеткен ,балалар далада ойнауға қорқады", – дейді ауыл тұрғыны Жасур Хурсанбеков.
Ал Сауран ауданындағы бұралқылармен күресуге бюджеттен 6,5 млн теңге бөлінген Бұл қаржыға қаңғыған итті аулау, екпе жүргізу мен қажет болса, жою кіреді.
"Бір айдың ішінде 50-ге тарта ит ауладық" деген жауаптылар ешқайсынан құтыру белгісі анықталмады деп отыр.
"Қараусыз қалған иттер болса, оны жоюға жібереміз, бұралқы итті жоюға жібереміз. 50 иттің 20-на жуығының көзі жойылған. Қаңғыған иттер, қоқыс тастайтын полигонда жүрген иттер бар, егер мойнында қарғыбауы бар ит болса, оған екпе егіп, иесіне қайтарамыз", – дейді Сауран аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Насыр.
Ескі Иқанда бес жасар қызды талаған төбет әлі табылған жоқ. Ал 12 жастағы ұлды қапқан тазының құтырған, не құтырмағаны әлі белгісіз, сараптама қортындысы шыққан жоқ. Қалай болған күнде де, ит аулаушылар енді бұралқылармен күресті күшейтеміз деп уәде беріп отыр.
Дереккөз: КТК
