Америкалық арман (American Dream) – шығу тегіне қарамастан әр адамның қабілеті мен еңбегі арқылы әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еркіндікке ұмтылуға жол ашатын АҚШ-та кең тараған ұлттық идея. Бұл туралы АҚШ-тың тарихи құжаттарында, әсіресе 1776 жылы Тәуелсіздік Декларациясында жарияланған. Құжатта адамдардың заң алдындағы теңдігі, олардың өмір сүруге деген құқығы, бостандығы мен бақытқа ұмтылуы турасында нақты көрініс тапқан. Ал «америкалық арман» терминін алғаш рет 1931 жылы тарихшы Джеймс Труслау Адамс The Epic of America кітабында қолданған. Бастапқыда бұл арман демократия, еркіндік және теңдік ұғымдарымен тығыз байланысты еді. Алайда идея уақыт өте келе, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде материалдық жетістіктерге жетуге итермеледі. Өткен ғасырдың 90-жылдары ғалымдар әлеуметтік тәртіп туралы арманның халыққа теріс әсер ететінін айта бастады. Америкалық арманмен «ауырған» жастар тек ақша мен мансапқа ұмтылып, оған қолы жетпесе, өз-өзін кінәлап, соңында депрессияға шалдығып, мұның салдарынан менталды саулыққа орасан зор зардап тигізуі мүмкін. Дегенмен қай елдің халқы үшін де әл-ауқаттың тұрақтылығы, білім мен денсаулық саласына әділетті, тең қолжетімділіктің қажеті анық.
Black Lives Matter қозғалысын қолдау азайды
Америкалық арман қағидаты бойынша әркім тең мүмкіндікке ие болуға тиіс, алайда қоғамда расизм мен ксенофобия әлі де ашық сипат алып отыр. Соның жарқын дәлелі – 2013 жылдан бері әлемге кең тараған Black Lives Matter (BLM) қозғалысы.
2012 жылы Флорида штатында ақ нәсілді ер адам Джордж Циммерман қара нәсілді жасөспірімді атып өлтіреді. Циммерман өзін қорғадым деп ақталып, жазадан босап шығады. Бұл жағдай халықтың қытығына тиіп, қоғамдық резонанс тудырды. 2013 жылы қара нәсілді әйелдер – Алисия Гарза, Патрисс Каллорс және Опал Томети әлеуметтік желіде #BlackLivesMatter хэштегін қолданып жазба қалдырады. Уақыт өте келе бұл хэштег қалың елге тарап, қоғамдық ұранға, әлем наразылығын тудырған ірі қозғалысқа ұласты.
2014 жылы 9 тамызда Миссури штатының, Фергюсон қаласында ірі көтеріліс болды. Оқиғаға себеп – 18 жастағы қарусыз афроамерикалық Майкл Браунның жергілікті полиция қызметкері Даррелл Уилсонның қолынан қаза табуы. Алғашында әлеуметтік желіге тараған ақпар жұрт ашуына тисе, кейін сот шешімінше, Уилсонге тағылған айып негізсіз саналып, бостандыққа шығып кетуі АҚШ қалаларында түрлі акцияның өтуіне себеп болды. Осылайша, қоғамдық толқу 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Қоғамдық дау тудыратын мұндай оқиғалар жыл сайын қайталанып тұрады.
2020 жылы Джордж Флойдтың полицей қолынан қаза табуы BLM қозғалысын жаһандық деңгейде танытты. Әлеуметтік желіде тараған видеода Джордж полиция қызметкеріне қарсылық танытпаса да, офицер оның мойнын аяқпен таптап, соңында ол тыныс ала алмай, қайтыс болады. Осы оқиғадан кейін әлем бойынша 60-тан астам елде наразылық шеруі өткен. Сол кезде Black Lives Matter қозғалысын өткізетін ұйымдардың да атағы дүркірей шықты.
