Түркияда жемқорлыққа қатысты ауқымды тергеу аясында Анталия, Адана, Адыяман және Измир қалаларының қазіргі және бұрынғы мэрлері тұтқындалды, – деп хабарлайды Аikyn.kz
TRThaber таратқан мәліметтерге сәйкес, Анталияның астаналық мэрі Мухиттин Бөчек «пара алу» ісі бойынша ұсталып, оның бұрынғы келіні де қамауға алынды. М. Бөчектің ұлы – осы іске қатысы бар деген күдікпен шетелде жасырынып жүр. Сонымен қатар, Адана мэрі Зейдан Каралар мен Адыяман мэрі Абдуррахман Тутдере де дәл осындай айыптармен қамауға алынған.
Измир қаласында жүргізілген тергеу нәтижесінде бұрынғы мэр Тунч Сойер мен Республикалық халық партиясының (CHP) қалалық басшысы Шенол Асланоғлу 60 адаммен бірге тұтқындалды. Бұл операциялар мемлекеттік аудит пен сараптамалық қорытындыларға негізделген.
Айта кетерлігі, ұсталған барлық тұлғалар — Республикалық халық партиясының өкілдері. Бұл жайт соңғы уақытта оппозицияға қатысты жүргізіліп жатқан құқықтық қадамдардың бір бөлігі ретінде қарастырылуда.
Президент Ердоған бұл істерге байланысты мәлімдеме жасап: «Республикалық халық партиясының басшылығы енді көше шерулерінен үміт күтіп отыр», – деп, оппозицияның әрекеттеріне сын айтты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз