BBC-дің Science Focus журналында жарияланған мақалаға сүйенген Aikyn.kz мұздату арқылы өмірді ұзату концепциясының кемшілігін талдайды.
Мұздатылған құлпынайдың еріген соң борпылдақ болып, жұмсаруы да оның ішкі жасушаларының зақымданғанын білдіреді. Фото hopkinsmedicine.org сайтынан алынды
Адамның денесі мен миын криогендік мұздату және кейін қайта тірілту мүмкіндігі шындыққа жанаспайды. Қоғамда тұрақсыздық пен белгісіздік күшейген сайын, крионикаға – адам денесін болашақта медицина жетістіктері жеткілікті дамыған кезде қайта тірілту үшін мұздатуға деген қызығушылық қайта оянып келеді. Оның тартымдылығы түсінікті: бұл – видео ойындағы сақтау нүктесіне ұқсас. Яғни, сіз өлім қаупін «болдырмай» өміріңізді тоқтатып қойып, кейін үзіліс болған жерден жалғастырғыңыз келеді.
Алайда крионика технологиясы қазіргі кезде жұмыс істейтін нақты, сенімді әдіске айнала алмады. Бұндай технология әлі де шешімін таппаған, күрделі биологиялық және техникалық кедергілерге толы.
Криогендік мұздату адам қайтыс болмас бұрын жасалуы мүмкін. Бірақ тірі адамды мұздатудың өзі өліммен тең әрекет. Және адам келісім берсе де, оны өлтіру – заңсыз.
Адам денесінің басым бөлігі судан тұрады. Су – жасушалар мен тіндердің тірі әрі жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ететін басты элемент. Бірақ суды мұздатқанда ол мұзға айналады. Мұз – қатты, көлемін ұлғайтатын және шаншып зақымдайтын құрылым. Егер тірі жасушалар кенеттен мұзбен толып кетсе, олардың құрылымы бұзылады. Мұздатылған құлпынайдың еріген соң борпылдақ, жұмсаруы да оның ішкі жасушаларының зақымданғанын білдіреді.
Ал адам денесі – бұл жеміс емес, ол көпдеңгейлі күрделі биологиялық жүйе. Оның ішінде тіршілікті қамтамасыз ететін неғұрлым нәзік және өзара байланысты химиялық процестер жүреді.
Осындай резервуарларда мұздатылған денелер сақталады. Фото octagon.media сайтынан алынды
Адам денесін криогенді мұздату, әсіресе миды, қалпына келмейтіндей жасушалық зақымға әкеледі. Бұл оны қазіргі технологиялармен қайта тірілтуді мүмкін еместей жасайды. Мұны болдырмау үшін мұздату жылдамдығын ұлғайтып, мұз кристалдарының түзілуін азайтатын криопротекторлар (арнайы химиялық заттар) қолдануға болады.
Алайда бұл тәсілдер ұсақ жасушалар мен тіндерге (мысалы, эмбриондарға) ғана тиімді болуы мүмкін. Ағза неғұрлым ірі әрі күрделі болса, соғұрлым көп криопротектор қажет, ал олардың уыттылығы тірі жүйелерге қауіп төндіреді.
Тірі ағза – биологиялық белсенді жүйе. Мұздатқанда оның тіршілігі толық тоқтайды, ал кейін «қайта қосу» – техникадағы тетік қосу емес. Бұл жарылған жұмыртқаны қайта қалпына келтірумен тең.
Криониканы таңдаушылардың көпшілігі басты немесе миды ғана мұздатуға келіседі. Себебі болашақта ғылым денені қайта жасауға қауқарлы болады деген үміт бар. Алайда миды сақтау – ең үлкен және ең қиын мәселе. Нейрондар – мидың негізгі жасушалары – басқалармен салыстырғанда ең күрделі және ең нәзік жасушалар. Олар денедегі энергияның шамамен 25%-ын тұтынады.
Мұздату кезінде энергия «өшіріледі», энергия мүлдем болмайды. Ал инсульт – миға қан бармай қалған бірнеше секундтың салдары екенін ескерсек, толық мұздату қандай нәтижелерге алып барады?
Мидың жұмысын, нейрондарды қайта қалпына келтіру өте қиын, тіпті мүмкін емес. Иллюстрация news.rambler.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Naukatv
Мидың ішкі құрылымы өте нәзік және криогендік әсерге өте сезімтал. Басқа тіндер зақымданудан кейін қалпына келуі мүмкін, ал нейрондар – бұрынғы қалпына өте нашар келеді.
Мұздату кезінде мидың жасушалары ғана емес, олардың байланыстары – яғни есте сақтау, жеке тұлға, сана сияқты қасиеттерді анықтайтын нейрондық желілер қатты зақымданады. Бұл байланыстар триллиондап саналады және олар мұздату процесінде біржолата жойылуы мүмкін.
Жақсы, болашақ медицина бұл байланыстарды қалпына келтіре алды делік. Бірақ қай нейрон қай жерге жалғанды? Мұны тек молекулалық деңгейдегі толық скан арқылы ғана білуге болады – ол мұздату алдында жасалуы керек және мәлімет бірге сақталуы тиіс. Әйтпесе, бұл – өртеніп кеткен кітаптың күлінен мәтінді қалпына келтірумен бірдей.
Криониканың қазіргі кез келген түрі оптимизмге сүйенеді. Бұл үміттің болғаны жаман емес, әрине. Бірақ адамдар өмірін белгісіз, өте төмен ықтималдыққа негізделген әдіске тоқтамас бұрын көп ойланып барып, шешім қабылдауы керек.
Ғылымның дамуы қаншалықты ілгерілесе де, Жаратушының рұқсатынсыз бұндай технологиялар жұмыс істеуі екіталай болар. Сіз қалай ойлайсыз?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.