BLM Grassroots – Black Lives Matter қозғалысының негізгі, жергілікті бөлімшелерінің коалициясы. Бұл құрылым 2022 жылы Black Lives Matter Global Network Foundation (BLMGNF) ұйымынан бөлініп шыққан. Оған Флойдтың оқиғасынан кейін BLMGNF ұйымына түскен қайырымдылық қаражатының ашық болмауы және шынайы белсенділердің мүддесін қорғамауы себеп болған. Бүгінде BLM Grassroots-тың 51 бөлімшесі бар, оның біреуі Швецияда орналасқан. Ұйым полицияның зорлық-зомбылығына қарсы тұрып, елдегі әділдік пен теңдіктің орнауына күш салып, ауқымды іс жүргізіп келеді. Дейтұрғанмен, жыл өткен сайын Black Lives Matter қозғалысын қаржыландыру мен қолдау деңгейі қысқарып жатыр. Pew Research Center сауалнамасының дерегінше, BLM-ге деген қолдау 2020 жылдан бері 15-20%-ға азайған. BLMGNF ұйымы мен BLM Grassroots арасындағы ішкі қақтығыстар, қаржының тиімсіз жұмсалуы, жымқырылуы Black Lives Matter қозғалысын демеушілердің көңіліне күдік ұялатып, халық арасына сенімсіздік туғызды. Әлеуметтік поляризация әсерінен BLM-ге көмек беретіндер кейіннен қаржылай қолдауын тоқтатты. Әлем жұртын толқытқан Джордж Флойд оқиғасы да АҚШ-та ұмыт бола бастады, қазір қоғамды бұдан басқа мәселелер – экономикалық дағдарыс, инфляция, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы көбірек алаңдатады.
Экономикалық теңсіздік ұлғайған
Америкалық арманды орындау АҚШ-тағы қай топқа да оңайға соқпай барады. Оған тағы бір дәлел – кейінгі онжылдықтағы экономикалық теңсіздік, тұрақты орта, табыстың төмендігі. 2023 жылы Pew Research Center зерттеуінше, халықтың 10%-ы ел байлығының шамамен 70%-ын иеленген. Бұл үлесті Голливуд фильмдерінде көрген ертегідегідей жайлы өмір иелері деп санауыңызға әбден болады. Көрсеткіш 1980 жылдармен салыстырғанда, айтарлықтай өскен. Халықтың 50%-ы ел байлығының небәрі 2%-ын иемденетін көрінеді. Елде кедейлік деңгейі артып, 2023 жылы 37 миллион адам (яғни, халықтың 11%-ы) кедейлік шегіне жеткен. Кедейлік деңгейі денсаулық және тұрғын үй мәселелерімен байланысты, бұл америкалық арманға жетуге үлкен кедергі болып тұр.
Америкада жұмыс істеп жүрген отандасымыз, Nazarbayev University-нің 2-курс студенті Заңғар Омар халықтың жағдайын тым төмен деп айта алмайды.
– АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасы арқылы келдім. Оған 1,7 миллион теңге қаржы жұмсадым, ішіне медициналық сақтандыруым мен барып-қайту билетім де кіреді. Қазір Вирджиния штатының Дуллес қаласында тұрып жатырмын. Пәтерақыны төлеу қалтаға қатты ауырлық салмайды. Айына шамамен 300 мыңдай төлеймін. Жалақы күнкөріске жетеді. Бассейнде құтқарушы болып істеймін. Негізінен, Америкаға заңды түрде сырттан келген адамдарға да жақсы мүмкіндік бар. Заңсыз кіргендер ауыр жұмыс қана істейді. Дипломы бар кәсіби маман болсаң, жұмыс істеуге заңды рұқсат алсаң, табысқа жетуге болады, – дейді З.Омар.
Отандасымыз Америкадағы өмірін баяндап, бұл мемлекетте жұмыс істеудің артықшылығы мен кемшін тұсын сөз етті. Оның айтуынша, мұнда жұмыс көп, әдетте жұмыс іздейтіндер facebook желісінен немесе indeed қосымшасынан тауып алады.
Заңғар жұмысқа тұрар кезде кей жағдайдың үлкен рөл ойнап кететінін жеткізді. Мысалы, мексикалық мейрамханалар, супермаркет пен кондитерлік дүкендерде жұмыс істеу үшін ағылшын тілімен қатар, испан тілін білу де маңызды екен.
– Ағылшын тілін білсем де, испан тілін білмегенім үшін бірнеше жер жұмысқа алудан бас тартты және латыш қыздары керек деген талап қойды. Колумбиядан келген латыш қызын бірден жұмысқа алды. Әрине, бұл бөліп-жаруға жатпас, бірақ жұмысқа келгенде әртүрлі талаптың барын білдім, – дейді студент.
Сонымен қатар кей жұмыс орны қара нәсілділерді де алмаймыз деп бірден кесіп айтқанына куә болыпты. Заңғардың жұмыс істеп жүрген орталығына Ямайкадан келген қара нәсілді досы сол үшін де жұмысқа орналаса алмаған.
