Жігітті әскерге алып кетуге офицерлер келген. Кенет жігіт оларға қарсылық көрсеткен. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап, хабарлайды.
Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Өз басын соққылаған жігітке өтіп бара жатқан әйелдер араша түскен. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ашуға булаққан жігіт алғашқыда пышақ шығарып, әскерилерді қорқытуға тырысқан. Амалы таусылған ол, өз басын он шақты рет көлікке ұрған. Отан алдындағы борышын өтегісі келмеген азамат енді қылмыстық жауапқа тартылмақ.
ҚР ҚК ОӨӘҚ Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринова: «Әскерге шақыру маусымында жас жігіттер түрлі қулыққа барып, әскерге бармаудың амалын жасайды. Көбіне олар тұрақты жерін ауыстырып, әскерге алушы мекеме өкілдерінен қашып жүреді. Бұл жігіт өз денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, қылмыс жасады деуге болады. Ол енді жауапқа тартылады», – дейді.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскерге мәжбүрлеп алып кету туралы мәлімдеме жасаған болатын.