Сарапшылар Ереванның түркі әлемінің ықпал аймағына тартылуына қолдау білдірді. Премьер-министр Никол Пашинян түрік әріптесімен бірнеше кездесу өткізіп үлгерді. Содан кейін тарихта тұңғыш рет армян көшбасшысының Ыстанбұлға ресми сапары ұйымдастырылды. Ердоған мырза Пашинянды осман сұлтандарының тарихи резиденциясында – Долмабахче сарайында сән-салтанатпен, құрмет-қошеметпен қарсы алды.
Шынында, бейбіт пен бітімде өмір сүріп, тыныштық, тұрақтылық пен тату көршілікте өркендеу үшін Арменияның түркі әлемімен достасудан, елдесуден және бітісуден басқа амалы жоқ. Географиялық орналасуының өзі одан соны талап етеді. Солтүстігіндегі шағын Грузияны айтпағанда, Армения шығысында – Әзербайжанмен, батысында – Түркиямен, оңтүстік-батысында Әзербайжанның эксклавы – Нахичеван Автономды Республикасымен шектеседі.
Әрине, оңтүстігінде Иранмен ортақ шекарасы бар. Алайда Шығыс Әзербайжан (Остан-э Азербайджан-э Шарки) және Ардебиль аталатын Иран Ислам Республикасының Армениямен жапсарлас өңірлерінде де негізінен түркітілдес халықтар тұрады. Ендеше Жаратқан Ие, тарих тағылымы армяндардан түркі әлемімен жарастықта өмір сүруді талап етеді. Арменияның қазіргі білікті, тәжірибелі көшбасшысы Никол Пашинянның осы ұғымға, ақылға келе алғаны қуантады.
– Бүгінде Түркия – біздің өңірімізде бейбітшілік орната алатын, Баку мен Ереванның жаңа эскалацияға бармауына шынайы ықпал ететін жалғыз күш. Армения басшылығы мұны түсінеді және Анкараға қарай қадам жасауды жалғастырды. Таулы Қарабақ үшін соғыста жеңіліп қалған соң Армения кек сақтамай, Түркиямен қатынастарын қалыпқа келтіру бағдарын таңдады. Бұрын соған жол бермей, арандатумен айналысқан сыртқы күштер кері шегінді, өйткені олар «байтал түгіл бас қайғы» жағдайда, – дейді Оңтүстік Кавказдағы қақтығыстар бойынша сарапшы Олеся Вартанян (Olesya Vartanyan).
Премьер-министр Никол Пашинянның Түркияға алғашқы сапары символдық мәнге ие. Тараптар оның қорытындысында қандай да бір құжаттарға қол қойылуын күтпеді. Бірін-бірі «ата жау» санап келген екі ел арасындағы тұңғыш сапардың өзі құнды, тарихи оқиға. Түрік лидері Реджеп Тайып Ердоғанның шақыруына лып етіп, тез келісе кету, жұмыс кестесіндегі өзге шараларды ысырып, жедел аттану арқылы Пашинян диалогті жалғастыруға дайын екенін паш етті.
О.Вартанянның пайымдауынша, небәрі 3 млн 76,2 мың (2025 жылғы қаңтардағы статистика) тұрғыны бар Арменияға Әзербайжанмен жаңа қарулы қақтығыстың қажеті жоқ. Себебі Ресейден қару жеткізілімі тоқтаған, тіпті РФ әскери контингентінің бір бөлігі Украинаға шығарып әкетілген жағдайда Ереван Бакуден оңбай жеңілуі, біраз территориясынан айырылуы және өңірдегі көлік жүйесіндегі транзиттік басты «күретамырлар» Әзербайжанның қолына көшуі мүмкін.
Халықаралық сарапшылар Ердоғанның Пашинянды Долмабахчеде қабылдауынан рәміздік белгіні байқады: Босфор жағасындағы тарихи сарай Украинадағы қақтығыс бойынша Киев пен Мәскеудің келіссөздерінен бастап, Сирияның жаңа басшылығымен алғашқы байланыс сияқты өңірдегі басты бітімгершілік бастамалар талқыланатын танымал орынға айналды. Мұнда армян лидері өңірдегі Түркияның қарқынды артқан рөліне мойынсұнғанға ұқсайды.
Берлиндік «Карнеги орталығы» сарапшыларының пікірінше, израильдік, батыстық, түркиялық заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен мұздай қаруланған Әзербайжан әскері жаңа тайталастан еш тайынбайды. Оның қорытындысында Баку Әзербайжаннан оның Нахичеван республикасын ажыратқан, сөйтіп елді екіге бөліп жатқан армениялық жерлерді өзіне қосып ала алар еді.