– Халықтың жағдайы жақсы, бірақ кедейдер де барын жасырмаймын. Дегенмен Қазақстанда бір жалақы аласың, оның жартысынан көбі тек ішіп-жемге кетіп қалады. Бұл жақта тапқаныңның жартысын азық-түлікке жұмсап тастамайсың. Тапқаныңның бестен бірін тамаққа жұмсауың мүмкін. Кірісің мен қажеттілік арасында алшақтық бар, – дейді З.Омар.
Он тоғыз жастағы студент Америкада құжат рәсімдеу ұзақ уақыт алатынын айтып қалды. Мәселен, «Қазақстанда бір құжатты бір-екі күнде жасатып алсаң, Америкада кемінде екі-үш апта күтесің. Ал жүргізуші куәлігін алу үшін екі айдай уақыт кетуі мүмкін» дейді.
– Бір қиыны, медициналық көмек көрсету өте қымбат. Медициналық сақтандыруым бар, бірақ тіс емдетуге ол қаражат жеткіліксіз. Жай ғана жедел-жәрдем қызметін шақырудың өзіне 1000 доллар төлейсің. Ауруханада емделу тіпті қымбат. Америкада ауырмаудың қамын жасау керек, – дейді Заңғар.
Investopedia статистикасына зер салсақ, 2024 жылы «америкалық арман» орта мөлшерде 4,4 миллион доллар тұрады деген есеп бар. Бұл есепте үйлену, екі баланы тәрбиелеу, үй сатып алу, жаңа көлік алу, зейнеткерлікке ақша жинау, жыл сайынғы еңбек демалысы секілді негізгі қажеттілік ескерілген. Елде зейнеткерлікке дайындалудың өзі – алаңдатарлық мәселе, америкалық азамат зейнет жасына жеткенше қорға кем дегенде, 1,6 миллион доллар жинақтау керек. Үй сатып алуда 20% бастапқы жарна мен 30 жылдық ипотеканы алу үшін 930 мың АҚШ доллары қажет. Одан кейін бір отбасы 17 жасқа дейін екі баланы тәрбиелеуге және мемлекеттік колледжде төрт жыл оқуға 832 мың доллар төлеуге дайын болуға тиіс. Дегенмен АҚШ-та табыс та көп елдердегі көрсеткіштен жоғары екенін ескеру қажет.
Қарызы барлар америкалық арманға сенбейді
Студенттердің сеніміне селкеу түсіретін тағы бір жайт – студенттік қарыз. Студенттік қарыз (Student loan) – америкалық студенттердің жоғары білім алуы үшін банктерден, мемлекеттен немесе басқа қаржы ұйымдарынан алатын несие түрі. Бұл несие оқу ақысын, жатақхана, оқу құралдары мен басқа да шығындарды төлеуге арналған. Екінші деңгейлі банктерде пайыздық мөлшерлеме біршама жоғары, ал мемлекеттік несие мөлшерлерлемесі салыстырмалы түрде азырақ. АҚШ-та студенттік қарыздың жалпы көлемі 1,7 триллион доллардан асады деген дерек те бар. Студенттік қарызы барлар америкалық арманның орындалуына сенбейтін болды. Университет түлегі оқуын аяқтағанда шамамен 30 000 доллар қарыз арқалайды. Сондықтан бұл жағдай үй алуға, отбасын құруға, қызметтік жоғарылауға кедергі жасайды. Елде жастардың тегін білім алуына арналған бағдарламалар аз, сондықтан көптеген жасқа жоғары білім алу мүмкіндігі туа бермейді.
Кейінгі жылдары жастардың студенттік қарызға қарсы наразылық қозғалысы жиі өтетін болған. Қозғалыс 2015 жылы Million Student March деген атпен бастау алған. Сенатор Берни Сандерс 2015 жылы маусымда берген бір сұхбатында «Егер миллион жас Вашингтонға барып, студенттік қарыздарды жою мен тегін білім беру туралы талап етсе, Конгресс бұл мәселені шешуге мәжбүр болады» деген пікір білдіреді. Сенатор сөзі студенттерге шабыт бергені соншалықты қысқа уақытта ірі қозғалыс пайда болады. Million Student March АҚШ-тағы студенттік қарыз мәселесіне қоғам назарын аудартып, кейбір штаттар мен университеттер студенттік қарызды азайтуға қатысты бастамаларды қолға алған. Бүгінде осы атаумен үндес студенттер қозғалысының белсенділігі артқан.
Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов билік қай кезеңде де жастар талабына құлақ асуға тиіс, сондықтан алда өзгерістер боларына сенім артады.
