Алматы қаласында ғалымдар Қазақстан тарихында алғаш рет гидрогеологиялық карталардың атласын – еліміздің жерасты сулары туралы негізгі деректерді біріктіретін цифрлық геоақпараттық жүйені таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. Бұл сандық платформа су ресурстарын тиімді басқаруға, әсіресе құрғақшылық жағдайында тұщы судың тапшылығын шешу жөнінде тиісті шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Қазақстанның көптеген аймақтарын тұрақты түрде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қазір өте өзекті болып отыр: өзендер мен көлдерден тұщы су алу мүмкіндігі шектеулі. Ал жаңа Атлас жерасты су қорларын, оның ішінде геотермальды және минералды суларды дәлірек бағалап, пайдалануға мүмкіндік береді. Жүйені сондай-ақ экологиялық мониторинг құралы ретінде де қолдануға болады – цифрлық карталар жерасты суларының сапасын нақты уақыт режимінде бақылап, геологиялық ортаның ластануының алдын алуға септігін тигізеді. Бұл судың тапшылығына байланысты дамуы тұралап қалған аймақтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Зерттеу жұмыстарын У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Малис Абсаметовтің басшылығымен жүргізді.
«Жерасты сулары жөніндегі деректерді жаңарту мен жүйелеу су қауіпсіздігін арттырып, Қазақстанды климаттық өзгерістерге төтеп беруін тұрақтандырады», – деп атап өтті Малис Абсаметов. – Атлас су ресурстарының тұтас картасын алғаш рет ұсынып отыр, бұл ұзақмерзімді жоспарлар мен ұлттық мүдделерді қорғау үшін өте маңызды».
«Қазақстан Республикасында су қауіпсіздігі мәселесі: заманауи сын-қатерлер мен ғылыми шешімдер» атты халықаралық конференцияға қатысушылар атап өткендей, жиналған деректер су саясатын әзірлеудің, ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлау ісінің негізі болмақ. Климаттың өзгеруі жағдайында бұл жүйе су тапшылығын алдын ала болжауға, сөйтіп тұрғындарға да, экономикаға оның кері әсерін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар Атлас су ресурстарын аймақтар арасында әділ түрде бөлуге объективті база бола отырып, су жағдайы туралы дәл мәліметтерді қажет ететін ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін аса пайдалы болады.
«Қазақстан ғалымдары өте ауқымды және маңызды жұмыстар атқарды. Олар әзірлеген құрал еліміздің су қауіпсіздігінің негізіне айналады. Бұл еңбек жоғары бағаға лайық, әрі суды тұрақты түрде пайдалану саласы бойынша зерттеулерге жаңа кеңістіктер ашады», – деп атап өтті Глазго университетінің (Ұлыбритания) профессоры Мохаммед Халид.
Атласты Сәтбаев университетінің У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің тапсырысы бойынша, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жасап шығарды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.