Дүйсенбіде "Артемида-2" миссиясының астронавтары Айдың арғы бетіне ұшып өтіп, адамзаттың ғарышты игергенінен бергі Жерден ең алысқа ұзаған ғарышкерлер атанды. Олар Айдың бетін егжей-тегжей қарап шықты.
"NASA астронавтары Рид Уайзман, Виктор Гловер, Кристина Кох және Канада ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансеннен тұратын "Артемида-2" экипажы Жерден ең алыс қашықтықты бағындыру бойынша рекорд орнатты, бұл 1970 жылы орнатылған "Аполлон-13" рекордынан (248 655 миль) асып түсті", – деп хабарлады NASA өкілдері.
NASA-ның хабарлауынша, "Аполлон-13" экипажы Жерден 400 171 шақырым (250 000 миль) қашықтыққа жеткен. "Артемида-2" бұл рекордтан шамамен 6500 шақырымға (4500 миль) озып, ең ұзақ қашықтық 252 756 мильге (406 771 шақырым) дейін барды.
Гринвич уақыты бойынша кешкі сағат 22:00-ден кейін Хьюстондағы Ұшуды басқару орталығының экипажбен байланысы үзілді, себебі "Орион" ғарыш кемесі Айдың арғы жағына өтті. Бұл үзіліс жоспарланғандай дәл 40 минутқа созылды.
Алдымен инженерлердің мониторларына радиосигнал, содан кейін үлкен деректер пакеті келді, содан кейін Кристина Кохтың: "Хьюстон, Интегрити, байланысты тексеру. Жерді қайтадан есту қандай жақсы", – деген анық дауысы естілді.
Айдың арғы бетінен ұшқан кезде ғарыш кемесі оның бетіне ең жақын жерде – 6550 км қашықтықта болды. Осы қашықтықтан ғарышкерлер Ай бетінің осы бөлігін мұқият зерттеп, егжей-тегжей фотоға түсіре алды.
Ғарышкерлер қазір Жерге оралар жолда. Қайтарда олар күн тұтылуын да бақылап, оны фото-видеоға түсірді.
Ғалымдар үшін Ай бетін жақыннан зерттеу неге маңызды
Паллаб Гош, BBC ғылым шолушысы:
Ғалымдардың айтуынша, мұндай жақындық "Орион" экипажына Айды төмен биіктікте әуеден түсірілім жүргізгендей, тек бетіне қонбай зерттеуге мүмкіндік береді.
Ай бетінен шамамен 9000 км биіктікте ұшқан кезде ғарышкерлерден – кратерлерді, жартастарды және қатып қалған лава ағындарын ажырату, содан кейін оларды ең жоғары ажыратымдылықта суретке түсіру сұралды.
Бұл суреттер, "Орионның" лазерлік және видео деректерімен бірге, Ай бетінің карталарын нақтылауға көмектеседі және геологтарға Ай қабығының миллиардтаған жылдар бойы қалай пайда болғанын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеушілер үшін полярлық аймақтар ерекше қызығушылық тудырады. Болашақ экспедициялар мұз шөгінділері бар деп болжанған жерлерге қонады деп күтілуде.
Ғарышкерлер кедір-бұдыр Ай бетіндегі жарық пен көлеңкенің ойынын бақылау арқылы болашақ миссия жоспарлаушыларына қай беткейлер қауіпті болуы мүмкін, қай жазық аумақтар қону аппаратының салмағын көтере алады және болашақта ресурстарды қайдан табуға болатыны туралы дәлірек түсінік береді.
Ғалымдар сонымен қатар күн радиациясы мен электростатикалық күштермен көтерілетін "ай шаңын" бақылайды. Бұл бөлшектердің ай бетінде қалай қозғалатынын түсіну маңызды.
Айды түсіруге арналған арсенал
Кевин Черч, BBC операторы
"Aполлонмен" салыстырғанда, "Артемида" экипажының қолында сандық камералардың толық жиынтығы бар.
Олар үш Nikon камерасын алып алды: екі D5 моделі, біреуі айды түсіруге арналған 14-24 мм кең бұрышты объективпен, ал екіншісі ең ұсақ бөлшектерді түсіруге арналған 80-400 мм зум объективімен. Сондай-ақ олар адам көзіне жақын суреттерді түсіретін 35 мм объективі бар Z9 камерасын әкеткен.
GoPro камералары ғарыш кемесінің сыртындағы күн батареяларына орнатылған, ал әрбір экипаж мүшесінде миссияны құжаттау үшін iPhone бар.
