in

Қайрат Боранбаевтың ағасы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Мұрат Боранбаев тәртіп сақшыларына өз еркімен берілген. Ол кінәсін мойындап, заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісімге келген.

Сонымен бірге сот қаулысына сәйкес, Боранбаев кінәсін мойындау және заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісімнің талаптарын орындауына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ол келтірілген шығынды толығымен өтеген.

Айта кетейік, 2022 жылдың шілдесінде Қаржы мониторингі агенттігі қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ағасы Мұратқа іздеу жарияланған болатын.

Осыдан бірнеше ай бұрын бұған дейін AlanParking ЖШС басшысы болған Мұхтар Базарбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Ал Мұрат Боранбаев 2017 жылы AlanParking ЖШС-нің басшысы болған.

Айта кетсек, AlanParking ЖШС – Алматы қаласында A-parking ретінде танылған ақылы автотұрақтардың операторы.

2022 жылдың қарашасында ҚМА AlanParking ЖШС және “Алматы спецтехпаркинг сервис” ЖШС директорларына қатысты 436 миллион теңгені жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталғанын хабарлады.

Сол кезде агенттік Мұрат Боранбаевты қылмыстың басты айыпталушысы және ұйымдастырушысы ретінде атап, оның халықаралық іздеуге жарияланғанын мәлімдеген.

“Алматы қалалық ҚМА департаменті қалалық прокуратурамен бірлесе отырып, “Алматы спецтехпаркинг сервис” ЖШС-нің 70 пайызын және AlanParking ЖШС-нің 100 пайызын Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне қайтару шараларын қабылдады”, – деп хабарлады сол кезде ҚМА өкілдері.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.