in

АҚШ мемлекеттік хатшысы: Иранға соққыны сынға алған елдердің өзі оны дұрыс деп есептейді

АҚШ мемлекеттік хатшысы әрі ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Марко Рубио Иранға қарсы әуе соқысынан кейін Fox News арнасындағы Sunday Morning Futures бағдарламасында мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Оның айтуынша, көптеген мемлекеттер шабуылды сырттай айыптағанымен, жеке әңгімелерде АҚШ-тың әрекетін қолдайды.

«Бізге қарсы мәлімдеме жасап жатқан елдердің бәрі жеке кездесулерде бұл шабуылдың қажеттігін мойындайды. Олар өз аудиториясы үшін саяси мәлімдеме жасауға мәжбүр. Шын мәнінде, кешегі Ирандағы оқиғаға тек Иран режимі ғана қарсы», – деді Рубио.

Ол сонымен қатар Иранды АҚШ-пен тікелей келіссөздер бастауға шақырды. Оның айтуынша, Вашингтон азаматтық ядролық бағдарламаға қарсы емес, бірақ байланыс делдалдар арқылы емес, ашық жүргізілуі тиіс.

«Иран бізбен тікелей сөйлесуден жалтарады. Хабарламалар мен жазбалар жіберіп, делдал арқылы байланыс орнатуға тырысады. Бұл – баланың ісі. Біз бұдан бас тарттық. Келіссөздер тікелей өтуі керек», – деді мемлекеттік хатшы.

Сөз соңында Рубио АҚШ-тың еуропалық одақтастарына Иранға жасалған қысым мен келіссөздерге итермелегені үшін алғыс білдірді. «Енді мәселені бейбіт жолмен шешетін уақыт келді», – деді ол.