Ресейдің Ұлттық терроризмге қарсы комитеті Мәскеудегі мейрамханалардың бірінде жарылыс болып, салдарынан үш адам қаза тапқанын, 20-дан астамы зардап шеккенін хабарлады, деп жазады KAZ. NUR.KZ.
Комитеттің мәліметінше, кеше Мәскеудегі Кудринская алаңында орналасқан мейрамханада қолдан жасалған жарылғыш құрылғы жарылған.
"Оқиға салдарынан үш адам – мейрамханаға жарылғыш затты алып кірмек болған күдікті әйелді кіргізбеген күзетші, күдіктінің өзі және мейрамхана келушілерінің бірі қаза тапты. 21 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары мен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Коммерсант" басылымының мәліметінше, "Террористік акт" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Кеш қатаң күзетілген, соның арқасында көптеген адам аман қалған сияқты. Болжамдардың біріне сәйкес, күзетші мекемеге кіреберісте қонақтарға қорап әкеле жатқан әйелді тоқтатқан. Ол ішінде сыйлық бар екенін айтқан, бірақ күзетші күдіктеніп, оны тексеруді ұйғарған. Дәл сол сәтте жарылыс болған. Бомба қашықтан іске қосылғаны анық. Алдын ала болжам бойынша, курьер сәлемдеменің ішінде не бар екенін білмеген болуы мүмкін", – делінген жарияланымда.
Басылымның жазуынша, жарылыс күші бір килограмм тротил эквивалентіне тең болған, ал құрылғының іші металл шарлармен толтырылған.
