in

Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жақын арада аяқталатынын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жақын арада аяқталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, осының салдарынан дизель отынының бағасы өскен, деп хабарлайды РИА Новости-ге сілтеме жасаған astana24.com.

Ақ үй басшысы сегіз соғысты тоқтатқанын, бірақ бұл қақтығыс "ең күрделісі" екенін жеткізді. Соған қарамастан, АҚШ өкілдері оны аяқтау үшін тынбай жұмыс істеп жатыр, деді Трамп Солтүстік Каролина штатында жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде.

"Біз Ресей мен Украина мәселесі бойынша (бейбіт келісімге келу үшін – ред.) аянбай жұмыс істеп жатырмыз… Өздеріңіз білесіздер, мен сегіз соғысты тоқтаттым. Ең күрделісі – Ресей мен Украина арасындағысы, өйткені көшбасшылар бір-бірін жек көреді", – деді АҚШ президенті.

Сондай-ақ ол бұл қақтығыс дизель отыны бағасының өсуіне себеп болғанын айтты.

"Бірақ бұл жақын арада аяқталады", – деп уәде берді Америка көшбасшысы.

Айта кетейік, жақында Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді жаһандық отын тапшылығына байланысты Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді тоқтатуға шақырған болатын.