Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz танымал видео платформаның қызметі келісімнен кейін қалай өзгеретінін түсіндіреді.
TikTok келісімі жоғары деңгейдегі келіссөздерді жұмсартуға, сауда соғысын тоқтатуға жасалған алғашқы қадам сияқты. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
Келісімге сәйкес TikTok-тың АҚШ-тағы активтері қытайлық ByteDance компаниясынан америкалық компанияларға беріледі. Соңғы бір жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан мәселеге нүкте қойылмақшы.
АҚШ-та 170 миллион қолданушысы бар танымал әлеуметтік желіге қатысты мәміле әлемдік нарықтарға жақсы әсер етуі тиіс. Испанияда болған жоғары деңгейдегі келіссөздер Қытай мен Америка арасындағы сауда соғысын тоқтатуға жасалған алғашқы қадам болмақшы. TikTok келісімі келіссөздерді жұмсартып, сауда соғысын тоқтатуға екіжақтың ынталы екенін көрсетті.
«Бізде TikTok бойынша келісім бар. Оны сатып алғысы келетін өте ірі компаниялар тобы бар», – деді Трамп Ақ үйдегі брифингте егжей-тегжейлі мәлімет бермей. Бұл мәлімдеме қысқа видеоларға арналған қосымшаны сату немесе жабу мерзімі аяқталатын 17 қыркүйекке бір күн қалғанда жасалды.
Ақ үй бұл мерзімді дереу 16 желтоқсанға дейін ұзартып, Қытаймен жасалған келісім туралы қосымша мәлімет беруден бас тартты.
Бұл кідіріс ByteDance компаниясына TikTok-тың америкалық активтерін АҚШ-тағы иелеріне тапсыру туралы келісімді аяқтау үшін тағы 90 күн береді. Күрделі мәмілені толық жабу үшін әлі де көп мәселені шешу керек.Wall Street Journal-дың хабарлауынша, TikTok-тың АҚШ-тағы бөлімшесінің жаңа қожайынының директорлар кеңесінде америкалықтар басым болады. Ал оның бір мүшесін АҚШ үкіметі тағайындайды.
Бұл идея Трамп әкімшілігі қол қойған ұлттық қауіпсіздік туралы алдыңғы келісімге негізделген. Сол келісім жапондық Nippon Steel компаниясына US Steel-ді сатып алуға мүмкіндік берді. АҚШ үкіметі стратегиялық шешімдерді қабылдауға қатысатын «алтын акцияны» иемденеді және директорлар кеңесінің 1 мүшесін тағайындау құқығын алды.
Кез келген келісім республикалықтар бақылауындағы Конгрестің мақұлдауын талап етуі мүмкін. Байден әкімшілігі кезінде 2024 жылы Конгресс TikTok-ты сатуды міндеттейтін заң қабылдады. Себебі қосымшаның америкалық қолданушылардың деректері Қытай үкіметінің қолына түсіп, Бейжіңге америкалықтарды аңдуға немесе қосымша арқылы ықпал ету операцияларын жүргізуге мүмкіндік береді деген қауіп болды.
Сәуірдегі келісім нұсқасына ұқсас жаңа келісім бойынша TikTok-тың қазіргі қожайыны қытайлық ByteDance компанияда 19,9%-дық ірі үлесін сақтап қалады. 80%-дық үлеске иелік ететін консорциумға ByteDance-тың қазіргі акционерлері – Susquehanna International Group (SIG), General Atlantic және KKR (KKR.N), сондай-ақ Andreessen Horowitz секілді жаңа инвесторлар кіреді. Oracle (ORCL.N) да үлес алуы мүмкін, ал Wall Street журналы Silver Lake те инвестиция салуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Жалпы шарттар бұрынғыдай қалуы мүмкін деп күтілгенімен, дереккөздер мәміленің түпкілікті нұсқасы соңғы сәтте өзгеруі мүмкін екенін айтады.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент сейсенбі күні (16 қыркүйек) CNBC арнасына берген сұхбатында коммерциялық шарттар негізінен наурызда келісілгенін, тек бірнеше детальды аяқтау қалғанын айтқан.
«Бұл келісім АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне тиісті кепілдіктерсіз жасалмас еді. Біз Қытайдың мүдделерін де қанағаттандыра алған сияқтымыз», – дейді Бессент.
CNBC мәліметінше, мәміле алдағы 30–45 күн ішінде аяқталуы мүмкін және ол TikTok-тың Қытайдағы бас компаниясы ByteDance-тың қазіргі инвесторларын да, жаңа инвесторларды да қамтиды.
Соңғы мәліметтер Reuters агенттігінің сәуірдегі хабарламасына сәйкес келеді. Ол хабарламада TikTok-тың америкалық операциялары АҚШ-та орналасқан жаңа компанияға беріліп, оның бақылаушы пакеті америкалық инвесторларға тиесілі әрі олардың басқаруында болатыны айтылған еді.
Трамп әкімшілігі 2024 жылы қабылданған заңды қолданудан бас тартты. Себебі TikTok-тың Америкада жабылуы миллиондаған қолданушылардың ашу-ызасын тудырып, саяси коммуникацияны бұзуы мүмкін еді. Оның орнына активтерді сату мерзімі үш рет ұзартылды.
Президент Трамптың өзі өткен жылы қайта сайлануына TikTok-тың көмектескенін айтып, оның жеке аккаунтында 15 миллион жазылушысы бар екенін мәлімдеген болатын. Сондықтан ол өтінімдерді қабылдау мерзімін төрт рет ұзартты. Ақ үй де өткен айда ресми TikTok аккаунтын ашты.Вашингтон TikTok-тың ByteDance компаниясына тиесілі болуы оны Қытай үкіметінің ықпалында қалдырады деп мәлімдеген еді. Фото Bloomberg сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Daybreak
TikTok мәмілесі көктемде дайындалып жатқанда, Қытай тауарларына баж салығын енгізу туралы ақпараттан кейін қытайлық билік бұл келісімді мақұлдамайтынын білдірген. Вашингтон TikTok-тың ByteDance компаниясына тиесілі болуы оны Қытай үкіметінің ықпалында қалдырады деп мәлімдеді.
Алайда компания америкалық шенеуніктердің Қытаймен байланыс туралы ақпаратты бұрмалағанын айтып, контент ұсыну жүйесі мен қолданушы деректерінің АҚШ-та сақталатынын мәлімдеген. Сонымен бірге қолданушы деректері Oracle басқаратын бұлтты серверлерде орналасқанын және америкалық қолданушыларға қатысты контент модерациясына шешімдер де АҚШ-та қабылданатынын ашық жария еткен болатын. Мәміледен кейін де Oracle TikTok-пен бұлтты қызмет көрсету келісімін сақтап қалады. Яғни, Oracle ұлттық қауіпсіздік мәселелерін шешуге де жауапты болмақ.
Дүйсенбі күні (15 қыркүйек) екі елдің ресми өкілдері алдын ала келісімге қол жеткізді. TikTok-ты америкалықтардың бақылауына беруге келіскен Қытай сауда, технологиялық соғысты тоқтатып, өз экономикалық мүддесін сақтап қалуы әбден мүмкін. Ал түпкілікті мәмілені ертең күні (19 қыркүйек) АҚШ президенті Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің телефон арқылы сөйлесуі кезінде растау күтілуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.