Бұл жоспарды қару күшімен жүзеге асыруға Анкара ғана кедергі бола алады. Түркия екі елдің территориялық дауы қарулы шиеленіс тудырмауы үшін Әзербайжанның аумақтарын қосатын Зангезур дәлізін салып, басқару жөнінде Америкаға ұсыныс жасады. Панама арнасының құрылысынан бері АҚШ бұл тұрғыда мол тәжірибе жинады.
Вашингтон өзіне тарихи, геосаяси және экономикалық дивиденд әкелетін бұл бастаманы құп алған. Осы апта соңында, 24 шілдеде әлемдік ақпарат құралдары Армения, Әзербайжан мен Құрама Штаттар «Трамп көпірі» көлік дәлізін құру жөнінде өзара түсіністік меморандумын бекіткенін жарыса жазды.
Испандық Periodista Digital басылымы тиісті құжатқа сілтеме жасап хабарлағандай, бұл меморандум Арменияның Әзербайжанды екіге бөліп жатқан Сюник облысы арқылы ұзындығы 42 шақырымдық көлік дәлізі жобасын жүзеге асыруды қарастырады. Сөз болып отырған Зангезур коридоры – Әзербайжанның батыс аудандарын оның эксклавы Нахичеван Автономды Республикасымен қосып, жолаушылар мен жүк тасымалын жолға қоятын логистикалық бағыт.
Құжатта көрсетілгендей, бұл аумақ Американың юрисдикциясына көшпейді, Армения бұл өңірдегі егемендігін ары қарай сақтап қалады. АҚШ-тың бітімгершік әскери күштері осы сиыр тіліндей жер телімі үшін екі елдің әскери қақтығысқа бармауын қамтамасыз етуі керек. Жауынгерлерінің басын бәйгеге тігудің Вашингтонға не қажеті бар?
Ақпарат құралдарының мәліметі бойынша көлік дәлізін басқару тиісті лицензияға ие америкалық жеке компанияға беріледі. Сонымен қатар дәлізден өткен-кеткен көліктерден және жолаушылардан жиналатын ақыдан түсетін түсімнің 30%-ы Армения бюджетіне құйылады.
Бұған қоса, меморандум АҚШ күштерінің Армения аумағында орналасуын көздейтін көрінеді. Америкалық компанияның мүдделерін және дәліздің қауіпсіздігін 1 мың жауынгерден тұратын жеке әскери компания қамтамасыз етеді деп жоспарланыпты. Оларға «дәліздің тұтастығын сақтау үшін» күш пен қару қолдану құзыреті берілмек.
2020 жылғы соғыстан жеңімпаз шыққан Баку Ереваннан Сюник облысы арқылы кеңес заманында болған көлік қатынасын қайта қалпына келтіруді батыл талап ете бастады. Бүгінде Әзербайжанның негізгі территориясынан Нахичеванға тұрғындар тек ұшақпен немесе Иран аумағы арқылы ғана бара алады.
Түркияның және Американың араағайындығымен бұл ұзақ жылғы жанжал да бейбіт жолмен шешілетін сыңайлы. Әзербайжан Арменияның аумағындағы Зангезур дәлізімен байланыстырылатын инфрақұрылымның өз жеріндегі бөлігінің құрылысына кірісіп те кетті. Бірақ армян тарапы да, америкалықтар да әзірге дәліздің құрылысын бастаған жоқ. Десек те, іс ілгері жылжығандай.
Премьер Никол Пашинян Баку түсінігіндегідей Зангезур дәлізі болмайтынын, оның орнына «Бейбітшілік қиылысы» аталатын жоба іске асылатынын жариялады. Оның егжей-тегжейі әзірге белгісіз. АҚШ-тың Түркиядағы елшісі Том Баррак Зангезур дәлізін Американың 100 жылға жалға алуға дайын екенін мәлімдеді. Ал армян премьерінің баспасөз хатшысы Назели Багдасарян Арменияның өз жерін үшінші тарапқа беруі тіпті талқыланбайтынын нықтады.
Бірақ Пашинян бұл жобадан мүлдем бас тартпайды, өз мүдделеріне сәйкес келетін нұсқасын іздейді. Армян басылымдарының жазуынша, Ереван бес жыл бұрынғы оқиғаның қайталанғанын қаламайды. 2020 жылғы Таулы Қарабақ үшін соғыста Түркия Әзербайжанның Қарулы күштерін заманауи қаһарлы қарулармен жарақтандырып қана қоймай, бұл қақтығысқа араласудан Мәскеуді тежей алды.
