Арыда қазақ естірту үшін топ ішіндегі ділмарды, мысы бар көсемді таңдап алған. Мысалы, атақты жырау Кетбұға Шыңғысханға ұлы Жошының өлімін "Ақсақ құлан" күйі арқылы жеткізген. "Қан мен терде" қалың ел қаралы үйге барып, басу айтқан. "Дайағашшы" кітабында әкесіне жалғыз ұлының өлімін естіртуге ауыл болып жиналып, кеңес құрған. Ішінен бір шешен ақсақалды жіберіп, "алтынының" иесіне қайтқанын тұспалдап айтқан, деп жазады El.kz.
"Қайғыны бөлісе білу, қаралы үйдің отын өшірмей, демеу болу – бізді ұлт ретінде сақтап қалған қасиеттер. Тіпті, ең ауыр қайғының өзінде ауылдың үлкендері, сөзге шешен, ел сыйлайтын ақсақалдары жиналып баратын. Суық хабарды бірден айтпай, алдымен сабырға шақырып, "Өлгеннің артынан өлмек жоқ", "Құдайдың ісіне шара бар ма?" деп, артында қалған жандарға рухани тірек, басу болатын", – дейді этнограф Тұрар Саттарқызы.
Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан естірту мәдениеті мен адами құндылықтары ұмытылып бара жатыр. Жиренше шешеннің жары Қарашаш қайтыс болғанда хан Жәнібектің өзі естірткені тарихтан белгілі. "Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ" деген мақал да естірту әдебімен байланысты. Әкесі Шыңғысқа ұлы Шоқанның қазасын естірту үшін үйіне үш адам барып, мұңлы да зарлы күй төккен деседі.
Кенен Әзірбаев жарына інісінің өлімін естірту үшін «Жалғыз қайным» дейтін қаралы өлең жазған. Демек, әр істің әдебін білген қазақ өлімді де арулаған. Сол сияқты Отан алдындағы борышын өтеп, қыршыннан қиылған ұлдардың ата-анасына биліктегілердің басу айтпағаны, өкінішті…
"Естірту, сауын айту, бақұлдасу, жаназа … бәрінің мәйекті мазмұнын қалдырып, заманға бейімдеп айналысқа салу қажет. Ол үшін қазықтың мәдени-рухани құндылықтар тізбесін жасақтау керек. ЮНЕСКО-ға беріп қойып жайбарақат отырмау керек. Қазақтың тіпті айқын құндылықтары бұрмаланып жатыр, солай айналымға түсіп кетті", – дейді белгілі тарихшы, этнограф Серік Ерғали.
Журналист Қайнар Олжай бұған дейін «Қазаға қатысты наза» мақаласында беріге дейін жалғасқан естірту дәстүрі әлеуметтік желі тұсында бірден жоғалып кеткенін жазған. Ал жазғаны қарулы күштердің кешегі ұятты әрекетін сипаттап бергендей.
"Қайтыс болған адамға еш қатысы жоқ, қатысы болса, онысы бірер рет көріп, бірер рет суретке түсумен тынғандар "пәленше қайтыс болыпты" деп жалаулататын әдет пайда болды", – деліген мақалада.