– Джо Байден президент болған кезде студенттік қарыз жүктемесінің біраз бөлігі кешірілген. Қазір бұл қарыз көлемі бір жарым триллион доллардан асты. Байден 153 миллиард долларға жуық студенттік қарызды жойған еді. Студенттердің талабы ішінара орындалады. Кез келген тарихи оқиғаға қарасақ, Қытайдағы Тэн Ен бастаған қозғалыс, Оңтүстік Кореядағы 1980 жылдардың аяғындағы студенттік қозғалыстар сияқты жастар қозғалысы көбіне революциялық идеяларға пара-пар келеді. Бұл жерде жүйелі проблема түбегейлі шешілмесе де, жастар талабы белгілі бір мөлшерде орындалуға тиіс, орындалады да. Байденнің кейсі бар, Трамп билігінде бұл кейс қаншалықты жалғасары белгісіз. Менің ойымша, жастардың талабымен санасып, ескеруге тура келеді, – дейді саясаттанушы.
Жастар мәселесі түбегейлі шешім таппаса да, студенттер қозғалысының күші келер күнге өзгеріс сыйлар деген үміт бар. Студенттер АҚШ-тың сыртқы саясатына да баға беріп, азаматтық пікірін білдіруде табандылық танытып келеді.
2024 жылы мамырда АҚШ студенттері Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға шақырып, оқу орындарында наразылық акцияларын өткізді. Акцияға Гарвард, Колумбия, Нью-Йорк, Калифорния университеті сынды беделді оқу орындарының студенттері мен оқытушылары да қатысқан. Наразылық 45 штат пен Колумбия округін тегіс қамтып, 140-қа жуық университет пен колледжде өткен. Ең үлкен наразылық акцияларының бірі Джордж Вашингтон университетіндегі митинг болды, онда ондаған студент наразылық ретінде кампус маңында шатырлар қалашығын құрған. Жиынға қатысқан 3 000-нан астам адам тұтқындалып, студенттер оқудан шығарылып, диплом күшін жойған. Шеру барысында студенттермен қатар университет профессорлары мен оқытушылары да қамауға алынған.
Саяси поляризация халықты шаршатты
АҚШ-тағы саяси күштердің ортақ мәмілеге келе алмауы да америкалық арманға деген сенімнің әлсіреуіне тікелей әсер етіп отыр. Жоғарыда тарқатып жазған жағдайлардың ушығуына да себеп – осы.
Pew Research Center 2023 жылы жасаған енді бір зерттеуінде «америкалықтардың 65%-ы саясат туралы ойлаудан шаршайды» деген дерек келтіреді. Ал жалпы халықтың 28%-ы Республикалық және Демократиялық партияның екеуіне де теріс көзқараста дейтін қорытындыға келген. Бұл көрсеткіш кейінгі 30 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов АҚШ-тағы саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыс саяси поляризация мен популизмнің өршуінен ушығып отыр дейді.
– Қоғамның екіге бөлінуінен құндылықтарға байланысты, Американың осы күнге дейін желеу етіп келе жатқан басты принципі – демократияның өзіне қауіп төндіретін тенденцияларды байқауға болады. Сайлау алдында, әсіресе президенттік науқанда, бұл мәселе ушыға түседі. Капитолийге шабуыл сияқты оқиғалар демократиялық нормаларға қауіп төндіретінін көрсетеді. Дональд Трамптың президент ретіндегі рөлі де осы жағдайға тікелей әсер етіп отыр. Оның құндылықтарға қаншалықты сай екені немесе қарама-қайшы келетінін өзі жиі жариялайтын Twitter-дегі жазбаларынан көреміз, – дейді саясаттанушы.
Gallup ұйымының деректеріне сәйкес, жастардың үштен бірінен азы ғана АҚШ үкіметіне сенім білдіреді екен. Бұл дамыған елдер арасындағы ең төменгі көрсеткішке жетті. 2024 жылы өткен GenForward сауалнамасы нәтижесінде, 2000 жастың 58%-ы АҚШ-тағы демократияның дұрыс жұмыс істемейтінін айтқан.
Қ.Майгельдиновтың ойынша, америкалық арман идеясына саяси поляризацияның әсері зор.
