in

Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен кейін төтенше жағдай жарияланды

Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес жер сілкінісінен кейін елде төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған astana24.com.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жойқын жер сілкінісінен кейін Венесуэла мен оның астанасы Каракаста интернет байланысында іркілістер байқалып жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар елдің ішкі істер, әділет және бейбітшілік министрі Диосдадо Кабельо қираған нысандар барын мәлімдеді.

"Қазіргі жағдай өте алаңдатарлық. Ғимараттар, үйлер мен тұрғынжайлар қирап қалды", – деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, астананың ең сейсмоқауіпті аймақтары саналатын Каракастағы Лос-Палос-Грандес және Альтамира аудандарында жағдай өте күрделі.

Диосдадо Кабельо жер сілкінісінен кейін тұрғындардың жаппай көшеге шыққанын айтты. Министр оларды әзірге үйлеріне оралмауға шақырды.

"Халқымыз өз қауіпсіздігі үшін көшеге шықты. Ешкім ғимарат ішінде қалмауы тиіс, өйткені мұндай апаттардан кейін, әдетте, қайта дүмпулер болады", – деді Кабельо.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 10 000-нан 100 000-ға дейін жетуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бүгін түнде Венесуэлада болған жойқын жер сілкінісі туралы хабарлаған едік.

Қаза тапқандар бар екені айтылғанымен, әзірге олардың нақты саны белгісіз. Әлеуметтік желілерде қираған көптеген ғимараттың кадрлары тарап жатыр.