Қазақстанда байланыс операторларына автоматты қоңырау шалу қызметін (автодозвон) қолдануға тыйым салынбақ. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.
Естеріңізге сала кетейік, 13 мамырда депутат Асхат Аймағамбетов автоматты қоңырау шалу қызметін алып тастау мәселесін көтерген болатын.
"Автоматты қоңырау шалу қызметі көп жағдайда азаматтарымыздың мазасын алады, сондықтан біз оларға тыйым салынғанын қалаймыз. Біз бұл мәселені бұған дейін де көтердік. Бұйрық деңгейінде шешіледі деген еді, бірақ әлі шешілмеді", – деді депутат.
Сол кезде жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев бұл мәселені операторлармен бірлесіп қарастыруға уәде берген болатын.
Бүгін Аймағамбетов Telegram арнасында министрліктен бұл мәселе бойынша оң жауап алғанын жазды.
"Автодозвон (автоматты қайта қоңырау шалу) мәселесін министрдің алдында көтеріп, заңға түзету енгізген едік. Нәтиже бар! Қазіргі уақытта Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілуде. Жаңа ережеге сай, абонентті қабылданбаған қоңыраулар туралы ескерту SMS арқылы ғана жүзеге асырылады.
Сонымен қатар заң жобасы шеңберінде рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салу бойынша да арнайы түзетулер қарастырылып жатыр. Халықты мазалайтын, спамға айналған заңсыз қоңырауларға құқықтық тұрғыдан нақты тосқауыл қою маңызды", – деп жазды Аймағамбетов.