Егер әзербайжан-армян шиеленісіне Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілер араласса, онда Анкара түрік әскерін көмекке жіберуге мәжбүр болатынын қатаң ескерткен. Нәтижесінде, ресейлік бітімгершіл контингент аннексияланған әзербайжандық Таулы Қарабаққа әзербайжан әскерінің ентелей енгенін алыстан бақылаумен шектелді.
«2020 жылдың сол күзгі күндерінде Армения астанасының жанында түріктің әскери ұшақтары мен дрондары самсап ұшып жүрді. Олар Еревандағы шешім қабылдайтын орталықтарды бомбалай ма, жоқ па, бұл туралы армян шенеуніктері бейхабар болды, қатты сасқалақтады. Себебі Түркияның тікелей араласу қаупін төмендету, ең құрыса оның салдарын азайту үшін Анкарамен арада қарапайым байланыс арналары да болмады. Оның бәрі Мәскеу арқылы жүзеге асырылушы еді. Армян билігі тура мағынасында Түркиядан теріс айналып, оны елемейтін бұрынғы саясаттың құрбаны бола жаздады. Содан сабақ алған Ереван енді Анкарамен тікелей байланыс орнатуға барын салады», – дейді сарапшы Олеся Вартанян.
Бұл тұрғыда Пашинянға Арменияның бұрынғы лидерлерінен ауыр мұра қалды. Мәскеуге арқа сүйеген армян дипломатиясы Ереванның Бакумен келіссөздеріне Анкараның араласуы мүмкіндігіне үнемі тосқауыл қоюмен келді. Анонимді түрде армян шенеуніктерінің бірі мойындағандай, мұның ақыры Түркияның толығымен Әзербайжан жағына шығуына соқтырды. Араағайын болғысы келген Анкараға әділдікті қару күшімен қалпына келтіруді мақсат еткен Бакуді қолдаудан басқа амал қалмаған. Сондықтан 2020 жылғы күзгі соғыстан кейін армян билігі Түркиямен қарым-қатынастарды жолға қоюды сыртқы саясатының басымдығы ретінде белгіледі. Оның бұл ниетін Батыс елдері қолдады. Бір жыл өткенде Армения мен Түркияның арнайы өкілдерінің тұңғыш кездесуі өтті. Содан бері Ереван татуласуға қарай тоқтаусыз жылжуға барынша мүдделі екенін әрдайым паш етіп келеді.
Мысалы, 53 537 адамды опат қылып, тағы 107 213 адамды баспанасыз қалдырған Түркиядағы, 2023 жылдың ақпанындағы зұлмат зілзаладан кейін Армения бірінші болып, оған гуманитарлық көмек жіберді. Бір жыл бұрын Армения Анкараның сұрауымен Палестинаның тәуелсіздігін мойындады. Мұның сыртында Пашинян өз еліндегі «қырғи» күштерді «жеріміздің үлкен бөлігі қазіргі Түркия құрамында қалды деп келетін тарихи Армения туралы аңыздан» арылуға, Түркия аумағындағы Арарат тауына аңсай телміруді тоқтатуға үндеп жүр.
Оның орнына Пашинян төл кабинетінің төріне рәміз ретінде Кавказ жотасының тағы бір ірі, сөнген жанартауын – Армения аумағындағы Арагац тауының бейнесін іліп қойды. Бұл да қазіргі армян басшысының көрегендігі, сарабдалдығы болса керек. Әзербайжанның «екпіні мен тепкініне» қарсы тұра алмаған Армения алып Түркиямен жер дауын мүлдем еңсере алмайды. Ереванның басты мақсаты – халықаралық қоғамдастық ресми мойындаған қазіргі шекараларын сақтап қалу.
Енді, міне тараптардың татуласу процесі Долмабахчедегі екі ел лидерінің тарихи кездесуіне дейін көтеріліп отыр. Тағы бір қызықты дерек: кейінгі бірнеше апта бойы армян Үкіметінің басшысы (ел лидері) Никол Пашинян қасына зайыбын ертіп, елді аралап жүр. Соның барысында жұртшылықпен жақын кездескен ол Арменияның бақытты болашағы – көрші елдермен байырғы тайталас тарихынан бас тартуда және олармен серіктестік қатынастар орнатуда екеніне үгіттейді. Жан-жағынан қоршаған түркі әлемімен тату болса, Армения тоқ, тыныш, тұрақты болары сөзсіз.
Айхан ШӘРІП