– Егер халықтың саяси жүйеге деген сенімсіздігі әрі қарай арта берсе, DC Comics-дегі «Готэм» қаласы сияқты Американың ішкі қоғамында ірі поляризация артып, билік пен халық арасындағы қақтығысқа алып келуі ғажап емес. Осы сенімсіздікті төмендету үшін жаңа реформалар қажет. Бұл реформалар Трамп кезеңінде жүзеге аса ма, әлде одан кейінгі уақытта ма білмеймін, оны уақыт көрсетеді. Ал америкалық құндылықтар мен ішкі дағдарыстың жалғасуы жақсы нәтиже бермесі анық, – дейді Қ.Майгелдинов.
Дональд Трамп бастаған республикашылдар халықтың америкалық арманға үкіметтің араласуынсыз, өз еңбегімен жетуге тиіс деген бағытты ұстанса, демократтар америкалық арманды әлеуметтік қолдау мен әділдік арқылы іске асыруға болады деп жаңа қырынан түсіндіреді. Республикашылдар ұлттық бірлікті, кәсіпкерлікті қолдағанымен, бұл әрекет орта тап өкілдерін емес, элиталық топтардың оң жамбасына келетін оңтайлы мүмкіндікке айналып отыр. Екі партияның ымыраға келе алмауы ішкі саяси поляризацияны күшейтіп, америкалық арманға деген сенімнің күл-паршасын шығарғандай көрініс табады.
Америка тек таңдаулыларға мүмкіндік бере ме?
АҚШ тарихи тұрғыдан иммигранттар елі екені көпке мәлім. Елдің экономикалық өсімі мен мәдени дамуына ірі иммиграция толқындары әсер етпей қоймайды. АҚШ-қа сырттан келушілерді де «америкалық арман» алға жетелейді. Алайда кейінгі кезде имиграцияға қатысты дау «Америка – бәріне мүмкіндік беретін ел ме, әлде тек таңдаулыларға ма?» деген сұрақ туындатты.
Қ.Майгелдинов АҚШ тарихи тұрғыдан мүмкіндіктер елі саналса да, қазіргі үрдістер өте күрделі екенін айтады.
– Трамптың сайлауалды бағдарламасында Мексика мен АҚШ арасында қалқан орнатамын деген мәлімдемесі бар. Иммиграциялық жүйе заңсыз және заңды келушілер арасында айтарлықтай айырмашылық жасап отыр. Экономикалық факторлар мен қауіпсіздік мәселелері қоғамдағы пікірлерді екіге жарды. Негізгі, тенденцияны байқағанымыздай, Америка таңдаулы миграцияға бағдарланған мемлекетке айналды, – дейді саясаттанушы.
Спикердің ойынша, Трамп өз көзқарасына сай жоғары білімді және дағдысы бар мамандарды қолдайтын саясат жүргізіп отыр. Жұмысшы табынан келетін қарапайым иммигранттарға толықтай тосқауыл қою арта бермек.
Дәл қазір Американың ішкі саяси-әлеуметтік жағдайы түбегейлі шешіле кетуі неғайбыл. Америкалық арманның орындалуы үшін жаңа реформалар қажет. Ал бұл таяу күннің әңгімесі емес көрінеді. Алпауыт мемлекеттің ішкі жағдайы Еуропа елдеріне ғана емес, Қазақстанға да жанама әсер туғызып жатқаны байқалады. Бұл туралы да саясаттанушыдан пікір сұрауды жөн санадық.
– Геосаяси турбуленттілік Еуропаға елеулі әсер еткенімен, Қазақстанға ықпалы шектеулі. Біріншіден, америкалық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялары азайып келеді. Кейінгі 7 айдағы мәліметке қарасақ, 119 шетелдік инвестор қызметін тоқтатқан, соның ішінде америкалық компаниялар да бар, – дейді Қ.Майгелдинов.
Саясаттанушы Америкадағы демократиялық институттардың дағдарысы Қазақстанға кері әсер етпей, керісінше саяси дамуда балама үлгілерді іздеуге түрткі болуы мүмкін деген оң пікір білдірді. Алайда америкалық университеттердегі қазақстандық студенттердің саны мен сапасы өзгеруі мүмкін, ғылыми-техникалық серіктестік, мәдени алмасу бағдарламалары қысқарып жатқанын да жеткізді. Трамптың бастамасымен Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда кейбір жобалар тоқтатылып жатыр.
Сонымен америкалық арман халық үшін тең мүмкіндіктер мен еркіндікке негізделген идея болғанымен, бүгінде жаңа сипат алғаны айқын. Әлеуметтік, экономикалық және саяси қайшылықтар бұл ұғымды қайта бағамдауға мәжбүр етті. Сенімге селкеу түскенмен, көңілде үміт әлі де бар.
Айсұлу СЪЕЗХАН